Желтоқсаншылар жиын өтуі тиіс қонақүйге кіргізбей жатқанын айтады

0

22 маусымда Алматыда таңертеңгі сағат 10:00-да басталады делінген Желтоқсандықтардың жалпы құрылтайы өтпей қалды. «Желтоқcан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қалалық бөлімшесінің төрағасы Нұрлан Базулов Азаттық тілшісіне ақшасы алдын ала төленіп қойған Алматыдағы қонақ үйге желтоқсаншыларды кіргізбей жатқанын айтты.

— Ақшасын төлеп қойғанбыз. Жаңа балалар барса, кіргізбей жатыр дейді. Енді қазір қонақ үй маңын арнайы жасақ сарбаздары қоршап алғаны белгілі болды, — дейді ол Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, Желтоқсандықтардың жалпы құрылтайына қатысу үшін елдегі Желтоқсан оқиғасына байланысты құрылған барлық 9 қоғамдық ұйым, үш қор өкілдері келген. Онда өте маңызды мәселелер талқылануы тиіс болған.

— Өткен сайлау, жастардың алаңға шығуы мәселесі. Бұған қоса, 33 жыл бойы желтоқсаншыларды неге көзге ілмеді? Қытайға жер беру, Қытай несиесіне неге мұқтаж болып қалдық, мемлекеттің қарызы неге көп? деген сияқты түрлі мәселер қозғалуы тиіс еді, — дейді Нұрлан Базулов.

Азаттық тілшісі жиын өтуі тиіс болған Алматыдағы Қажымұқан — Меңдіқұлов көшесі қиылысындағы қонақ үйге хабарласып көрген еді. Қабылдау бөлмесінде отырған аты-жөнін айтпаған қызметкер «су құбырының жарылуына байланысты мұнда жоспарланған желтоқсаншылар құрылтайы өтпейтінін» айтты. Оның айтуынша, құбыр кеше, 21 маусымда жарылған. «Ұйымдастырушыларға айтылды ма?» деген сұраққа ол «ол жағын білмейміз, алдын ала ақшасы төленген, бірақ ақшасы қайтарылып берілді» деп жауап берді.

Ал желтоқсаншылар өзге орынды іздестіру жағын қарастырып жатқанын айтты.

Azattyq