Желтоқсанда «Америка дауысынан» оқылған қазақ өлеңінің сыры
Бұл Желтоқсан оқиғасының саяси бояуын қалыңдатып жіберіпті.
Мұны 1986 жылы «Америка дауысы» мен «Азаттық» радиосынан Бақытжанды таныстырып, өлеңдерін оқыған Канадада тұратын қазақ ақыны Бақыт Кенжеев өткен күзде Алматыда кездесуде айтты.
Бақытжан Қанапиянов пен Бақыт Кенжеев Алматыда / Фото Бақытжанның жеке архивінен алынды
Бақытжан Қапанияновтың 1986-1988 жылдары әдебиеттен шеттетіліп, қуғынға ұшырауына да осы өлең себеп болыпты.
Позабытый мной с детства язык,
Пресловутое двуязычие,
При котором теряю свой лик
И приобретаю двуличие.
Я пойму неизвестного мне
Уходящего аборигена,
Но когда среди ночи во сне
Перед предком склоняю колено,
Сознаю, что не верит он мне,
Как пришельцу из тяжкого плена.
Усмехнется он в той тишине:
«Ты меня недостойная смена».
Балалық шақта ұмытқан тілі арқылы КСРО-да айтылмай келген проблемаларға әлем назарын аударды
«Әлем мұны қазақтың ғана емес, жекелеген аз ұлттардың трагедиясы деп қабылдады», – дейді Бақыт Кенжеев.
Ол Бақытжанның «Балалық шақта ұмытылған тіліне» (Позабытый мной с детства язык) Батыс ақындарының назары ауғанын айтады.
«Қазақ екеніңді тілмен дәлелдеу аз. Рухың, санаң қазақ болуы керек. Бұл қанмен беріледі. Түс көріп жатқанда қаның қазақ екеніңді еске салып тұрады. Елде ана тілімен ұлттық санаға іріткі салып жүргендер жайлы көп естимін. Бұл – рухани апаттың басы. Бақытжан орыс тілінде жазғанмен, қазақтың иісі шығып тұрады. Ол – нағыз қазақ. Мен ана тілім – қазақ тілін білмеймін. Бұл менің жанымды жаралайтын драмам, трагедиям. Бірақ тамырыммен байланысымды үзген емеспін», – дейді Бақыт Кенжеев.
Бақытжан 1986 жылы Орталық комитеттің «қара тізімінде» жүрген
Оған «Простор» журналының 1986 жылдың қаңтар айындағы нөмірінде жоғарыда үзіндісі келтірілген «Балалық шақтан ұмытылған тіл» деген тақырыпта жарияланған өлеңдер топтамасы себеп болған.
Мұның соңы 1986-1988 жылдарда арасындағы сергелдеңге ұласты.
Өзбекәлі Жәнібеков Қанапиянов үшін басын бәйгеге тікті
Сол кезден бастап Мәскеуде Орталық Комитеттегі Егор Лигачев, Юрий Скляровтың тікелей нұсқауымен оның кітаптары баспадан алынып тасталып, өлеңдері өртелді.
Валерий Маричевтің «Пусть это будет нашим секретом» кітабында ақынды Өзбекәлі Жәнібековтың қуғын-сүргінен қалай қорғап қалғаны, Виктор Бадиковтың естеліктерінде «Простор» журналының ақынға араша түскені айтылған.
– Айдау мен қуғын-сүргіннен Өз-ағамыз арашалап алды. Бұл ес жиып, алға жүруіме күш берді. Сол кезде маған қолұшын беру жоғары лауазымды жүрген тұлға үшін басын бәйгеге тіккенмен бірдей еді. Мен мұны ұмытпаймын, – дейді Бақытжан Қанапиянов.
1986 жылдың желтоқсанында «Америка дауысы» мен «Азаттық» радиосынын оқылған жырлары «әдеби мансабына» нүкте қойды
– Ол жылдар «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен уақыт болды. 1986 жылдың желтоқсанында Олжас Сүлейменовті тұтқындауға рұхсат беретін құжат жобасының дайындалып қойғанын екінің бірі білмейді. Оны қуғын-сүргіннен Димекең құтқарып қалды.
