Жексенбі күні Мәскеуде Борис Немцовты еске алу маршы өтеді

0

Жексенбі күні Мәскеуде 2015 жылы ақпан айында қастандықпен өлтірілген оппозициялық саясаткер Борис Немцовты еске алу маршы өтеді. Оны «Солидарность» қозғалысы, «Мемориал» қоғамы, «Жемқорлықпен күрес қоры» және өзге де партия мен ұйымдар ұйымдастырып отыр.

Ресейлік оппозиционер Борис Немцов 2015 жылы ақпанның 28-іне қараған түні Мәскеу қаласында Кремльге жақын маңдағы көпір үстінде ту сыртынан атқан алты оқтан ажал құшты. Оның қазасы бойынша айыпталғандарға сот үкімі 2017 жылы шілдеде шыққан. Саясаткерді атып өлтірген Заур Дадаевты 20 жылға бас бостандығынан айырды, тағы төрт адамға 11 жылдан 19 жылға дейінгі мерзімге түрме жазасы тағайындалды. Адам өлтіруге кім тапсырыс бергені әлі күнге дейін анықталған жоқ.​

Борис Немцовты еске алу бойынша алғашқы марш 2015 жылы ақпан айында саясаткер өлген күннің ертесінде өткен. Оған елу мыңнан астам адам қатысқан. Одан кейінгі жылы маршқа келушілер саны екі есеге азайған.

Өткен жылы Мәскеуде болған еске алу шарасына шамамен сегіз мың адам қатысқан. Биыл акция өткізу үшін Мәскеу билігіне берілген өтініште марштың отыз мың адамға арналғаны жазылған. Еске алу акциясы Ресейдің өзге қалаларында да өтеді деп жоспарланған.

Азаттық