Жемқорлықпен күресте табандылық керек | «Айқын» газеті

0

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында негізгі міндеттердің қатарында сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатынын нақтылап өтті. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында да Мемлекет басшысы назар шоғырландырылуы тиіс негізгі 10 міндет қатарында жемқорлық­пен күрес және заңның үстемдігі туралы атап өткен болатын.

Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің не­гізіне нұқсан келтіріп, экономикалық дамуды тежейді. Ол қоғам мен бизнеске аса теріс әсер етіп, жүргізіліп жатқан экономикалық әрі әлеуметтік рефор­маларға кедергі келтіреді.
Заң үстемдігі – экономикалық өсу, әлеуметтік әділдік, қоғам мәдениетінің дамуы мен гүлденуіне қол жеткізу үшін міндетті шарт. Тәуелсіздік алған сәтінен бастап Қазақстан мақсатты түрде кезең-кезеңмен жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың заң­намалық тетіктерін құрып келеді. Бұрынғы Кеңес елдері арасында алғашқылар қата­рында 1998 жылы осы теріс әлеуметтік құбы­лыспен күресудің мақсат-міндеттерін және негізгі принциптері мен тетіктерін айқын­дайтын «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заң қабылданды.
Елімізде сыбайлас жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке төнетін тікелей қатер дә­режесіне дейін көтерілген және оған қарсы күрес жүргізудегі мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіру көзделген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заманға сай заңнамамен қоса, бірқатар бағдар­ламалық құжат қа­былданып, арнайы уәкілетті орган құрылды. Осы саладағы халықаралық ынтымақтастық белсенді түрде жүзеге асырылып келеді.
Әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу бойынша міндеттер аясында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл­дағы азаматтық сектордың рөлін кеңейту мақ­сатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүр­гізіліп отырған саясат қайта жаңғыртылды.
Осыған байланысты Президент Қазақ­станның 2015-2025 жылдарға арнал­ған сыбайлас жемқорлыққа қарсы страте­гиясын бекітті. Ол құжат толықтай іске асқанда елімізде халыққа мемлекеттік қызмет көрсе­тудің сапасы, азаматтардың құқықтық сауаты мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейі де артатын болады.
Жемқорлыққа қарсы іс-қимылда қоғам мен мемлекеттің күш-жігерін біріктіру ерекше маңызға ие. Бұл сыбайлас жемқор­лыққа мүлдем төзбеу мәдениетін қа­лып­тастыру бойынша іргелі құндылықтарды бекіту үшін керек.
2015 жылы Финляндия, Ұлыбритания, Норвегия, АҚШ, Бельгия, Франция, Герма­ния және т.б елдердің тәжірибесі негізінде әзір­ленген «Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның жаңа редакциясы қабылданды. Алдыңғы заңға қарағанда оның негізгі айыр­ма­шылығы мен басымды­ғы – сы­байлас жем­қорлықтың алдын алу және жем­қор­лық салдарымен күресу емес, оның болу себептері мен шарттарын жою. Ол заң – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл стратегиясын, «100 нақ­ты қадам» Ұлт жос­пары, Бес институттық реформаны жүзеге асыру, «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарла­масын іске асырудың маңызды түрткісі.
Осыған байланысты жемқорлықтың алдын алу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатын іске асыруға, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұл­ғалардың қызметіндегі жемқорлық қатер­лерін табу және оларды барынша төмен­детуге, осы бағытта жүргізілетін жұмыс­тар­ды кеңінен жариялауға және қазақ­стан­­дықтар арасында сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы мәдениет қалыптастыруға ба­ғытталған іс-шаралар басым болып белгіленген.
Мемлекет басшысы 2008 жылғы Жолда­уында заңдылықты ұстап тұрудағы басым бағыт – жазалаушы іс-әрекет емес, құқық­бұзушылықтарды абайлату мен олардың алдын алу деп атап өткен. Сол кезде Қа­зақстанның мемле­кеттік, өзін-өзі басқару органдары, ұйым­дары мен аза­маттарының құқықбұзу­шылықтардың алдын алу жөніндегі қыз­метінің құқықтық, эко­номикалық, әлеу­меттік және ұйымдас­тыру негіздерін белгілейтін «Құқық­бұзу­шы­лық­тардың алдын алу туралы» заң қабылданған.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда мемлекеттік және жеке сек­торда сыбайлас жемқорлыққа түрткі болатын себептер мен жағдайларды жою үшін алғаш­қы рет жаңа тетіктер енгізілді. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, жемқорлық қатер­леріне талдау жасау, сыбайлас жемқор­лыққа қарсы мәдениет тәрбиелеу және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша Ұлттық баяндама қалыптастыру және оны жариялау.
Меніңше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – құқық қорғау немесе арнайы мемлекеттік органдардың ғана ісі емес, еліміздің әр азаматының міндеті.