Жалғыз жанды Аллаға аманат етуден басқа амал болмады. Ешкімге өкпелемедім. Бірақ екі жыл бойы мен бастан кешкендерді, әдебиеттен шеттетілгендегі көңіл-күйімді жауыма да тілемеймін. Екі жыл маған ғасырдан да ұзақ уақыт болды, – дейді Бақытжан Қанапиянов.
Бақытжан жырларының әлемге таралғанын кейінірек естіпті
Батыс елдеріне тарап кеткен «Балалық шақтан ұмытылған тіл» 1985 жылдың желтоқсанында жазылған. Оған Мұрат Әуезов пен Олжас Сүлейменов сияқты аға достары бата беріп, тұсауын кескен.
Желтоқсанның ызғарлы күндерінде әлемге таралып кеткен ана тіліміздің музасы ақынның көз алдында жойылды.
Қолдағысы – достарының жанкештілігімен сақталып қалған үзіндісі ғана.
Олжас Сүлейменовпен бірге
Әңгімеміздің бағыты 1986, 16-17 желтоқсан күндеріне ауысқан кезде ағаның қабағы қатуланып, жанарында тұнып қалған жасты жасыра алмады.
Азаттық жолындағы күрес салмағы «батырлықпен» өлшенсе, Алаш арыстарының бәрі – батыр
– «Желтоқсанның батырымын» деп есептейтіндер көбейіп барады. Өзін батыр санайтындардың көптігінен қайсысының шын батыр екенін ажырата алмайтын жағдайға жеттік. ХХ ғасыр қазақтың азаттық үшін күресінің барынша ұйымдасқан, саясиланған формасымен басталды. Қылыш пен семсер өткен ғасырдың еншісінде қалды. Әрісі – Алаш, берісі – Желтоқсан қозғалысы 1930-1990 жылдардағы ұлт-азаттық бағыттағы идеяның жаңғырығы – дейді Бақытжан.
Желтоқсан – ұмытуға болмайтын ұлы қасірет!
Бұл да – Бақытжанның пікірі.
– 1970 жылдары Мұрат Әуезов бастаған жастар Мәскеуде «Жас тұлпарды» құрды. Сол арқылы келешектегі мансабын құрбандыққа шалып, ғылыми-ағарту жолына кетті. Мәскеуде Мұрат бастаған жастар қоғамдық қозғалысты құрғанда «Бөрінің бөлтіріктері көзін ашыпты. Бауырын жазбай тұрып, тұншықтырып өлтірейік» деп сол кездегі ел басшысы Д.Қонаевқа кеңес бергендер өз ішімізден табылды. Мұрат Әуезовтей досқа да, принципіне де адал жанды осы күнге дейін кездестірмеппін, – дейді Бақытжан.
Қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ ақындарының шығармаларын жарыққа шығару туралы ұсыныс қарсылыққа тап болды
Олжас Сүлейменовтың 1967 жылы сәуір айында Алматыда Жазушылар одағының пленумында айтқан сөзі тарихқа айналды:
«В Москве и здесь, на пленуме, раздаются голоса, призывающие приостановить или вовсе запретить публикации произведении писателей прошлых лет. А у нас в республике попытки напечатать стихи лучших поэтов 20-30-х годов, безвинно репрессированных, заканчиваются очередным окриком. Вот я думаю: а вдруг действительно надоест москвичам и они перестанут печатать, или список закончится. Тогда до наших Магжана (Джумабаева) и Шакарима (Худайбергенова) очередь опять не дойдет. В который раз, потому что первые попытки были еще в 56-м году. Не так у нас много великих поэтов, чтобы так безхозяйственно распоряжаться их судьбой и творчеством».
–1960 жылдары Мәскеуге қарата мұндай сынды айту үшін жүрегіңнің түгі болу керек. Ондай жүрек Олжастарда бар! Қазақ қоғамы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына осындай дайындықпен келді. Мұны ұмытуға болмайды! – дейді Бақытжан.
