Желтоқсаншылар Сәбира Мұхамеджанованы еске алды

0

Осы айдың 09-10 жұлдызында Республиканың төрт бұрышының желтоқсандық қаһармандары, Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай және Зайсан аудандарында болып, Шығыстың шынарына айналған, өз өлімімен өзгелерге өмір сыйлаған батыр қызымыз — желтоқсандық Сәбира Есімбекқызы Мухаметжанованың рухын ұлықтап қайттық. Аталған шараға арнайы киелі Түрістаннан, Әулие ата атанған Тараздан, шырайлы Шымкенттен, өндірісі өрге тартқан Павлодардан, арайлы Алматыдан, әсем қала Астанадан, өзіміздің Өскеменнен және ШҚО Күршім, Тарбағатай аудандарынан келген желтоқсандық қонақтар қатысты.

Аталған іс-шараның өткізілуіне бастама жасаған ШҚО «JELT0QSAN 86» қоғамдық бірлестігі болса оны қолдаған Зайсан аудандық әкімдігі және жергілікті кәсіпкерлеріміз: Айзат Сыйырбаев, Серік Сыбанқұлов, Мамыр Мықиянова, Қайрат Әміренов, Аэлита Абышева, Әлібек Мұқашев, Өміржан Шақаев, Қанат Омаров, Болат Бұйранов, Бақытжан Слямов, Баян Адильбаева, Серік Марқабаев, Нұрлыбек Терлікбаев, Бақыт Қалибаевалар болды. Аталған ұлтжанды жерлестеріміз атқарылмақ шараның мазмұндық сипаты мен өзектілігін түсіне отырып, өздерінің көмек қолдарын аянбай созды. Әсіресе Бақыт Қалибаева өзі де желтоқсан көтерілісінің қатысушысы бола тұра Алматыдан Бейсенбай батырымыз бастап келген желтоқсандық қонақтарымыздың кеудесінен қақпай, құшағын айқара ашып қарсы алып, өзінің мәрттігі мен мәдени ұлағаттылығын ерекше паш етті. Біз өзіміздің елден шыққан осы есімдері аталған патша пейілді жерлестерімізге шексіз алғысымызды білдіреміз.

Іс-шара жерлесіміз Сәбираның туған ауылы Тарбағатай ауданы Ақмектеп ауылында батыр қызымыздың мәңгілік мекеніне барып, басына тағзым етумен басталды. Сонымен қатар бізбен бірге Сәбира қызымыздың отбасынан бүгінде жалғыз қалған ағасы Мұратай (шын есімі – Мұратхан) да болды. Осыдан кейін Тарбағатай ауданы азаматтарының бастамасымен батыр қызымыз Сәбираның және марқұмның өмірден озған бүкіл отбасына бағышталып мешітте құран оқылып, ас берілді.

Тарбағатай өңіріндегі іс-шаралар Ақмектеп ауылындағы Сәбира оқыған мектепте батыр қызымыздың өміріне арналған «Дара жол» бағдарламасымен аяқталды. Аталған бағдарламаның аясында мектеп оқушылары мен ұстаздары патриоттық бағдарда дайындалған өнерлерімен бөлісіп, Желтоқсан көтерілісінің өзекті мәселелері талқыланды. Бұл аталған тарихи сәттердің барлығы фото-бейне материалдармен құндақталып, мектеп мұрағатында сақталуға қалтырылды.

Келесі күнгі бағдарлама Зайсан ауданы Зайсан қаласында орналасқан желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Шараға алыстан келген қонақтармен қоса Зайсан қаласының Гагарин орта мектебінің оқушылары мен ұстаздары және аудан әкімінің орынбасары Ринат Әденбекұлы Тауасаров мырза қатысты. Алғашқы болып шараның салтанатты ашылуын ұйымдастырған ШҚО «JELT0QSAN 86» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Рамазанов мырза сөз алып, ұлттық ән ұран орындалды. Барлығымыз ұлт қаһарманының ескерткішіне гүл шоқтарын қойдық. Батырдың рухына арналып жалынды сөздер сөйленіп, өлеңдер оқылды.

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына», демекші қонақтардың келуі қала күні мерекесімен, гүл мерекесімен және мерейлі отбасыларын марапаттау сияқты жергілікті әкімшіліктің ұйымдастыруымен өткен әлеуметтік-мәдени-танымдық іс-шаралармен үндесіп келді. Жан-жақтан келген желтоқсандықтар осы танымдық шараға да қатысып, кішкентай бүлдіршіндеріміздің және олардың қамқоршыларының қолынан шыққан небір тамаша қолөнер бұйымдарын тамашалап қайттық. Мерейлі отбасы мүшелерімен фотаға түсіп, тарихи ескерткіш қалтырдық.

