Жеңіс пен жетістіктер мерекесі

0

Жалпы, қазіргідей жаһанды тұ­рақ­сыздықтың жалыны шар­пыған шақта өткеннен өнеге ала отырып, шаттыққа кенелуді үлкен бақыт деп есептеймін. Себебі бүгінде мерекелеу тұрмақ, ертеңгі күнге деген үмітінен күдігі басым елдер мен халықтар бар. Осы тұрғыдан кел­генде, Елбасының елдік мүдде жо­лын­дағы ерлік істерін насихаттап, келер ұр­паққа дәріптеудің берері мол. Өйт­кені ешбір әсірелеусіз, Мем­ле­кет басшысының елге сіңірген еселі еңбегінің ауқымы өте кең. Оны түсі­ніп, түйсіну үшін егемендігіміздің елең-алаң шағынан, тіпті алғашқы күнінен бастап бүгінге дейінгі жүріп өт­кен жолымызды ой сүзгісінен бір өткізіп алғанның да артықтығы жоқ.

Қазір біз Қазақстанды қа­рыштап дамыған, әлемге әмірін жүргізіп отырған алпауыт ел­дердің өзі санасатын, солармен терезесі тең жағдайда пікірлесіп, өз сөзін еркін айта алатын, өзінің даму бағыты мен жүрер жолын нақтылап, содан жаңылмай алға қадам басып келе жатқан мемлекет деп ауыз толтырып айтамыз. Ал осындай биікке біз қалай кө­терілдік? Бүгінгі деңгейге жету үшін Қазақстан қандай кедер­гілерді еңсеріп, қандай жолдан өтті?

Ол үшін алдымен Қазақстан тәуелсіздігін алған сәтте қандай еді деген сауалға жауап іздеген жөн шығар. Біздің дербес ел атанып, еншімізді алып шыққан кезде еңсемізді тіктеу тұрмақ, ірг­емізді бекітетіндей де шамамыз болмағаны белгілі. Дәл сол кезде әлем Қазақстанды эко­номикасына қан жүгіртіп тұр­ған күре тамырлардың бәрі шетінен үзіліп, әбден тұралаған, болашағы бұлыңғыр, шикізатқа бай болғанымен, не жөнді кәсіпорны жоқ, барының өзі қа­ңырап бос қалған, соның салдарынан жұмыссыздық жайлаған ел ретінде таныды. Сөйте тұра, бәрі бізден үрейленіп, үрке қа­р­ағаны да жасырын емес. Өйткені ол кезде Қазақстанның қолында Кеңес Одағынан мұра болып қалған уын шашқан аждаһадай қабылданатын жаппай қырып-жою қаруы мен ядролық сынақ алаңы бар еді. Халқын әділетті, еркін, зайырлы әрі демократиялық жолмен дамыған, айналасын үркітіп емес, өзінің терең ғылым-білімімен баурап алатын қоғамға жетелеген Елбасы осы қарудан бас тартып, Семей сынақ полигонын жапты. Бұл – Мемлекет басшысының бүгінгі жетістік жолындағы ең басты әрі аса маңызды қадамдарының бірі екені сөзсіз.

Мемлекет болған соң оның шекарасы, сол шекараны күзе­те­тін айбынды әскері болады. Біз тәуелсіздік алған шақта бұл мә­­­се­­ле, әсіресе шекара дауы ұзақ жыл­дарға жалғасатын ке­ліс­­сөздер мен кездесулерді қа­жет етіп тұрды. Өйткені біз кө­лең­ке­сінің өзінен әлем ы­ға­тын алып мемлекеттер – Ресей мен Қытайдың ортасында орналасқан елміз. Соған қара­мастан Елбасымыз әр істе ақылға салып, парасатпен пайымдап, ата-бабамыздан мирас болған ұлан-байтақ жерімізді сақтап, аталған екі елмен және оңтүстіктегі көрші мемлекеттермен шекара мәселесін шешіп, шегендеп, іргемізді біржола тас-түйін етіп бекітіп алды. Тіпті талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан Каспий те­ңізінің құқықтық мәртебесінің реттеліп, арнайы Конвенцияға қол қойылуының өзі Қазақстан Президентінің ұйытқысымен жүзеге асырылған іс екені даусыз. Мұны Елбасымыздың елдік жолындағы кезекті маңызды қадамы деп қабылдаймыз.

Тағы бір ерекше атап өтуді қажет ететін дүние – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Әлемде баламасы жоқ бұл институтты бүгінде дүние жүзі мойындайды. Тіпті бүкіл әлемді қамтитын осындай құрылымның қажет екені де талай мәрте айтылды. Өйткені ұлтаралық қақтығыс дәл қазіргі шақта ең өзекті әрі ушыққан дау-дамайдың бірі саналып отыр. Сондықтан Елбасымыз тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жыл­дарында-ақ бұл мә­се­лені біржақты етіп, еліміз­де тұратын 130-дан ас­там ұлт өкілдерін ортақ мақ­сатқа ұйыс­ты­ра­тын аталған Ассамблеяны құрды. Сол арқылы бірлік пен берекенің негізін қалап, Қазақ­стан­ның бейбітшіліктің алтын бесігі ре­тінде та­нылуына жол ашты. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың өрлеу жо­­­лындағы тағы бір стратегиялық қадамы болды.

