Жемқорлық туралы хабарлағандарға қанша ақша төленеді
Қысқа сілтеме алу
Болашақта парақорды ұстауға көмектескен қазақстандықтарға 10 миллион теңге сыйақы беру жоспарланып отыр, қазір тиісті құжат мемлекеттік органдармен келісілуде
НҰР-СҰЛТАН, 19 қаңтар – Sputnik. Бүгінде жемқорлық туралы хабарлаған азаматтарға қылмыстың ауырлығына қарай белгілі бір мөлшерде сыйақы беріледі. Мәселен, былтыр 1424 нөміріне қоңырау шалған 214 қазақстандыққа 31 миллион теңге төленген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бегайдаров Call-орталықтың жұмысы мен жемқорларды қолға түсіруге атсалысқандарды ынталандыру тетігі туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Аты-жөнін айтпайтындар сыйақысыз қалады
Бегайдаровтың айтуынша, қазір агенттік тек өз жұмысымен шектелмей, қылмысты ашу кезінде белсенді азаматтардың көмегіне де сүйенеді. Бұл өте маңызды. Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Call-орталығы да осы мақсатпен ашылған. Нөмірі – 1424.
«Call-орталыққа әртүрлі шағымдар, ұсыныстар мен пікірлер түседі. Операторлар сыбайлас жемқорлық фактілері, оның ішінде жасалған немесе дайындалып жатқан заң бұзушылықтар жайлы, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру жағдайлары туралы хабарламаларға тәулік бойы ден қояды», — деді ол.
Тағы оқыңыз: Алматыда инспекторлардың жол үстінде ұсталған сәті видеоға түсірілді
Мәселен, Түркістан облысының азаматы хабарласып, өзінен бәз біреулердің пара талап етіп жатқанын мәлімдейді. Агенттік Call-орталыққа түскен хабарламаны сол облыстағы қызметкерлерге жолдайды. Кейін агенттіктің Түркістан облысындағы қызметкерлері әлгі кісімен кездесіп, қажетті ақпаратты алады. Оның арыз-шағымын қабылдап, реестрге тіркейді. Содан соң қылмыстық іс қозғалады. Іс тергеліп, әрі қарай сотқа жолданады.
«Сот үкімі шыққаннан кейін, парақорлық туралы хабарлаған азаматқа қылмыстың ауырлығына қарай белгілі бір мөлшерде сыйақы төленеді. Егер Call-орталыққа қоңырау шалған адам аты-жөнін айтпаса, ақша төленбейді», — деді аға тергеуші.
Осы ретте Бегайдаров жемқорларды ұстауға көмектескендерге төленетін сыйақыны нақтылады:
- сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы әкімшілік істер бойынша – 30 АЕК немесе 79 530 теңге;
- жеңіл санаттағы қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК немесе 106 040 теңге;
- ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша – 50 АЕК немесе 132 550 теңге;
- ауыр санаттағы қылмыстық істер бойынша – 70 АЕК немесе 185 570 теңге;
- аса ауыр санаттағы қылмыстық істер бойынша – 100 АЕК немесе 265 100 теңге.
«Өткен жылдың он екі айында 214 қазақстандық сыйақы алды. Олар хабарлаған жемқорлық фактілері дәлелденіп, 31 811 080 теңге ақша төленді», — деді Бегайдаров.
Жемқорлық туралы хабарлағандардың ең көбі Түркістан облысы, Шымкент және Алматы облысынан екен. Ең аз қоңырау Солтүстік Қазақстан облысынан түсіпті.
Ақшалай сыйақымен қоса, белсенді азаматтарға марапаттау қағазы да беріледі.
«Негізінен жылдан-жылға орталыққа түсетін хабарламалар көбейіп келеді. Бұл азаматтардың өз жауапкершілігін сезініп, жемқорлықпен күреске немқұрайлы қарамайтынын көрсетеді», — дейді департамент тергеушісі.
Айтуынша, пара алатындардың дені – ішкі істер органдарының қызметкерлері. Бегайдаров мұны жалақының төмендігімен байланыстырып отыр.
Қазақстандықтар 10 млн теңге сыйақы алуы мүмкін
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік жемқорлық туралы хабар берген азаматтарды көбірек ынталандыруды көздеп отыр. Бұл бағыттағы жұмыс басталып та кеткен.
Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтанда депутат ұсталды
Атап айтсақ, агенттік халықаралық тәжірибені ескере отырып, қазақстандықтарды көтермелеудің сараланған жүйесін енгізбек.
«Пара немесе шығын сомасы 2,5 миллион теңгеден асатын қылмыстар бойынша жемқорлық туралы хабарлаған азаматқа сот үкімімен белгіленген пара немесе келтірілген залал сомасының 10%-ін төлеу ұсынылып отыр. Бірақ сыйақының шекті деңгейі 10 миллион теңгеден аспайды», — деп түсіндірді Бегайдаров.
Мәселен, жемқордың 3 миллион теңге пара алғаны дәлелденсе, осы қылмыс туралы агенттікке хабар берген адамға параның 10 проценті, яғни 300 000 теңгесі төленеді.
«Бұл қазақстандықтардың белсенділігін арттыру мақсатында жасалып отыр. Қазір бұл бастама бүкіл мемлекеттік органдармен келісілуде», — деді ол.
Сонымен қатар, жемқорлық туралы хабар берген азаматтардың құқығын қорғау мәселесі де агенттіктің назарында.
sputniknews.kz