Осыдан кейін шарамыз Сәбира Мұхаметжанованың есімі берілген көшенің салтанатты ашылуымен жалғасты. Шараны жас ақын Қуантай Қуанарұлы өзінің арнауымен ашып жүргізішілерге кезегін берді.

Зайсан қаласының жаңа мөлтек ауданынан берілген көшенің құрылысы енді жанданып келеді екен. Сонымен қатар дәл осы көшенің бойында қаланың бас жоспарына сәйкес жаңа білім ошағы-мектеп салыну жоспарланған екен. Бұл мәлімет те бізді ерекше қуантып тастады. Себебі көше атауын дәл осы жерден берудің өзі жергілікті билік басында отырған азаматтардың стратегиялық ойлау және патриоттық тәрбиені ерекше қолға алу үрдісін қалыптастыру жолындағы ұлтжанды тұлға екендігін айғақтап тұрды.

Бұл шараға сонымен қатар Тарбағатай аудан әкімінің орынбасары Дархан Аманкелдіұлы келіп, көше тұрғындары мен желтоқсандықтарды құттықтап, аудан әкімі атынан желтоқсандықтарға сый-сыяпатын көрсетті. Сонымен қатар шараға көше тұрғындары шашу шашып, қала жастары өнерін көрсетті, ұлттық дәстүрде арнау айтылды. Көшенің салтаннты түрде ашылуы лента қыйумен жалғасты.

Түс кезінде қаладағы «Зарина» мейрамханасында тағы да Сәбира қызымыздың өзіне, оның отбасы мүшелеріне және Зайсандық жерлесіміз желтоқсан батыры – Ербол Ахтановтың аруақтарына бағышталып құран оқылып, ас берілді. Ас үстінде Зайсан ауданының дүлділ ақыны Қазбек Сейлханов Сәбира марқұмның рухына арналған арнауын орындап сөз кезегін алыстан келген қонақтарымызға ұсынды. Қонақтар да естеліктерімен бөлісіп, желтоқсан көтерілісінің қайғыға толы қасіреті туралы баяндап, ұлт басына келген нәубеттің ауыртпалықтары туралы ойларын тарқатты. Әсіресе осы мейрамхананың иегері, желтоқсан көтерілісінің қатысушысы, қызыл империяның қанға бөккен саясатымен бетпе-бет айқасқан Баян Адильбаеваның әңгімесі аста отырғандардың барлығын дерлік жылатты десек те болады. Сол кездегі қаршадай қыздың қызыл алпауытпен күресі кімді де болса күйзелтетін дәрежеде еді.

Астан кейін барлығымыз аудандық мәдениет үйінің үлкен залында бас қостық. Бұл жерде «Желтоқсан жаңғырығы – жүрегімнің жарасы» тақырыбында конференция өтті. Шараға қонақтарымызбен қатар оқушылар мен колледж студенттері, аудандық мәдениет бөлімінің қызметкерлері, «Достық» редакциясының журналистері, қала тұрғындары және аудандық әкімшілік қызметкерлері қатысты.

Конференцияда төрт баяндама жасалды. Модератор – Әлібек Алмабаев, желтоқсан қатысушысы, «Алаш-Орда» саяси партиясының хатшысы, филолог және кәсіби заңгер, Астана қаласынан.

  1. Қуандық Ермұханбет Әбдікерімұлы (желтоқсан қатысушысы, желтоқсан қасіретін зерттеген мемлекеттік комисияның мүшесі, тарихшы-қаламгер, кәсіпкер, Шымкент қаласынан) – Желтоқсан көтерілісі және Сәбира Мухаметжанова.
  2. Зейнулина Айман Файзоллқызы, желтоқсан қатысушысы, филология ғылымының кандидаты, С.Торайғыров университетінің профессоры, «Құрмет» орденінің иегері, Павлодар қаласынан) – Желтоқсан рухы – Ұлттық болмыс пен руханияттылық қуаты.
  3. Қайранбеков Бауыржан Оқташұлы, желтоқсан қатысушысы, экономика ғылымының кандидаты, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық университетінің профессоры, Астана қаласынан) – Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ұлтжанды тұлғалардың бүгінгі жастар тәрбиесінде алатын орны.
  4. Қуаныш Тілеуханұлы Қабидолдин, тарих бағытындағы педагогика ғылымының магистрі, С.Мухаметжанованың өмір-тарихын зерттеуші, шебер ұстаз, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылынан) – 1986 жылы Өскемен қаласындағы желтоқсан оқиғасының құрбаны Сәбира Мұхаметжанова өмірінің ақтаңдақтары.

