ЖЕҢІС ПЕН ЖЕТІСТІКТЕР МЕРЕКЕСІ

0

Осыдан тура 27 жыл бұрын, яғни 1991 жылдың 1 желтоқсанында тәуелсіз Қазақстан халқы өзінің Тұңғыш Президентін сайлап, жаңа өмірге қадам басты. Сол себепті бұл күннің халқымыз үшін мәні мен маңызы өте зор. Тіпті 1 желтоқсанды азаттықтың арайлы таңы атқан күн десек те, қателесе қоймаспыз. Сондықтан елдік пен еркіндіктің символы саналатын Тұңғыш Президентіміз сайланған күннің жалпыұлттық мерекеге айналуы заңды құбылыс.

Жалпы қазіргідей жаһанды тұрақсыз­дық­тың жалыны шарпыған шақта өткен­нен өнеге ала отырып, шаттыққа кенелуді үлкен бақыт деп есептеймін. Себебі, бү­гінде мерекелеу тұрмақ, ертеңгі күнге деген үмітінен күдігі басым елдер мен халықтар бар. Осы тұрғыдан келгенде, Елбасының елдік мүдде жолындағы ерлік істерін на­си­хаттап, келер ұрпаққа дәріптеудің берері мол. Өйткені ешбір әсірелеусіз, Мемлекет басшысының елге сіңірген еселі еңбегінің ауқымы өте кең. Оны түсініп, түйсіну үшін егемендігіміздің елең-алаң ша­ғынан, тіпті алғашқы күнінен бастап бүгінге дейінгі жүріп өткен жолымызды ой сүзгісінен бір өткізіп алғанның да артықтығы жоқ.
Қазір біз Қазақстанды қарыштап дамыған, әлемге әмірін жүргізіп отырған алпауыт елдердің өзі санасатын, солармен терезесі тең жағдайда пікірлесіп, сөзін еркін айта алатын, өзінің даму бағыты мен жүрер жолын нақтылап, содан жаңылмай алға қадам басып келе жатқан мемлекет деп ауыз толтырып айтамыз. Ал осындай биікке біз қалай көтерілдік? Бүгінгі дең­гейге жету үшін Қазақстан қандай кедер­гілерді еңсеріп, қандай жолдан өтті?
Ол үшін алдымен Қазақстан тәуелсіз­дігін алған сәтте қандай еді деген сауалға жауап іздеген жөн шығар. Біздің дербес ел атанып, еншімізді алып шыққан кезде еңсемізді тіктеу тұрмақ, іргемізді бекіте­тін­дей де шамамыз болмағаны белгілі. Дәл сол кезде әлем Қазақстанды экономи­ка­сына қан жүгіртіп тұрған күре тамырлардың бәрі шетінен үзіліп, әбден тұралаған, бола­шағы бұлыңғыр, шикізатқа бай бол­ғанымен не жөнді кәсіпорны жоқ, бары­ның өзі қаңырап бос қалған, соның сал­дарынан жұмыссыздық жайлаған ел ретінде таныды. Сөйте тұра, бәрі бізден үрейленіп, үрке қарағаны да жасырын емес. Өйткені ол кезде Қазақстанның қолында Кеңес Одағынан мұра болып қал­ған уын шашқан аждаһадай қабылда­на­тын жаппай қырып-жою қаруы мен ядролық сынақ алаңы бар еді. Халқын әділетті, еркін, зайырлы әрі демократиялық жолмен дамыған, айналасын үркітіп емес, өзінің терең ғылым-білімімен баурап алатын қоғамға жетелеген Елбасы осы қарудан бас тартып, Семей сынақ полигонын жапты. Бұл Мемлекет басшысының бүгінгі жетістік жолындағы ең басты әрі аса маңызды қадамдарының бірі екені сөзсіз.
Мемлекет болғасын оның шекарасы, сол шекараны күзететін айбынды әскері болады. Біз тәуелсіздік алған шақта бұл мәселе, әсіресе шекара дауы ұзақ жылдарға жалғасатын келіссөздер мен кездесулерді қажет етіп тұрды. Өйткені біз көлеңкесінің өзінен әлем ығатын алып мемлекеттер – Ресей мен Қытайдың ортасында орналас­қан елміз. Соған қарамастан Елбасымыз әр істе ақылға салып, парасатпен пайым­дап, ата-бабамыздан мирас болған ұлан-байтақ жерімізді сақтап, аталған екі елмен және оңтүстіктегі көрші мемлекеттермен шекара мәселесін шешіп, шегендеп, іргемізді біржола тас-түйін етіп бекітіп алды. Тіпті талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан Каспий теңізінің құқықтық мәртебесінің реттеліп, арнайы Конвенцияға қол қойылуының өзі Қазақ­стан Президентінің ұйытқысымен жүзеге асырылған іс екені даусыз. Бұны Елбасы­мыздың елдік жолындағы кезекті маңызды қадамы деп қабылдаймыз.
Тағы бір ерекше атап өтуді қажет ететін дүние – Қазақстан халқы ассамблеясы. Әлемде баламасы жоқ бұл институтты бүгінде дүниежүзі мойындайды. Тіпті бүкіл әлемді қамтитын осындай құрылымның қажет екені де талай мәрте айтылды. Өйткені ұлтаралық қақтығыс дәл қазіргі шақта ең өзекті әрі ушыққан дау-дамайдың бірі саналып отыр. Сондықтан Елбасымыз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ бұл мәселені біржақты қылып, елімізде тұратын 130-дан астам ұлт өкілін ортақ мақсатқа ұйыстыратын аталған ассам­блеяны құрды. Сол арқылы бірлік пен берекенің негізін қалап, Қазақстанның бейбітшіліктің алтын бесігі ретінде танылуына жол ашты. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың өрлеу жолындағы тағы бір стратегиялық қадамы болды.
