Желідегі тосқауыл. Жеңіс күні интернет неге істемеді?

0

Азаттық редакциясы мамырдың 9-ы күні жұмысын әдеттен тыс бастады. Азаттық журналистері Жеңіс күніне арналған мерекелік шаралар мен сол күні өтуі ықтимал рұқсат етілмеген митингіден хабар таратуды жоспарлаған болатын. Наразылық шарасы өтуі ықтимал деуге негіз бар еді: мамырдың 1-і күні елде көлемді наразылық акциясы өтті, әлеуметтік желілерде жаңа жиынға шақырулар тарады, Жеңіс күні мерекесі қарсаңында да бас прокуратура билік рұқсат етпеген акцияларға қатысқандар жауапқа тартылатыны жөнінде ескерту жасады.

Бірақ таңертең редакция тосын жайтқа тап болды: Азаттық сайты ашылмай қалды. Көп ұзамай мәселе әлдеқайда күрделі екені белгілі болды. Өз сайттарына кіру қиындағаны туралы он шақты өзге ақпарат құралдары мен ұйымдар, қолданушылар хабарлай бастады. Сайттар жұмысы тек кешкісін ғана қалпына келгендей болды. Ғаламдық интернет жұмысына мониторинг жүргізетін NetBlocks тобы өз тарихында алғаш рет Қазақстандағы интернеттің жайы туралы есеп дайындады.

Азаттық тілшісі NetBlocks тобының атқарушы директоры Альп Токермен сұхбаттасты.

Азаттық: Сұхбатқа келісім берген кезде сіз мамырдың 9-ы күні болған жағдайды «маңызды» деп атадыңыз. Неге?

Альп Токер: Қазақстаннан байқағанымыз әдеттегіден ерекше жағдай болды. Just-in-time blocking (уақытылы бұғаттау. — Ред.) деп аталатын бұл техникалық тәсіл әдетте бірыңғай орталықтан басқарылатын жедел жауап беру амалына жатады. Ол билікке әлеуметтік желілер мен елдегі негізгі байланыс жолдарына тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. Бұл әдісті бұқаралық ақпарат құралдарын бұғаттауға сирек қолданады. Өйткені әдетте БАҚ-ты ұзақ мерзімге жауып тастайды. Ал бұл жолы өте көп сайт қысқа уақытқа бұғатталды. Бұл біз бұрын байқағаннан ерекше құбылыс болды.

«ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ТҰТЫЛУ»

Азаттық: Бұл бұғаттау тәсілін әдетте не үшін қолданады?

Альп Токер: Әлеуметтік желілерге қолданады. Соңғы апталарда мұндай әдіс Венесуэлада билікке жақпайтын жиындар кезінде немесе әлдекім жұрт алдына шығып сөйлеген кезде қолданылды. Мұндай шектеулерді бір-екі сағатқа енгізуі мүмкін, ол жақта мұнымен мемлекеттік провайдер айналысады. Егер сіз жеке компаниялардың қызметін пайдалансаңыз, интернетке шыға аласыз. Бұл мамырдың 9-ы күні сіздерде болған «жалпыхалықтық тұтылу» емес. 2015-2016 жылдары Түркия енгізген шектеулерді алып қарасақ, ол кезде түрлі провайдерлер әртүрлі уақытта бұғаттап отырды. Бұл біреу хабарласып, тізім беріп жатқан кезде компаниялар шектеу қою үшін қолынан келгеннің бәрін жасағандай әсер қалдырды. Соңғы терактілерден кейін Шри-Ланкада да осыған ұқсас жайт болды. Ал Қазақстанда мамырдың 9-ы күні болған жағдай шынымен ерекше деуге тұрарлық.

Азаттық: Сонда ерекшелік неде?

Альп Токер: Мәселен, қаңтарда Зимбабве немесе желтоқсанда Судан бірнеше интернет-платформаны өшірді, бірақ онда провайдерлер дербес жұмыс істеді. Әр провайдер қандай платформаларды бұғаттауды, нені әлеуметтік желі деп тану керегін өзі шешті. Қазақстан жағдайында орталықтандырылған әрекет байқалады. Провайдерлерге бұғаттау туралы бұйрық тым жылдам жеткендей әсер қалды. Нәтижесінде, ала-құлалық аса көп байқалған жоқ – белгілі бір сайттарды барлығы бірдей бұғаттады. Сондай ақ интернетке еркін кіру қалай қалпына келтірілгенін ескерсек (бір күнде өте қысқа уақытқа екі рет), мұнда да бәрі ұйымдасқан, келісілген түрде жасалғаны көрінеді. Басқа елдерде провайдерлер арасында үш-төрт сағат уақыт айырмашылығы бар. Қазақстанда бәрі өте тез болды. Бұл не автоматтандырылған, не үйлестіріліп, қолмен жасалған іс-қимыл болғанын білдіреді.

Азаттық: Сіз Қазақстандағы жағдайға ұқсас оқиғаны басқалардан кездестірмедім дегіңіз келе ме?

Альп Токер: Бізге деректерді қосымша зерттеу керек. Алайда иә, жеке өз басым бүкіл елге және мұншама көп сайттың жұмысына әсер еткен ұйымдасқан іс-қимылды есіме түсіре алар емеспін.

Азаттық: Мұндай бұғаттауды ұйымдастыру үшін не керек?

Альп Токер: Мұндай қысқа мерзімді шектеулер «хайтек» болуы міндетті емес. Әрине, белгілі бір желілік құралдар жиынтығына қолжетімді болуы керек. Бірақ бұл шектеулер енгізуге деген ынта пен табандылықты көрсететін шығар. Осыған ұқсас құбылысты 2010 жылы Шыңжаңнан, «араб көктемі» кезінде Египеттен байқадық. Бірақ бұл кабельдерді қолмен жұлып тастау арқылы жүзеге асырылған дөрекі шектеулер болды. Қазақстанда цифрлық жүйе қолданылды, жұмыс бағдарламалау жүйесі арқылы үйлестірілгенге ұқсайды. Қазірше біз бұл бағдарламалау жүйесін нақты бір өндірушінікі деп тануға дайын емеспіз. Бұл ноу хау импорт немесе отандық технологиялық шешім болуы да мүмкін.

«ҮШ МИЛЛИОН ДОЛЛАР ШЫҒЫН»

Азаттық: Сіз қанша сайт бұғатталғанын білесіз бе?

Альп Токер: Біз әдетте өзіміз бақылап отыратын сайттардың ішінен бірқатары бұғатталғанын байқадық. Ал бұл тек https-платформасында жұмыс істейтін сайттар ғана (https. қауіпсіз байланысты қолданатын сайттар — ред.). Олар әлдеқайда көп болуы мүмкін. Біз Қазақстанда шамамен 250 сайтқа мониторинг жүргіземіз: жаңалықтар, әлеуметтік желілер, жергілікті онлайн-платформалар. Біз шектеулер қосымшалар жұмысына да әсер еткенін байқадық. Мысалы, Facebook-тағы CDN (контент жеткізу желісі — ред.) қосымшасы. Бұл қосымшаның бұғаттауға қарсы тұру қабылеті болса да, оның жұмысын тоқтатуға әрекеттер жасалды. Осындай шектеулер Instagram-ға қатысты да қолданылды. Бұл шектен шығу деңгейін көрсетеді.

Азаттық: Бұл бір платформалар басқалармен салыстырғанда әлсіздеу дегенді білдіре ме? Сіздер дайындаған есепте, мысалы, Telegram жұмыс істеп тұрғаны көрсетілген. Платформаның бұғаттауға қарсы тұра алу қабылеті мен әлсіздігі неге байланысты?

Альп Токер: Telegram – өте қызық жағдай. Оған қарсы шектеулер қолданылғанымен, Telegram-да бұғаттауды айналып өтетін әдістер бар. Мысалы, Telegram IP-адресті өзгерте алады. Жақында Ресейде қалай болғанын білеміз. Билік Telegram-ды шектегісі келді, бірақ үлкен шығынға ұшырады. Веб сайттың бір IP-адресі болғандықтан оны бұғаттау оңай. Telegram сияқты құралдардың артықшылығына – бүкіләлемдік желіге немесе DNS-ке (домен атауларының жүйесі — ред.) қатысы жоқ мобильді қосымшасының болуы жатады. Сондықтан қосымшаның болуы шектеулерді айналып өтуге жақсы құрал бола алады.

Азаттық: Веб сайттарға бұғатталудан қорғанудың жалғыз жолы осы ма?

Альп Токер: Басқа жолдары да бар. Олар әлі жасалып жатыр. Мысалы, Service Workers скрипті. Ол веб сайттарға офлайн жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Біздің бұғаттаудан болған экономикалық шығындарды есептеуге арналған құралымыз шектеу қойылса да жұмысын жалғастыра береді. Бұл біз үшін тәжірибе болды. Бұғаттауды айналып өту шараларын сайтқа тікелей орналастыру мүмкіндігін байқап көргіміз келді.

Азаттық: Техникалық тұрғыдан қиын болды ма?

Альп Токер: Оңай емес, бірақ орындауға болады. Мұның бәрі әлі жасалу үстіндегі қосымшалар, бірақ оларды қазірдің өзінде қолдануға болады.

Азаттық: Экономикалық шығынды есептейтін құрал туралы әңгімеңізге оралсақ, мамырдың 9-ы күнгі бұғаттаулар Қазақстанға қанша шығын әкелгенін білесіз бе?

Альп Токер: Біздің есептеуіміз бойынша жалпы ішкі өнімге әсер ең кемі үш миллион долларды құрады. Бұл ең қысқа бұғаттау кезінде келген шығынға берілген баға. Инвестиция жоғалту сияқты балама қиындықтарды қоса есептегенде шығын әлдеқайда үлкен болады. Экономикалық шығынды есептеу тәсілін Брукинг институты дайындаған. Біз Дүниежүзілік банк индикаторларын қолданып, аясын кеңейттік. Бұл әдіс интернет пен мобильді интернетке қолжетімділік деңгейін, әлеуметтік желілердің танымалдылығын есепке алады. Біз әлеуметтік желідегі хабарландырулардың монетизациясын зерттеп, оларды бизнес пен жекелеген адамдар коммерциялық пайда табу үшін қалай пайдаланатынын бақылаймыз. Яғни, оңай түсініп өлшеуге болатын индикаторларға қараймыз. Бұл әдіс бойынша ұзақмерзімді салдарды бағалау мүмкін емес. Соған қарамастан, біз бұғаттау адамдар үшін де, билік үшін де қымбатқа түсетінін сеніммен айта аламыз.

«ҚАЗАҚСТАНДА ҮМІТ БАР ЕКЕНІНЕ СЕНЕМІН»

Азаттық: NetBlocks басқа бұғаттауларды анықтай алды ма? Соңғы жылдары, әсіресе кешкі уақытта, қазақстандық интернет қолданушылар әлеуметтік желілерге кіруде қиындықтарға тап болып жүр. Мұны Қазақстанда желіде бір оппозиционердің тікелей эфирге шығуымен байланыстырады.

Альп Токер: Біз бұғаттауларды көрдік, бірақ оның саяси астары жоқ деп ойладық. Алғашында біздің жүйеде қателік жоқ па деп тексердік. Өйткені бұл күтпеген жерден болды. Бұл туралы жаңалықтарда айтылмаған соң, біз неге бүкіл ел аумағында қысқа уақытқа интернетте ақаулар болып жатқанын түсіне алмадық. Біздің радарда бұл ақаулар күмәнді жағдай боп тіркелгенімен, аса мән берген жоқпыз. Ал мамырдың 9-ы күнгі жағдай шынымен ерекше болды.

Азаттық: Сіз Қазақстан бұл істе бастауыш деңгейде екенін айттыңыз. Бұғаттау шараларымен көзге түскен көшбасшы мемлекеттер де бар ма?

Альп Токер: Интернетке қатаң шектеулер қоятын елдерге аз мониторинг жүргіземіз. Өйткені онда сөз бостандығы жоқ. Солтүстік Корея мен Қытайға қарасақ, олар радарға ілінбейді. Бұқаралық ақпарат құралдары белсенді жұмыс істейтін территориялар интернет тәуелсіздігін қорғайтын белсенді қауымы мен үміті бар аумақтарға жатады. Мен Қазақстанда үміт бар екеніне сенемін. Жақында бірнеше сайтты бұғаттаудан шығарған (10 мамыр күні Өзбекстан көп жылдар бойы істемей тұрған бірқатар ақпарат құралдары мен құқық қорғау ұйымдарының сайттарын бұғаттаудан шығарды — ред. ) Өзбекстанда да үміт бар. Әрине, кей елдерде белсенділерді ұстау, өз конституциясын жиі бұзу сияқты сұмдық жағдайлар болып жатыр. Бұл қуанарлық жағдай болмағанымен, диалог орнатуға ықылас бар жерде, мүмкіндік те бар. Билік ақылға салып, азаматтарды бұғаттаудың еш мәні жоғын түсінеді деп үміттенеміз. Былайша айтқанда, бұл өз еліне кибершабуыл жасаумен тең.

Азаттық: Өзбекстан туралы айтсақ, сіз сайттарды бұғаттаудан шығару қалай жүргенін көрдіңіз бе?

Альп Токер: Иә, біз есеп жарияладық, негізгі провайдерлер жұмысын бақылай алдық. Мұнда да бірлескен қимылдар байқалды. Бұл Қазақстанмен ұқсас жағдай болды демеймін, өйткені біз есепті бірнеше сағат бұрын ғана аяқтадық. Бірақ Өзбекстанда да билік бір механизмді қолданып, контентті жылдам бұғаттап, қайта бұғаттаудан шығара алған болуы мүмкін. Бірақ мұнда толықтай орталықтандырылған әрекетке қарағанда, әртүрлілік байқалады.

Азаттық: Әлемде елдер бұл салада өзара технология алмасып, әріптестік орнатады деп айтуға бола ма?

Альп Токер: Біз әдістердің алуан түрін бақылап отырмыз. Бірде бір ел екіншісінің әдісін қайталамайды. Бұғаттау моделіне қарасақ, әдетте офлайн цензура онлайн форматқа көшетінін байқауға болады. Мысалы, мемлекет радионы өшірсе: оларда дауысты басуға қолданылатын «қызыл батырма» бар, интернет цензураны да байқап көруге тырысады. Бірақ әр ел әртүрлі нәтижеге қол жеткізеді. Тәуелсіз БАҚ-ты үш-алты айға жауып тастайтын мемлекеттер сол әдісті онлайн платформалар үшін де қолданады.

Азаттық: Сүзгілері мүлде жоқ елдер бар ма?

Альп Токер: Жоқ. Сөз бостандығы бар елдерде интернеті еркін емес елдермен бірдей сүзгілер жұмыс істейді. Құжат алмасу сайттары немесе пираттық бағдарламалау жүйесінде жұмыс істейтін сайттар Еуропада шектелгенімен, Ресейде жұмыс істеп тұр. Сондықтан бұғатталған сайттар санын салыстырса, АҚШ, Еуропа мен Ресей арасында аса үлкен айырмашылық жоқ. Жалғыз айырмашылық – қандай сайттар бұғатталғанында ғана.

Азаттық: Бұған дейін неге Қазақстанға назар аудармай келдіңіз?

Альп Токер: Біз жұмыс істейтін қауымдастық мамырдың 9-ына дейін бұл туралы сұраған жоқ. Мониторингке көмектесетін серіктестер табу өте қиын. Мысалы, Батыс, тропикалық Африкада адам құқықтары мен сөз бостандығын қадағалайтын әртүрлі қауымдастықтар бар. Біз олармен жағдайды толық түсініп, өзгерістерге қол жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істедік. Бізде Қазақстан бойынша сұрақтар туғанда кімнің көмегіне жүгінерімізді білмейміз. Техникалық тұрғыдан бір нәрсе болып жатқанын көріп отырамыз, ал нақты не екенін түсіну қиын. Өйткені жағдайдың астарын білмейміз, белсенділер қауымдастығы жоқ, тілді түсінбеу мәселесі тағы бар.

Азаттық: Сіз айтып отырған қауымдастықтар әдетте байланысқа өздері шыға ма, әлде сіздер іздеп табасыздар ма?

Альп Токер: Олар бізбен өздері байланысады. Біз әртүрлі мемлекеттерде адам жинаумен айналыспаймыз. Олар біздің жұмысымызды көріп, біздің құралдарды пайдалана бастайды. Кейде бұл адамдар бізге хабарламай жұмыс істейді. Айтпақшы, Қазақстанда дәл солай болды. Біз (интернет жұмысын) бағалаудың көптігін көрдік. Бірақ ешкімнен осылай жасауды сұраған жоқпыз. Адамдар таңертең ұйқыдан тұрып, тестілеуді бастап, күні бойы және ең соңғы тексеруді кешке жүргізді. Бұл шағын, бірақ ісіне адал топ. Олардың саны әуелде 20 адам болды, мамырдың 9-ынан кейін 200-ге жетті. Олар ел аумағында біркелкі таралған. Мобильді интернет арқылы қосылған көп қолданушыны байқадық. Бір байқағанымыз, сіздерде мобильді интернет стационарлы интернетке қарағанда, жылдамырақ істейтін сияқты.

Азаттық: Яғни сіздерге елден адам керек пе?

Альп Токер: Иә, бұл нақтылықты арттырады. Бізде төрт түрлі өлшем жүйесі бар. Біз жақсы картинаға қол жеткізе аламыз, бірақ дәлдігі жоғары ақпарат алу үшін бізге құралдарымызды қолданып, платформаны бақылап, дерек жинауға үлес қосатын адамдар керек. Сайт ел ішінде қалай жұмыс істеп тұрғанын білу — алтын қағида.

«ДАУЫСТЫ ТАРАТУ КЕРЕК»

Азаттық: Біздің БАҚ әлеуметтік желінің бұғатталуы туралы биліктен бірнеше рет түсініктеме алуға тырысты. Олар қиындықтар желі қолданушыларының қатары артқаннан туған деп түсіндірді. Бұл сенуге болатын түсініктеме деп ойлайсыз ба?

Альп Токер: Біріншіден, биліктің қандай да бір жауап бергенінің өзі жақсы. Кей үкімет мұны да жасамайды. Бірақ техникалық тұрғыдан қарасақ, бұл жүйелі жауап емес. Өйткені трафик деңгейі артса, барлық байланыс жылдамдығы төмендеу керек. Бірақ біз интернет пен басқа сайттар жақсы жұмыс істеп тұрғанын, ал мәселе тек жекелеген платформаларға қатысты туғанын көреміз. Провайдерлерде қолданушылар санының артуына жауап беретін белгілі бір өткізу қабылеті бар. Мұны қандай да бір ауқымды спорттық шаралар кезінде көруге болады. Маңызды матчты елдің жартысы көріп отырса да, интернет қызметіне ештеңе болмайды. Ал сосын бір белсенді желіге шығады, оны бірнеше мыңдаған адам көргенінен бәрі жұмыс істемей қалады. Мұнда логика бұзылған. Техникалық тұрғыдан, қай кезде фильтрация жүргені және оның өткізу қабылетіне қатысы жоғы анық көрінеді.

Азаттық: Сіздің ойыңызша, бұғаттаулар не үшін керек? Байланыс қалпына келгенде, бар ақпарат қайтадан қолжетімді болады ғой.

Альп Токер: Әр ел мұны әртүрлі себеппен жасайды. Бір даулы оқиға шыққанда, билік оның халық арасында таралғанын қаламайды. Екіншіден, бұл терактіні болдырмау амалы. Қашықтықтан жарылыс ұйымдастыру қаупін алдын алу үшін интернетті толық өшіріп тастайды. Немесе өлген адамдардың суреті таралуын тоқтату үшін қолданылатын фильтрация. Бірақ Қазақстанда 9 мамыр күні бұл жағдайлардың бірде бірі тіркелген жоқ. Соған қарағанда, интернетті адамдардың көшеге шығуының алдын алып, наразылық акциясы туралы ақпарат таратпау үшін бұғаттаған сияқты.

Азаттық: Не күтуге болады?

Альп Токер: Біз 9 мамыр күні болған жағдай туралы көп ақпарат құралы жазғанын байқадық. Бұл құқықтар мен бостандықтарға қатысты түсініксіз позициядағы елдерді жақсы қырынан көрсетпейді. Бұл бір ғана жағдай болды және жағдайды әлем бақылап отырғаны түсінікті болды деп үміттенеміз.

Азаттық: Қарапайым қолданушылар не істей алады?

Альп Токер: VPN (виртуалды жекеменшік желі — ред.) – олар әлі де тиімді. Қазақстанда VPN-ді шектеуге тырысу амалдары байқалды. Бірқатары ендігі шектелген немесе олардың жұмысымен қиындықтар болуы мүмкін. Бұл керемет шешім емес және әдетте оны қолданушы ақшаға сатып алады. Байланыстың ар жағындағы қауіпсіздік те мәселе тудырады: ол жақта сіздің трафигіңізді кім бақылап отырғаны белгісіз. Бұл халыққа арналған ең қарапайым жол. Бізге әмбебап қолжетімділік әлдеқайда қызығырақ қой. Бәрі VPN қолдана бастаса, мәселе туралы аз айтылып, ол жөнінде ақпарат та аз болады. Сондықтан бұл интернет тәуелсіздігіне апаратын жол емес. Бізге үкіметті бұғаттау нашар саясат екеніне көндіру керек.

Азаттық: Ешкімді көндіргісі, күрескісі келмейтіндер бар. Олар Facebook парақшасына кіруге, мессенджердегі хабарламаларды біреудің қалауы бойынша емес, қалаған уақытында оқуға мүмкіндігі болғанын қалайды. Оларға не істеу керек?

Альп Токер: Әркімнің практикалық қажеттіліктері бар. Бірақ біз бүкіл әлемде адамдар аз ғана күш салғанда, өзгерістер болатынын көрдік. Мәселен, Түркияда солай болды. Адамдар әлеуметтік желінің бұғатталуы туралы барлық деңгейде талқылай бастаған соң, үкімет бұғаттаудан бас тартты. Бұл адам құқықтары мәселесінен бөлек, ұлттық мақтаныштың да мәселесі. Интернет дәуірінде сенің интернетің істемейді. Адамдарға бірнәрсе өзгерту үшін, белсенді болу міндетті емес. Оң өзгерістер күтпеген елдерде болады. Бірақ бұл туралы айтудан бас тартқандар VPN мен интернет жұмыс істемейтін жағдайға жақындай түседі. Бұл тек уақыт мәселесі ғана. Дауыс естілсін десек, дауысты тарату керек және ол әрекеттің қазір жасалғаны маңызды.

Azattyq