Zheka Fatbelly қазақстандықтардан не үшін кешірім сұрады

0

Алматы полициясы төтенше жағдай және карантин режимін сақтау аясында әлеуметтік желіге тұрақты түрде бақылау жүргізіп отырады

АЛМАТЫ, 23 сәуір – Sputnik. Әлеуметтік желіде Zheka Fatbelly ретінде танымал блогерге төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін айыппұл салынды. Бұл жайында Polisia.kz порталы хабарлады.

Алматы полициясы төтенше жағдай және карантин режимін сақтау аясында әлеуметтік желіге тұрақты түрде бақылау жүргізіп отырады. Мониторингтің мақсаты – құқықбұзушыларды анықтау.

«Тәжірибе көрсеткендей, әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары, вайнерлер мен блогерлер де карантин ережелерін бұзатындар қатарында. Олар бұл әрекетін желіде жариялайды. Осылайша, заң мен қауіпсіздік шараларын елемейтінін көрсетеді», — деді Алматы қаласы ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.

Оның айтуынша, белсенді желі қолданушыларының осындай әрекеті кесірінен өзгелер де режимді сақтамау керек деп түсінуі мүмкін. 

Карантин режимін бұзушылардың бірі әлеуметтік желіде Zheka Fatbelly атымен танымал Жеңіс Омаров. Ол әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның 467-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен 10 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл төлейді.

Омаров төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады.

«Құрметті қазақстандықтар! 2020 жылдың 20 сәуірінде мен төтенше жағдай мен карантин ережесін бұздым. Маған досым келіп, шашымды алды. Мен мұны Instagram желісіне жүктедім. Бұл әрекетіммен құқықбұзушылыққа шақырғым келген жоқ», — деді азамат Омаров.

Сонымен қатар өз кінәсін мойындап, көпшілікті карантин режимін сақтауға шақырды.



sputniknews.kz