Жекешелендіру өз ретімен жүруде | «Айқын» газеті
Үкімет үйінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысы өтті. Жиын барысында жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүргізу, өңдеу өнеркәсібінде кәсіпкерлікті қолдау шараларын дамыту мәселелері қаралды.
Өңірлерде инфрақұрылымды жаңғырту жобаларын іске асыру барысы да пысықталды.
Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында мемлекеттік органдардың ведомствоға қарасты ұйымдарының санын азайту есебінен жекешелендіру жоспарын іске асыруды жылдамдатуды тапсырды. 2016 жылдан бастап қазіргі кезге дейін саудаға 532 нысан шығарылған. Оның 465 нысаны 296 миллиард теңгеге сатылды. 96 нысан сату алдындағы әзірлікті бастан өткеруде. 287 нысан қайта құру мен таратуға жіберіліпті. Оның ішінде 160-ы қайта құрылған және таратылған.
Қазақстан экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия – консультативтік-кеңестік орган. Отырыстардың мақсаты – Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыру мәселелері бойынша шешімдерді пысықтау және қабылдау. Мемлекеттік комиссия отырысында қаралатын мәселелер елдің тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз етуге және экономиканы жаңғыртуға бағытталған.
Бұдан бөлек, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен ел Үкіметі мен халықаралық қаржы ұйымдары арасындағы серіктестік туралы шекті келісімдерді іске асыру жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Онда көлік-логистика хабын және автожол инфрақұрылымын дамыту саласында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Бұл уағдаластықтарды іске асыру автомобиль жолдарының қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға жол ашады. Атап айтқанда, өңіраралық тасымалдар жылдамдығын ұлғайтуға, жолдағы уақыт шығынын және жолдарды пайдаланушылардың эксплуатациялық шығындарын қысқартуға, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік береді.
Отырыста күн тәртібі бойынша Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Қаржы министрі Әлихан Смайылов және басқалары сөз сөйледі.
Дереккөз: Айқын