Жекешелендіру өз ретімен жүруде | «Айқын» газеті

0
142

Үкімет үйінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысы өтті. Жиын барысында жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүргізу, өңдеу өнеркәсібінде кәсіпкерлікті қолдау шараларын дамыту мәселелері қаралды.

Өңірлерде инфрақұрылымды жаң­ғырту жобаларын іске асыру барысы да пысықталды.
Мемлекет басшысы «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында мемлекеттік органдардың ведомствоға қарасты ұйымдарының санын азайту есебінен жекешелендіру жоспарын іске асыруды жылдамдатуды тапсырды. 2016 жылдан бастап қазіргі кезге дейін саудаға 532 нысан шығарылған. Оның 465 нысаны 296 миллиард теңгеге сатылды. 96 нысан сату алдындағы әзірлікті бастан өткеруде. 287 нысан қайта құру мен таратуға жіберіліпті. Оның ішінде 160-ы қайта құрылған және таратылған.
Қазақстан экономикасын жаңғырту мә­селелері жөніндегі мемлекеттік комис­сия – консультативтік-кеңестік орган. Отырыстардың мақсаты – Қазақстан эко­номикасының бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыру мәселелері бо­йын­ша шешімдерді пысықтау және қа­былдау. Мемлекеттік комиссия отыры­сын­да қара­латын мәселелер елдің тұрақты эко­номикалық өсімін қамтамасыз етуге және экономиканы жаңғыртуға бағытталған.
Бұдан бөлек, Үкімет басшысы Бақыт­жан Сағынтаевтың төрағалығымен ел Үкіметі мен халықаралық қаржы ұйым­дары арасындағы серіктестік туралы шекті келісімдерді іске асыру жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Онда көлік-ло­гистика хабын және автожол инфрақұры­лымын дамыту саласында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқы­ланды. Бұл уағдаластықтарды іске асыру автомобиль жолдарының қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға жол ашады. Атап айт­қанда, өңіраралық тасымалдар жылдам­дығын ұлғайтуға, жолдағы уақыт шығынын және жолдарды пайдаланушылардың эксплуатациялық шығындарын қыс­қар­туға, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік береді.
Отырыста күн тәртібі бойынша Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Қаржы министрі Әлихан Смайылов және басқалары сөз сөйледі.

Дереккөз: Айқын