Жекешелендірудің үшінші толқыны басталады: Үкімет тағы не сатпақ?
Ұлттық экономика министрлігі «2021–2025 жылдары жекешелендіруге жататын республикалық меншіктегі ұйымдардың тізбесін» жариялады.
Бұл жолы әкімдердің іс-қимыл өрісі кеңейтіліп отыр. Бұрын олардан жекешелендіруге шығарылған нысандарын сату, егер онысы өтпесе, ұйымды жою жүктелетін. Енді жаңа толқын аясында өңір басшылары әкімдікке қарасты кәсіпорын-компанияны өзі қалаған кәсіпкерге беріп, онымен МЖӘ келісіміне отыра алады.
«Жергілікті атқарушы органдар: біріншіден, көрсетілген нысандарды мемлекеттік-жекешелік әріптестік нысанында өткізе алады. Екіншіден, қажет болған жағдайда осы қаулыға 2-қосымшада көрсетілген заңды тұлғаларды сауда-саттық өткізбестен тарата алады», – делінген «Жекешелендірудің 2021–2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» Үкіметтің жаңа қаулысы жобасында.
Қаулы 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Оған сәйкес, Ұлттық экономика министрлігі жыл сайын екі рет – жартыжылдық және бір жыл қорытындысы бойынша 10 шілдеде және 10 қаңтарда мемлекеттің қандай активі қаншаға сатылғаны, қай кәсіпорын инвесторлардың қызығушылығын тудырмай, жойылғаны, қайсыларының МЖӘ жобасына айналғаны туралы толыққанды есеп ұсынып отырады.
Сонымен, жекешелендірудің алдағы бес жылдық кезеңінде министрліктерге қарасты 34 ірі нысан мемлекеттің қамқорлығынан кетіп, бәсекелестік ортаға тапсырылуы тиіс.
Қандай университет Үкіметтен қол үзбек?
Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігі – «Ішкі істер органдарының Медиа орталығы» ЖШС-ін, Денсаулық сақтау министрлігі өзіне бағынышты оқу орындарын – «Астана медицина университетін», «Семей медицина университетін», «Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін» және «Қарағанды медицина университетін», ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі – академик Серікқали Бисақаев басқаратын «Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтын» жекешелендірілмек.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі – «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамын саудаға шығарады деп ұсынылған. Бұдан бөлек, ол «Азаматтық авиация академиясын», «Қазақстан жол ғылыми зерттеу институтын» сатпақ.
Алдағы жылдары жоғарғы білім саласы біраз дүрбелеңге түсетін түрі бар. Білім министрлігі ректорларын өзі тағайындап келген көптеген ғылым ордасымен қош айтысып, бизнес ортаға шығарып салмақ.
Нақтылай кетсек, енді «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы; С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетi; Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетi; Қарағанды техникалық университетi; академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетi; Павлодар педагогикалық университеті; Торайғыров университеті; Д.Серiкбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетi; Семейдің Шәкәрім атындағы университеті; М.Қозыбаев атындағы
Солтүстік Қазақстан университеті; М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті; Рудный индустриялық институты; Қарағанды индустриялық университеті; Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты; Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті; М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті; Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті; Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті; А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті; М.Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан университетi; І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті; Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетi; С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті және Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті енді «коммерциялық емес АҚ» мәртебесін жойып, коммерсанттар қолына берілуі тиіс.
Тіпті әкімдік басқармалары жекешеленеді
Жекешелендірудің жаңа кезеңінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының еншілес, тәуелді ұйымдардың біразы сатылады деп күтілуде.
Мысалы, «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы кейбір кен орындарын басқаратын компанияларынан; «Қазақстан темір жолы» – «Әскерилендіріліген темір жол күзеті», «Dosjan Temir Joly» АҚ-тарынан; «Біріккен химия компаниясы» – «Қазатомөнеркәсіп» бірлескен күкірт қышқылы зауытынан және «Химплюс» компаниясынан құтылады.
Бұдан бөлек, өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларынан 78 ЖШС тартып алынып, бәсекелестік ортаға беріледі. Арасында «Батыс Калий», «Саламат-Агро», «Burabay Tourism Organisation», «Орман өнімдері», «Ақсу Шекер», «Қаратал Күріш», «Байсерке-Агро» сервистік-дайындау орталығы, «Агросервис Қант», «Altin Emel Mining», «Малайсары Алтын», «МJM Gold», «Ақтұз», «Маралды курорты» және басқасы бар.