Жарыс сөзге қатысқандар:

  1. Талғат Айтбаев – жазушы, желтоқсан қасіреті туралы 15 томдық энциклопедияның авторы, Желтоқсан ардагерлер ұйымының мүшесі, Алматы қаласынан.
  2. Сәбит Исабеков, республикалық халықтық-отаншылдық қозғалысының Түркістан және Шымкент қалалары бойынша уәкілетті өкілі, Шымкент қаласынан.
  3. Құрманғазы Рахметов, желтоқсан қатысушысы, 11 сынып тарих оқулығына енген тарихи тұлға, Сюцай ғылымының профессоры, «Нағыз желтоқсан» қоғамдық қорының президенті, Астана қаласынан.
  4. Исмайыл Хаджымұрадов, белсенді желтоқсан ардагері, Тараз қаласынан.
  5. Талғат Кеншинбеков, Жамбыл облысы Тараз қаласының «Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары, Тараз қаласынан.
  6. Бақтығали Таубай, желтоқсан көтерілісінің ардагері, Талғар қаласындағы қоғамдық бірлестік төрағасы, Алматы қаласынан.
  7. Төлеген Қалимажан, қоғам қайраткері, ұлт және тіл жанашыры, аудан және облыстың экс депутаты, Ақжар спорт мектебінің директоры, Ақжар ауылынан.
  8. Қарақат Дүйсебаева, Зайсан қаласы, Гагарин орта мектебінің 10-сынып оқушысы.
  9. Ринат Тауасаров, Зайсан аудан әкімінің орынбасары.

«Желтоқсан жаңғырығы – жүрегімнің жарасы» тақырыбындағы конференцияда қабылданған резолюция:

  1. Желтоқсан-86 көтерілісінің тарихын зерттеу, ұлықтау, насихаттау жұмыстарының стратегиялық жоспарын жасау.
  2. Республика аймақтарындағы Желтоқсан-86 қоғамдық бірлестіктерінің жұмыс жоспарының мазмұнын кеңейту. Желтоқсан көтерілісін патриоттық тәрбиеде құрал ретінде пайдаланудың стратегиясын жүзеге асыратын мектептен тыс білім мен тәрбие беру ошақтарын ашу.
  3. Мектеп, колледж сияқты білім беру мекемелерінде желтоқсан көтерілісі туралы әдеби-мәдени, тарихи-танымдық шараларды кешенді түрде ұйымдастырып, өткізу. Осы шараларға желтоқсан көтерілісінің қатысушыларын шақыртуды қамтамасыз ету.
  4. Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың өздеріне және отбасы мүшелеріне әлеуметтік, психологиялық, материалдық және құқықтық көмек көрсетуді мемлекеттік деңгейде қамтамасыз ету мәселелерін қарастыру.
  5. 2022 жылы 9-10 қыркүйекте Тарбағатай-Зайсан аудандарында өткен іс-шараларды БАҚ жариялап, жеке жинақ ретінде баспадан шығару.

Конференцияның соңында Зайсан аудандық мәдениет үйінің сахна саңлақтары барлық қатысушылардың алдында өнерлерін көрсетіп, көрермендердің алғысына бөленді. Әсіресе мәдениет қайраткері, Зайсан ауданының құрметті азаматы, режиссер-актриса Алмагүл Сүлейменованың драматургиясымен сахналанған желтоқсандық ару, Гагарин орта мектебінің директоры Гүлжанат Аманбаеваның қапастағы кездерінен естелік болып қалған «Көк дәптер сыры» атты күнделігінің желісімен қойылған үзінді барлық көрермендердің орындарынан өре көтеріліп қол шапалақтауымен аяқталды. Алыстан арнайы ат арылтып келген жазушылар мен ғалымдар жас актрисалар: Айғаным, Райхан және Зереге сол сияқты ұстаздарға өздерінің тарихи деректерге толы төл туындыларын сыйға тартып, көпшіліктің көңілінен шықты.

Жалпы шараға қатысушылардың барлығы кездесуден тамаша әсер алуымен қатар олардың жүрегіндегі ұлт тарихының ақтаңдақтарынан қалған жараның орны сыздап, психологиялық күйлері күйзеліп бара жатты. Себебі олардың барлығының көз алдына алаңға әділдік іздеп шыққан жастық шақтары, бейбіт шерудің шырқын бұзған қызыл империяның әмірлі ұрандары мен бейбіт жастарға айдаһардай атылған қызыл әскерлердің қанталаған көздері, қанға бөккен қызыл алаң елестеп, айқайлап шыңғырған құрбыларының жан дауысы, соққыға жығылған достарының ауырсынған күрсінісі мен жан айқайы естіліп кеткен еді.

Әттең, бір кем дүние ай!

Әлібек Алмабаев, Астана қаласы

14.09.2022 ж.