Сыбайлас жемқорлық мәселесі жем­қорлық деңгейін төмендету бойынша елеулі жұмыстар атқарып отырған «Нұр Отан» партиясының да үлкен алаңдату­шылығын туғызады.
2013 жылғы 18 қазанда өткен «Нұр Отан» партиясының XV съезінде партия Төрағасы, Президент Нұрсұлтан Назар­баев: «Саяси көшбасшылықтың қағидатты мәселесі – жемқорлыққа қарсы бітіспес стратегиямыз. Партия нұротандықтардың азаматтық ар-ұжданының табанды сақшысы болуы керек. Адамдар жергілікті жерлерде жемқор­ларды түстеп таниды. Ал бұл – оларды қатар­дағы нұротандықтар да біледі деген сөз. Олар бірінші болып дабыл қағып, жемқорларды әшкерелеуі керек. Партия мен құқық қорғау құрылым­да­рының міндеті – жемқорлықпен күресу­шілерді қорғап, оларға көмектесу. Мемле­кеттік қазынаның бір теңгесі де қа­раусыз қалмауы тиіс. Тек сонда ғана қазынаға қол салумен күрес табысты болмақ!», – деген болатын.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізу – партияның Сайлауалды тұғырна­масының да маңызды тұстарының бірі. Онда бұл теріс құбылысты қоғам ішін­де ымырасыз қабылдамауды қалып­тастыру бекітілген.
Сөйтіп, 2014 жылы мемлекеттің ғана емес қоғам жағынан да жемқорлықпен кү­рестегі жаңа жүйелі, ұзақмерзімді шара­ларын әзірлеу мақсатында партияның 2015-2025 жылдарға арналған бағдар­ламасы қабылданды.
Бағдарлама сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, білім беру және тәрбие қалыптастыруға, оның туындау алғы­шарттарын төмендетуге, мемлекеттік бас­қару органдарының, квазимемлекеттік сектор мен монополия субъектілерінің қызметін партия мен қоғам тарапынан бақылауды күшейтуге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңна­маны одан ары жетілдіруге бағытталған.
Құжатта жемқорлыққа қатысы бар тұлғаларды шеніне қарамай жауапкер­шілікке тарту, жалпы аталған проблема­ларды ашық талқылаудың негізгі міндет­тері белгіленген.
Оны іске асырудың жол картасына сәйкес партия Саяси кеңесі бюросының бірқатар ұсынымдары әзірленді. Солардың ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа бөлінетін қаржының жалпы көлемінің 5 пайызынан кем емес бөлігі – сыбайлас жем­қорлыққа қарсы мәдениет қалыптас­ты­руды көздейтін жобаларға бөлу ұсынылған.
Өкінішке қарай, жергілікті атқару орган­дарының осы ұсынымды орындауы ойда­ғыдай болмай тұр. Атап айтқанда, 2016 жылы мемлекеттік әлеуметтік тап­сырысты іске асыруға 7,7 млрд теңге қа­растырылса, оның ішінде сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыбына небәрі 49 млн немесе жалпы соманың 0,6 пайызы ғана бөлінген. 2017 жылы да бұл көрсеткіш 0,6 пайыз немесе аталған тапсырысқа бөлінген 10 миллиардтан 64,9 млн теңгені ғана құрады.
Осылайша, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 18 және 22-баптарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде бар­лық мемлекеттік органдар, ұйымдар, ква­зимемлекеттік сектор субъектілері мен ла­уазымды адамдар жүргізуге міндетті деген талаптары толықтай іске асырылмай отыр.
«Нұр Отан» партиясы республикалық, аймақтық және аумақтық сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қо­ғамдық кеңестерінің шеңберінде қо­ғам­дық бақылауын айтарлықтай кеңейткен.
Еліміздің алдында тұрған стратегиялық мақсаттарға жемқорлықпен және жалпы қылмыстармен жалпыұлттық ымырасыз күресу арқылы қол жеткізу мүмкін. Бұл іс-қимылда құқықбұзушылықтардың алдын алу ерекше маңызға ие болуы тиіс. Осыған байланысты 2017 жылы Мемлекет басшысы­ның тапсырмаларын, сондай-ақ 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдар­ламасын орындау мақсатында «Нұр Отан» партиясы мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өзара ынтымақтастығы туралы жол картасына қол қойылды. Оған сәйкес бірлескен жұмыс­тардың басым бағыттары болып орталық және аумақтық деңгейде білім беру мекеме­леріндегі, тұр­ғын үй қатынастары, денсаулық сақтау, әлеу­меттік қорғау саласындағы сы­байлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимылдар белгіленді.
Осылайша, «Нұр Отан» партиясы рес­публикалық және аумақтық сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес­тері арқылы бірлесіп жұмыс жүргізуге ашық екенін жариялады. Өткен жылы партия құ­қық қорғау органдарымен, «Атамекен» ҰКП, азаматтық альянс және басқалармен бірге сыбайлас жемқор­лық­тың шығу се­бептері мен жағдайларын жою бойынша үш мыңнан астам ұсыным дайындап, 9 заңға түзету ен­гі­зіп, 42 заңға тәуелді актіге бас­тамашы болған.
«Нұр Отан» партиясы берілген ұсы­нымдардың орындалуын қатаң бақы­лауында ұстап, жүргізілген мониторинг нәтижелерін отырыстарында жоспарлы түрде қарап отыратынын айтқан жөн.
