Желтоқсанда «Шымкент – Дубай» тікелей рейсі іске қосылады

0
27 Қараша 2018, 14:14 209 0

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы тарифтерге қатысты бірқатар сын айтып, нақты тапсырмалар берген болатын. Осы мәселе бойынша бізде де арнайы жиын өтіп, нәтижесінде, ішкі резервтер ішінен тарифтерді бірқатар төмендету жөнінде шешім қабылданды. Айта кету керек, қазір біз үкімет тарапынан бірқатар тарифтердің төмендетілуін күтіп отырмыз. Алайда, біз оған дейін өзіміз бірқатар жұмыстарды қолға алдық. Сонымен, өңірдегі «Су ресурстары маркетингі» компаниясы ауыз су және кәріз жүйесі тарифтерін 10%, «Қуат жылу орталық» компаниясы жылумен жабдықтауды 4%, «Оңтүстік жарық транзит» компаниясы электр қуаты тарифін 3%, «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы газ тарифін 3,3% төмендетті», — деп бөлісті қала басшысы.

Ол 2020 жылы Шымкентте өтетін ТМД елдерінің мәдени астанасы жылына дайындық қарқынды түрде жүріп жатқанын айтты.

«Ең алдымен, жеке инвестордың қаражатына «SCAT» компаниясы арқылы құны 50 млн АҚШ Долларын құрайтын жаңа әуежай салынатын болады. Қазір 3 гектар жер бөлініп, жұмыстар басталып кетті. Сондай-ақ, 29 желтоқсанда «Шымкент – Дубай» тікелей рейсі ашылады. Аталған рейс аптасына екі рет орындалады. Шымкенттен Дубайға дейінгі ұшу уақыты небәрі 3 сағатты құрайды», — деді Әбдірахымов.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:


Дереккөз: BAQ.KZ