Жемқорлық жайлы хабарлағандар 10 миллион теңге сыйақы ала алады
Қысқа сілтеме алу
Жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев қазір үкіметтің тиісті қаулысын әзірлеп жатырмыз дейді
НҰР-СҰЛТАН, 31 қазан – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі енді жемқорлық туралы хабарлаған азаматтар көбірек ынталандырылатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Агенттіктің алқа мәжілісінде таратылған мәліметке сәйкес, бүгінде сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабар берген адамдарды ынталандыру тетігі бар. Алдағы уақытта оны дифференциалды жүйеге ауыстыру жоспарланып отыр. Сыйақының мөлшері параның көлеміне қарай анықталады. Мәселен, 2 миллион теңгенің парасы туралы хабар берілсе, осы соманың 10 процентін сыйақы ретінде беру ұсынылды. Ал сыйақының шекті мөлшері 10 миллион теңге болады.
Агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың айтуынша, бұл жүйені енгізу үшін үкіметтің арнайы қаулысы қажет.
«Біз сыйақы берудің дифференциалды жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін қазір тиісті үкімет қаулысын әзірлеп жатырмыз», — деп атап өтті Шпекбаев.
Оның мәліметінше, соңғы бес жылда жемқорлық үшін жауапқа тартылған адамдардың басым бөлігі — 75 проценті мемлекеттік қызметте орташа және төменгі лауазымда жұмыс істейтіндер. Бұл маңызды бір мәселенің көрінісі болса керек. Бүгінде осы топтағы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы төмен. Сол себепті олар пара алып, жемқорлыққа әуестенеді. Дамыған мемлекеттер бұл мәселені жалақыны көтеру жолымен шешкен.
«Осы орайда халық арасында тарап кеткен «басшылар параны ашкөздіктен, ал қарапайым мамандар қажеттілік пен басқа жол болмағаннан алады» деген сөзбен келісуге болады», — дейді Алик Шпекбаев.
sputniknews.kz