Елбасының дәл осындай аса маңызды бастамалары елімізді алға жетелеп, әлемнің Қазақстанға деген сенімін күшейтті. Бұл өз кезегінде алпауыт мемлекеттер мен ірі компаниялардың біздің елге инвестиция салуына тікелей мұрындық болды. Соның арқасында Қазақстан алға қойған мақсаттарына жүйелі түрде қол жеткізіп, экономикасын ғана емес, саяси және рухани әлеуетін де айтарлықтай арттырды. Нәтижесінде, Елбасы азаттығымыздың символы ғана емес, айбары мен айбыны, ажары мен айнасындай болған әсем де сұлу Астананы салды. Әлемнің ең озық универ­ситеттеріне жас қазақстандықтарды жібе­ріп, сапалы білім алуына жағдай жасады және сондай оқу орындарының өз елімізде де ашылуына мүмкіндік туғызды. Сол сияқ­ты медицина, мәдениет, спорт, өнер­кәсіп, ауыл шаруашылығы, бизнес және тағы басқа да салаларда үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, биік белестерді бағындырдық.
Осылайша, Мемлекет басшысының ерен еңбегінің арқасында Қазақстан әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болып қана қоймай, халықаралық күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерге қатысты пікірін еркін білдіретін, күр­меуі қиын түйткілдердің оңтайлы ше­ші­луіне тікелей ықпал ететін, бәсекеге қабілетті, дамыған елге айналды. Оған Қазақ­станның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына жемісті төрағалық етуі айқын дәлел. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесін, ЕХРО – 2017 халықаралық ма­ман­дандырылған көрмесін, Діндер көш­басшыларының съездерін және қысқы Универсиада ойындарын сәтті өткізуі­міз де Елбасымыздың тәуелсіз­ді­гіміз­дің тұғырын биіктету жолындағы та­бан­дылығы мен қажыр-қайратының жемісі. Мемлекет басшысының бастама­сы­мен Сирия бойынша Астана процесінің өтуі де Қазақстанды бейбітсүйгіштігімен қатар бітімгершілік қырынан да таныта түсті.
Сонымен бірге, бүгінде Қазақстан әлемге қаржы және инновациялық орталық ретінде де танылып келеді. Оған «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Astana Hub стартаптар технопаркінің ашылуы дәлел.
Біз бұл жетістіктерге Елбасы саясаты­ның арқасында небәрі 27 жылдың ішінде қол жеткіздік. Енді алдымызда жаңа мақ­сат­тар мен міндеттер тұр. Оның ең басты­сы – әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу. Елбасы осы жолдағы басым бағыттарымызды да айқындап, Қазақстанның Үшінші жаңғыруын бастап берді. Соның арқасында еліміздің эконо­микалық, саяси, әлеуметтік және рухани жаңғыруы қолға алынып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ұлттық құндылық­тарымызға ерекше мән беріліп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Мұның барлығы бүгінгі жаһандану жағдайындағы жаңа сын-қатерлерге берілген лайықты жауап.
Мінеки, Қазақстан Мемлекет басшы­сының дана саясатымен осындай орасан зор биіктерді бағындырды. Сондықтан Тұңғыш Президент күнін Елбасымыздың мемлекеттігімізді қалыптастырып, тәуел­сіз­дігімізді нығайту жолындағы ерен ең­бе­гіне көрсетілген ерекше құрмет деп қа­был­дауымыз керек. Ал Елбасына құрмет – тәуелсіздігімізге жасалған құрмет.
Сондай-ақ аталған мереке Елбасы саясатының негізіндегі бірлік, тұрақтылық, бәсекеге қабілеттілік сияқты құндылық­тарды дәріптеуге мүмкіндік береді. Сол себепті бұл күнді елдің бірлігін бекітіп, ортақ мақсаттарға ұйыстыратын, халықты Елбасы саясатын жүзеге асыруға жұмылдыратын және тәуелсіздігіміз бен мем­лекеттігімізді нығайта түсетін идеоло­гиялық маңызға ие жалпыұлттық мереке деп айтуға толық негіз бар.
Ендеше, жеңістеріміз бен жетістік­теріміздің жарқын көрінісіндей болған Тұңғыш Президент күні құтты болсын, қазақстандықтар!

Мәулен ӘШІМБАЕВ,
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары