Желіде Азаттықтан «кешірім сұраған» әйелдердің видеосы пайда болды
Алматыда журналистерге жасалған шабуылдан кейін Азаттықтан кешірім сұраған екі әйелдің сөзі жазылған видео 23 шілдеде интернетте жарияланды. Түн мезгілінде түсірілген видео YouTube-те былтыр тіркелген «Мас Киеубала» каналында жарияланған. Онда аты-жөнін атамаған әйелдер Алматыдағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының «баспасөз залына кіре алмай, дөрекі сөз естігеннен кейін» әлгіндей қылыққа баруға мәжбүр боланын айтады.
«Егер біз Азаттық радиосына зиян келтірсек, шын ниетіммен Азаттық радиосынан кешірім сұраймын» дейді әйелдердің бірі.
«Біз Азаттық радиосынан кешірім сұрағымыз келеді, олардың айтуынша, біз зиян келтірген екенбіз. Біз жағдайды түсіндіру үшін телефон шалдық, бірақ олар қолы бос емес екенін айтты» дейді екінші әйел.
Азаттық редакциясына және дүйсенбі күні шабуылға ұшыраған Азаттық журналистеріне бұған дейін кешірім сұрап ешкім хабарласқан жоқ.
22 шілде күні Алматыдағы қазақстандық адам құқығы бюросындағы баспасөз жиынына барған Азаттық пен өзге де бірқатар БАҚ өкілдеріне белгісіз адамдар шабуыл жасады. Олар журналистердің техникасын сындырып, жоспарлы шараны өткіздірмей тастады. Әлгі адамдар бюроға келген кей журналистің смартфонын тартып алып, кәсіби техникасын бүлдірген. Зардап шеккендердің арасында ҚазТАГ агенттігі мен жергілікті билікке қарасты «Алматы» телеарнасы өкілдері де бар.
Алматы қаласы полициясы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің «Өзінше билік ету» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу бастағанын хабарлаған.