Елбасының дәл осындай аса маңызды бастамалары елімізді алға жетелеп, әлемнің Қазақстанға деген сенімін күшейтті. Бұл өз кезегінде алпауыт мемлекеттер мен ірі компаниялардың біздің елге инвестиция салуына тікелей мұрындық болды. Соның арқасында Қазақстан алға қойған мақсат­тарына жүйелі түрде қол жеткі­зіп, экономикасын ғана емес, саяси және рухани әлеуетін де айтарлықтай арттырды. Нәти­жесінде Елбасы азаттығымыздың символы ғана емес, айбары мен айбыны, ажары мен айнасындай болған әсем де сұлу Астананы салды. Әлемнің ең озық университеттеріне жас қазақстандықтарды жіберіп, сапалы білім алуына жағдай жасады және сондай оқу орындарының өз елімізде де ашылуына мүмкіндік туғызды. Сол сияқты медицина, мәдениет, спорт, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, бизнес және тағы басқа да салаларда үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, биік белестерді бағындырдық.

Осылайша Мемлекет бас­шы­­сының ерен еңбегінің арқа­сын­да Қазақстан әлемдік қа­уым­дас­тық­тың толыққанды мүшесі болып қана қоймай, халықаралық күн тәртібінде тұрған өзекті мәсе­лелерге қа­тысты өз пікірін еркін біл­ді­­­ре­тін, күр­меуі қиын түйт­­кіл­дердің оңтайлы шешіл­уі­не тікелей ықпал ететін, бәсе­ке­ге қабі­летті, дамыған елге айналды. Оған Қазақстанның Еуропадағы қауіп­сіздік және ын­­­ты­­­­мақ­тастық ұйы­мы мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйы­мы­на же­місті төрағалық етуі ай­­­қын дәлел. Азиядағы өзара ық­­пал­дастық және сенім шаралары кеңесін, ЭКСПО-2017 ха­лықаралық мамандандырылған көрмесін, Діндер көшбас­шы­ларының съездерін және Қысқы Уни­версиада ойындарын сәтті өткізуіміз де Елбасымыздың тәуелсіздігіміздің тұғырын биік­тету жолындағы табан­дылығы мен қажыр-қайратының жемісі. Мемлекет басшысының бастамасымен Сирия бойынша Астана процесінің өтуі де Қазақстанды бейбітсүйгіштігімен қатар бі­тімгершілік қырынан да таныта түсті.

Сонымен бірге бүгінде Қазақ­­­стан әлемге қаржы және ин­но­­­­вациялық орталық ретінде де танылып келеді. Оған «Ас­тана» халықаралық қаржы орта­лығы мен Astana Hub стартаптар технопаркінің ашылуы дәлел.

Біз бұл жетістіктерге Елба­сы саясатының арқасында небәрі 27 жылдың ішінде қол жет­кіз­дік. Енді алдымызда жаңа мақсаттар мен міндеттер тұр. Оның ең бастысы, әлемнің  дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу. Елбасы осы жолдағы басым бағыттарымызды да айқындап, Қазақстанның Үшінші жаңғыруын бас­тап берді. Соның арқасында елі­­міз­­дің экономикалық, сая­си, әлеу­­меттік және рухани жаң­ғыр­­уы қолға алынып, жүйелі жұ­мыстар жүргізілуде. Ұлттық құн­ды­лықтарымызға ерекше мән беріліп, «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы жүзеге асырыла баста­ды. Мұның бар­лығы бүгінгі жа­һандану жағдайындағы жаңа сын-қатерлерге берілген лайықты жауап.

Мінеки, Қазақстан Мемлекет басшысының дана саясатымен осындай орасан зор биіктерді бағындырды. Сондықтан Тұң­ғыш Президент күнін Елбасы­мыздың мемлекеттігімізді қалып­тастырып, тәуелсіздігімізді ны­ғайту жолындағы ерен еңбе­гіне көрсетілген ерекше құрмет деп қабылдауымыз керек. Ал Елбасына құрмет – тәуел­сіз­ді­гі­міз­ге жасалған құрмет.

Сондай-ақ аталған мереке Елбасы саясатының не­гі­­зін­­де­гі бірлік, тұрақтылық, бә­се­­ке­ге қабілеттілік сияқты құнды­лық­тарды дәріптеуге мүмкіндік береді. Сол себепті бұл күнді елдің бірлігін бекітіп, ортақ мақсат­­­тарға ұйыстыратын, ха­лық­ты Елбасы саясатын жүзеге асыруға жұ­мылдыратын және тә­уел­сіздігіміз бен мемле­кет­тігімізді нығайта түсетін идео­­логиялық маңызға ие жалпы­ұлттық мереке деп айтуға толық негіз бар.

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары