Желтоқсан оқиғасынан 20 күн өткесін Мәскеуге жолданған хат жарияланды

0

Желтоқсан тақырыбын ұзақ уақыт бойы зерттеп келе жатқан қаламгер Қайыр-Мұнар Табеев Мәскеуге барған сапарында Ресей Президентінің мұрағатына бас сұғады, — деп хабарлайды Kznews.kz порталы Dalanews.kz редакциясының зерттеуіне сілтеме жасап.

Сол жерден Орталық комитет хатшысы, МҚК генералы З.Камалиденовтың «құпия»  белгісі қойылған қызметтік хатына кезігеді. (ЦК КПСС, общий отдел. 06.01.1987 г. №00438 – хат көшірмесі қоса тіркеліп отыр). Бас көтеруден кейін арада небәрі жиырма күн өткеннен кейін жазылған хат.

“Желтоқсанға ресми баға берілмесе де, ол алаңға шыққан жастардың ашық қимылын тағы да «махровый ұлтшылдық» деп айыптапты. Яғни, Камалиденовті Мәскеудің қинағаны  жалған болып отыр.

Ең сұмдығы осы хаттағы «махровый ұлтшылдық» сипатындағы айыптаулар Горбачев қабылдаттырған қазақ ұлтшылдығы жөніндегі Қаулыға сол қалпында еніп кетті.

Қаулыны қабылдату бір басқа да, оны тиянақты жүзеге асыру бір басқа. Колбиннің билігін әлсіретіп, өз орынтағын бекіте түсуді көздеген Камалиденов енді елдегі ұлтшылдарды анықтауға белсене кірісті.

Қазақ баспасөзінде жарық көрген барлық материалдар Орталық Комитеттің, КГБ-ның  арнайы назарында болды”, – дейді қаламгер.

Dalanews.kz-ке ұсынған көлемді зерттеу мақаласында Қайым-Мұнар Табеев Камалиденовтің нұсқауымен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде «Қазақтың буржуазиялық ұлтшылдары» деген құпия бағдарлама  жасалып, тыңшылық әрекеттерге жол ашылғанын айтады. Атап айтқанда «Қоңыр», «Пантюркизм», «Номад» деген атпен қылмыстық істер қозғалған.  Режиссер Асқар Тоқпанов, сатирик Шона Смаханұлы, этнограф жазушы Ақселеу Сейдімбеков, ғалым-жазушы Мұхтар Мағауинді «пантюркистер» деп атаған авторсыз мақалалар республикалық газеттерге жарияланған.

“Тұңғыш қазақ теміржол инженері Мұхамеджан Тынышпаев туралы түсірілген «Түрксіб» атты толық метражды көркем фильмге Орталық комитет қарсы шықты.

«1917 жылғы клерикал-ұлтшыл топтардың лидері және басмашы қозғалысының алғашқы саяси базасы саналған Қоқан автономиясы үкіметінің премьерін насихаттады» дей отырып, экранда көрсетуге тыйым салды.

Камалиденов кез-келген ірілі, ұсақты жағдайларды өз мүддесіне ұтымды пайдаланып, қолайына жақпаған жергілікті кадрларды тұқыртып, жазалауды науқанға айналдырып жіберді.

Бірақ, онысын белсенді қолшоқпарлары арқылы ғана орындауға тырысты. Сондықтан өзін «сүттен ақ, судан таза» етіп көрсетуге құмар болды. Журналистер сұрағына да қаша жауап беріп жүрді”, – дейді ол.

Табеевтың пікірінше Камалиденов өмірден өз кінәсін мойындамай өткен.

– Кешірім сұрау үшін қателігімді көрсету керек. Балаларға обал жасағанымыз рас. Бірақ, мен ешкімді атуға, жұмыстан шығаруға, қудалауға бұйрық бергем жоқ. Мысалы, Өмірбек Жолдасбековті тексеруге 86 комиссия жіберді дейді. Мен бірде-бір комиссия жіберген жоқпын. Өмірбекке жамандық жасаған емеспін». («Аңыз адам». №12, 2010 ж.)

“Ал, жасаған іс-әрекеті осы айтқанына мүлде кереғар еді. Камалиденовтің қаһарына ұшыраған Оқу министрi Қ.Нәрiбаев, академик,  ҚазГУ ректоры Ө.Жолдасбеков, журналистика факультетінің деканы Т.Қожакеев, заң факультетінің деканы С.Досымбеков, профессор Н.Мамыров, сәулет институтының ректоры С.Байболов, доцент А.Уақов сияқты көптеген ғалымдар даңғаза шудың объектiсiне айналды. Іс қозғалып, алды итжеккенге айдалды, соңы партиядан шығарылып, қызметтерінен қуылды.

Ол қалам ұстағандардың лениндік принциптерді түсінбейтін «саяси сауатсыздығын» мүлде кешіре алмайтын. Қан-жоса боп таяққа жығылған, екі қабырғасы сынған Мейірхан Ақдәулетов партиядан, қызметтен қуылды.

Аманхан Әлімов типографияға жұмысқа жіберілді. Лесбай Оспанов жарақаты асқынып, бірнеше жылдан соң қайтыс болды. «Жетісу» газетінің редакторы Мамадияр Жақыпов, тілшісі Мейрамбек Төлепбергенов, ҚазТАГ директоры Жұмағали Ысмағұлов қызметтерінен шеттетілді. Еліміздегі бүкіл қазақ басылымдары бақылауға алынды, аңду ұйымдастырылды”, – дейді Қайым-Мұнар Табеев.

Фото: Dalanews.kz