Бақытжан аға Желтоқсанның ызғарлы күндері өзімен байланысты болған оқиғаларды еске түсірді
– Менің үйім Төлебаев көшесінде еді. Желтоқсан оқиғасы болып жатқан кез. Кешкісін біздің жақты бетке алып жүгіріп келе жатқан қазақтың өрімдей екі бозбаласын тоқтатып, үйге алып келдім. Соңында қуғын бары түсінікті. Үйге келген соң олар «Аға, біздің не кінәміз бар. Біз Конституциялық құқымызды пайдаландық» дейді. Балаларды сол күні үйде түнетіп, ертеңіне пәтерлеріне дейін жеткізіп салдым, – дейді ол.
Атағыңның әлемге таралуы «мен батырмын» деп кеуде көтеруге құқық бермейді
– Елім деп өткен ерлерінің есімін елінің білуі шарт емес. Бүгінгі тілмен айтқанда елім деп жүрген ерлердің елінен марапат пен атақ күтуі шарт емес, – дейді Бақытжан Қанапиянов бізбен әңгімесінде.
Ақынның досы Мұрат Әуезовтің айтуынша, сол кездері «ақынның досымын» дегендердің біразының көзқарасы бірер күннің ішінде 180 градусқа өзгеріп шыға келген. Бұл сынақ оның достарының қатарын сиретіп жіберген.
– Бақыт Кенжеев оқыған өлеңді радиодан тыңдай алмадық. Найзағайдың жалын қолмен ұстау мүмкін емес қой. Сол сияқты өтті де кетті. Тек әдемі әсер қалды. Қайталап тыңдауға немесе үн таспаға басып алуға мүмкіндік шектеулі. Бірақ жастарға рух бергеніне сенемін, – дейді Мұрат Әуезов.
«Азаттық» радиосы қазаққа батыс елдеріне терезе ашты
1986-1988 жылдары орыс тілді қазақ ақыны Бақытжан Қанапияновтың алыс-жақын шетелдердегі танымалдылығы «еселеніп» кетті. Шетелдік баспалардан кітабын шығаруға ұсыныстар түсті. Тіпті саяси баспана, азаматтық ұсынғандары да болыпты. Мұның алдында досы Бақыт Кенжеев Мәскеу, одан әрі АҚШ-қа барып тұрақтаған.
Қазақ әдебиетінің азаттық аңсаған жаңа буынының Батыс елдеріне есік ашуы осы кезден басталыпты.
Францияда – Жан-Бақыт
Ақынның «Обратная перспектива» деген өлеңдер жинағын француз тіліне аударған ақын Тьерри Мариньяк «Жан-Бақыт» деген ат берген.
Аты-жөнінің өзгеруімен тегін жоғалтып алатындар барлық елде бар. «Бұл есім сізді қазақтың ортасынан алыстатып жіберген жоқ па?» деген сауалға төмендегі жауапты алдық.
– Бақытжан түркі-қазақ терминінде «Бақытты жан» дегенді білдіреді. «Жан Бақыт» та «Бақытты жаннан» алыстап кеткен жоқ. Есімім қырық тілге аударылса да Бақытжан болып қаламын, – дейді ол.
Бақытжан бізбен әңгімесінде АҚШ-қа, Батыс елдеріне деген ықыласының ерекше екенін айтты
АҚШ әлемнің 20 шақты елінің поэззиясына ғана емес, үлкен достыққа жол ашты. Үш кітабы жарыққа шықты.
Қазақстанда күндіз болғанда, АҚШ-та түн. Немесе керісінше
– Күн мен түн бір-бірін қуып жете алмайды. Қазақстан мен АҚШ-ты бір-біріне салыстыру күн мен түнді салыстырумен бірдей. Мен үшін артықшылығы: Қазақстан – ата-мекенім. Құдай маған қазақ болуды, Қазақстанда туып-өсуді маңдайыма жазды. Елді таңдау әке-шешені таңдаумен бірдей, – дейді Бақытжан.
Үлкен саясатта «әлем азаматы» деген термин бар. Сол өлшеммен қарасақ, Бақытжан әлем азаматы санатына кіретін шығар.
– Бірақ азаматтығымды ауыстыруды басыма қара бұлт үйірілген күндері де ойлаған жоқпын.
Бұл – жалаң пафос емес, шын сөзім. Шығармаларым АҚШ, Англия, Канада, Малайзия, Қытай тәрізді 20 мемлекетте басылды. 20 елде оқырманым бар. Түп-тамырымның Шыңғыс ханға барып тірелетінін, чингизид екенімді ұмытқан емеспін. Бабам Шыңғыс хан көзі тірісінде табаны тиген елдің босағасында емес, төрінде отырды. Мен де қазақтың, Қазақстанның Бақытжаны болып, орталарыңызда жүре берейін, – дейді.
«Америка дауысы» мен «Азаттықта» оқылған өлеңнің аудионұсқасы қайда?
Бұл сұраққа Бақытжан Қанапиянов жауап бергісі келмеді. Сол жырдың тарихына байланысты жанын жабырқататын жайттар көңілінің түкпірінде қонақтап қалыпты. Оған қайта оралып, жанын жаралағысы келмейді.
Бұл мәселені көтере берудің қажеті жоқтығын біз де ұқтық.
Ал Мұрат Әуезов басқаша ойлайды
– Бұл тарих үшін қажет, – дейді Мұрат Әуезов.
Оның пайымдауынша, желтоқсан оқиғасының тарихи бағасы берілген жоқ.
– Сағат Әшімбаевтың алаңға шыққан жастардың бейнесі жазылған таспаны сақтап қалған жанкештілігін тарих ұмытпайды. Сол таспа қазір Ұлттық телеарнаның алтын қорында тұр. Желтоқсан оқиғасы кезінде Бақытжанның Бақыт Кенжеев оқыған жырларының орны бөлек. Бұл – тарих. Мұны уақыт оздырмай елге алдырып, қайта өңдеу керек. Ел ішінде Желтоқсан оқиғасына қатысты деректер Ресей архивтерінде сақтаулы деген сөз бар.
32 жыл аз уақыт емес. Енді созсақ, оны қалыпқа келтіру қиын болады, – дейді Мұрат Әуезов.
Бұл дауыс, бұл өлең қазаққа ғана керек!
Бұл – Мұрат Әуезовтың ойы.
– Бұл – министрлік деңгейінде шешуге болатын шаруа. Желтоқсан құрбандарын еске алған кездері телеарналар таңғы жұмысын сол өлеңдердің Бақыт пен Бақытжанның бейнесінде, қазақша аудармасымен бастауды міндеттеу керек. Келер ұрпақ 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының тарихи мәнін, қазақ баласының не үшін алаңға шыққанын сол кезде ғана сезе алады, – дейді Мұрат Әуезов.
Қазақ тарихына қатысты таспада сақталған сөз – тарих үнсіз қалғанда сөйлейтін дерек
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының куәгері, ақын Жұмабай Құлиев қазақ ақынының жыры «Америка дауысы» арқылы әлемге таралғанынан жастардың құлағдар болғанын айтады. Ақын жырының орыс тіліндегі нұсқасынан сөзбе-сөз аудармасын жаттап алып, алаңға шыққан жастар көп болған.
Өкінішке қарай сол тарихи «Балалық шақтан ұмытылған тілдің» қазақшаға аударылған нұсқасын таппадық.
Қазаққа керек-ақ дүние еді….
Ақын Жұмабай Құлиев қазаққа қатысты сөйлеп тұрған деректің бәрін елге әкелу керектігін айтады / Фото жеке архивінен алынды
– Бақытжан Абай өлеңдерінің орыс тіліндегі еркін аудармасын жасады. Мағжан, Кенен, Жамбылдың жырларын, Шәкәрімнің шығармаларын, «Қыз-Жібек» дастанын орыс тіліне аударды. Қазаққа қатысты бір ауыз сөз – біздің тарихымыз. Бұл – тарих үнсіз қалғанда сөйлеп тұрған дерек. Оны елге алдырудың тетігін басшыларымыз білетін шығар, кешіктірмейтін шығар, – дейді Жұмабай Құлиев.
Түйін
Азаттық радиосы Алматы бюросының директоры Қуанышбек Қари Бақытжан Қанапияновтың 1986 жылы «Азаттық» пен «Америка дауысы» радиоларынан оқылған өлеңдерінің аудионұсқасын табудың қиын еместігін айтты.
– Мұның түпнұсқалары екі радионың да архивінде сақталып қалуы мүмкін, – дейді Қуанышбек Қари.
Дереккөз: https://informburo.kz