Мемлекеттік қызмет істері және сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми ақпараты бойынша 2017 жылы 1835 сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық тіркелген. Ол 2016 жылға қарағанда 18 па­йызға төмен екен. Бұның себебі – назардың ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстарға және жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілерін анық­тауға қарай ауысумен байланысты. Уақ­тылы жедел іздестіру іс-шараларын жүзеге асыру нәтижесінде жүйелі сыбайлас жем­қорлықтың 108 фактісінің жолы кесіліп, олар бойынша 320 адам қылмыстық жауапқа тартылды.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстардың неғұрлым тараған түрлеріне пара алу, ұр­лық және лауазымды тұлғалардың өкілеттікте­рін теріс пайдалану жатады. Өткен жылы Қазақстан Transparency International сыбайлас жемқорлықты қа­былдау индексі халықаралық рейтингінде 31 балмен 122-орынға ие болды. Ал 2016 жылы 29 бал­мен 131-орында болатын. Бал санының 30-дан асуы әлемдегі сыбайлас жемқорлық кең тараған елдер қатарынан шығуға мүмкіндік берді. Осы ретте сарапшылардың айтуынша, рейтинг өсуіне оң әсерін сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік билік қызметінің тазалығы мен есептілігін қам­тамасыз ету салаларындағы кеңауқымды заңнамалық бастамалар болған. Соның ішінде халыққа мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдірудегі жүргізіліп жатқан жұмыстар аталған.
Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған жолдауында Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш: «Сыбайлас жемқорлық барлық елде – бай немесе кедей, солтүстік және оңтүстік елдерінің бәрінде кездеседі. Ол – БҰҰ құндылықтары мен мінсіздігіне қол сұғушылық. Халықты мектепсіз, ауруханасыз қалдырып, инвесторларды үркітіп табиғи ресурстарды талан-таражға салады. Құқық үстемдігіне нұқсан келтіреді және басқа да қылмыстар жасауға себепші болады», – деген еді. Оның айтуынша, салық төлеуден жалтару, ақшаны жылыстату және басқа да қаржылық алаяқтықтар тұрақты дамудың мақсаттарына қол жеткізу бойынша күш-жігерге нұқсан келтіреді.
Бүкіләлемдік экономикалық фо­румның мәліметтері бойынша сыбайлас жемқор­лықпен байланысты жыл сайынғы шығын мөлшері 2,6 триллион доллар немесе әлемдік жалпы ішкі өнімнің 5 пайызын құрайды екен. Осы тұста Бас хатшы барлық елді сыбайлас жемқор­лықпен күресте бірігуге шақырған.
Сыбайлас жемқорлықты қабылда­майтын ортаны қалыптастыру – жем­қорлықтың ал­дын алу саласында, соның ішінде жастармен жұмыс істейтін жоғары санатты мамандардың болуымен байла­нысты. Алда қойылған жос­парларды сәтті іске асыру – мемлекеттік құ­ры­лымдар мен азаматтық қоғамның өзара ти­імді іс-қимылы жағдайында мүмкін болады.
Жалпы, Қазақстанның Қылмыстық, Әкімшілік кодекстерінде «Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Мем­лекеттік қызмет туралы», «Ақпаратқа жол жеткізу туралы» және басқа да заң­намалық актілерінде қарастырылған сы­байлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері посткеңестік кеңіс­тіктегі елдер үшін модельді болды деуге болады.
Сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл шараларын күшейту қа­жеттігі қолданыстағы заңнаманы әрі қарай жетілдіретін өзгерістер мен толық­тырулар енгізуді талап ететіні де күмән келтірмейді.
Ол жөнінде Мемлекет басшысы би­ылғы жолдауында атап өтіп, бірқатар тапсырма берген.
Елбасы сыбайлас жемқорлық көрі­ністерінің жағдайын төмендету бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындарымен тікелей қарым-қатынасын азайтуға қол жет­кізу, жер қатынастары мен құрылыс сала­сындағы бюрократтық рә­сімдерді жою, жұрт­тың және бизнес қо­ғамдастығының нара­зылығын туғызатын басқа да бағыттар бойынша тиісті реттеу жұмыстарын жүргізу керегіне, 2020 жылы көрсетілетін мем­лекеттік қыз­меттердің кемінде 90 пайызын электронды форматқа көшіру және қарама­ғындағы қызметкерлер сыбайлас жемқор­лыққа қатысты құқықбұзушылық жасаған жағ­дайда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту мәселесін пы­сықтау қажеттігіне тоқталған.
Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» пар­тиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың осы тапсырмалары заңнамалық қызметте, соның ішінде бір топ депутаттар баста­машы болған «Қазақстан Республи­касының кейбір заң­намалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мә­селелері бойынша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» заңның жобасын пы­сық­тау кезінде міндетті түрде ескерілетіні сөзсіз.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы табан­ды күрес жалғастырылуы тиіс.

Жанат ЖАРАСОВ,
Мәжіліс депутаты,
«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі

Дереккөз: Айқын