Жалпы, жоба бойынша көптеген облыста атауында «Атамекен» деген бренді бар өңірлік микроқаржы ұйымдары әкімдердің уысынан құтылып, толығымен жеке секторға кетулері тиіс.
Өңір әкімдері де жекешелендірудің алдыңғы толқынынан аман қалған 18 ірі кәсіпорнын саудаға қоюға міндеттеледі. Мысалы, елорда әкімдігі – Нұр-Сұлтан қаласының шаруашылық басқармасын және «Астана-ЕРЦ» ЖШС-ын, Алматы қаласы – қалалық шаруашылық басқармасын және Алматы қаласын дамыту орталығын, Ақтөбе қаласы – Жолаушылар тасымалдауды басқару орталығын, Алматы облысы – Өңірлік дамыту орталығын, ШҚО – Экологиялық қауіпсіздік орталығын, БҚО – облыс әкімі аппаратының шаруашылық басқармасын, Түркістан облысы – облыс әкімі аппаратының шаруашылық басқармасын жеке секторға жіберуі керек. Билікте тұтас басқарманың қожайыны болуға инвесторлар қызығушылық білдіреді деген үміт бар.
Жалпы алғанда, 2021–2025 жылдары 137 республикалық меншік жекешелендіру тізіміне ілініп отыр. Болашақта тізбесі кеңеюі ықтимал.
Ірі ұлттық компаниялар бұл қатарға кірмеген, олар ірі инвесторлармен әріптестікте не ІРО-ға шығу жолымен жекешелендірілмек.
503 нысаннан жарты триллион түсті
Қаржы министрлігінің мәліметінше, жекешелендірудің ІІ толқынын толық аяқтау үшін жыл соңына дейін мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор меншігіндегі 62 нысанды өткізу ғана қалды. Оның 31-і саудаға шығарылды. Қалғаны сол рәсімге дайындалуда.
Сонымен 2016–2020 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспары тәмамдалады. Әзірге жоспар 96,8% орындалды.
«Бұл жұмыстардың мақсаты – экономикадағы мемлекеттің үлесін 15%-ға дейін қысқарту. Осыған байланысты мемлекеттің және квазисектордың иелігіндегі 863 компанияны бәсекелестік ортаға жіберу қарастырылған еді. Бағдарлама жүзеге асырылған 4 жыл ішінде 503 нысан сатылды. Нәтижесінде, мемлекеттің экономикадағы үлесі 16,2%-ға дейін төмендеді. 503 нысанды өткізуден мемлекетке 534,1 миллиард теңге табыс түсті», – деп мәлім етті Қаржы министрлігі. 291 нысан бастапқыда тізімге іліккенімен оларды сату орынсыз деп танылып, шығарылды.
Екінші толқын аясында егер кәсіпорын және нысан 3 рет саудаға қойылып, сатып алушылар тарапынан сұранысқа ие болмаса, ол не қайта құрылымданды немесе жойылды. 2016 жылдан бастап 2020 жылдың бірінші жартысында мемлекеттік және квазимемлекеттік 220 компания мен кәсіпорын тағдыры осындай болыпты. Тағы 78 ұйым бүгінде осы сатыдан өтуде.
«Үкімет жекешелендіруге ұсынылатын ұйымдар тізімін кеңейту бағытында жұмысты жалғастырып жатыр. Ұлттық экономика министрлігі жанынан құрылған жұмыс тобы басқа да ұйымдарды саудаға қоюды ұсынды. Сондай-ақ 23 компания өзара біріктіріліп, 7 компанияға айналады. Олар «ҚазАгро», «Бәйтерек» және «Самұрық-Қазына» ұлттық холдингтерінің құрамынан шығарылады. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қорының 6 компаниясын бәсекелестік ортаға тапсыру көзделуде. Бұған қоса, ұлттық әл-ауқат қорының 6 ұйымындағы жекелеген қызмет түрлері қысқартылады», – деді қаржы ведомствосы.
inbusiness.kz