«Жедел жәрдем қала ішінде такси болып сандалып жүр»
-Алло, дәрігер, тезірек келіңіздерші? Балам сырқаттанып қалды… Қатты қорқып отырмын.
-Не болды? Қызуы көтерілді ме? Талып қалды ма? Аты-жөні кім?
-Сұрақтың астына ала бермей келе берсеңіздер қайтеді. Мекенжайым…
Қоғамда мұндай жағдай жиі орын алып тұрады. Дәрігердің сұрақтарына сабырмен жауап берудің орнына дөрекілік танытып, тіпті баланы ұмытып, қорқыныштың арбауына түседі.
Бірер апта бұрын Ақтөбеде орын алған жағдай жұртшылықтың жағасын ұстатты. Жедел жәрдемді 40 минут күткен ата-ана қаршадай қыздарынан айырылды. Талмасы ұстаған қыз бала тілін жұтып қойып, дәрігерлер келемін дегенше қайтыс болады. Бұл жағдайға кімнің кінәлі екенін енді заң шешеді. Жедел жәрдем бригадасындағы дәрігер де, қоңырауларды қабылдап отырған диспетчер де орындарын босатты. Ал қызының ауырып жатқанын көрген ата-ана ше? Жалпы осыған ұқсас жағдайлар елімізде жиі кездесіп жатады. Әрине, бар кінәні жедел жәрдемге жаба салу оңай-ақ. Ал баланың, науқастың алдындағы сіздің міндетіңіз ше? Ол не болмақ? Иә, науқас адамның өміріне дәрігер жауапты. Ал дәрігер келгенше науқасқа жанындағы адам жауапты екенін білесіз бе? Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында Германияда бірнеше жыл қызмет еткен қазақстандық дәрігер Ғабит Нұрханұлы толығырақ айтып берді.
-Жедел-жәрдем шақырылған мекенжайға неше уақытта жетуі тиіс?
-Былтырғы жылдан бері Қазақстанда жедел жәрдем жаңа ережелер бойынша жұмыс істейді. Ол ережелерге сәйкес, жедел-жәрдемді шақырулар 4 санатқа бөлінеді:
1-санат: пациенттің өміріне қауіп төніп тұрса, медициналық көмекке мұқтаж жағдай. Ондайда жедел жәрдем 10 минутқа дейін келу керек.
2-санат: Пациенттің жағдайы аса қауіпті емес, алайда медициналық көмекті қажет ететін жағдай. Жедел жәрдем 15 минутқа дейін келуі керек.
3-санат: Пациент медициналық көмекті аса қажет етпейтін, күтуге мүмкіндігі бар жағдай. Жедел жәрдем 30 минутқа дейін келеді.
4-санат: Науқастың өміріне де, денсаулығына да қауіп төніп тұрмаса, созылмалы аурулардың әсерінен болған шақыруларға жедел жәрдем 40 минуттан 1 жарым сағатқа дейін келеді.
-Жедел жәрдем келгенше науқастың жанындағы адам не істеу керек?
-Оқыс жағдайда науқасқа жанындағы адам алғашқы көмек көрсетуге тырысу керек. Алайда ол адамның медициналық білімі болмауы мүмкін ғой. Ондайда не істеуге болады? Егер адам науқастанып қалса, әрине алдымен 103-ке хабарласып, жедел жәрдем шақыру керек. Жедел жәрдем бөлімінде диспетчермен қоса, кез келген сұрағыңызға жауап беретін бірнеше дәрігер болады. Жақыныңыздың сырқатына байланысты дәрігерден көмек сұрай аласыз. Дәрігер де жедел жәрдем көлігі келгенше сізге ақыл-кеңес айтуға міндетті.
Ал басқа жағдайда, егер науқастың талмасы ұстаса, тілін шығарып, тыныс жолдарын ашып, ауа жіберу керек. Ең бастысы тілінің жұтып қоймауын бақылау. Ал егер қан кетсе, тоқтату керек.
-Жедел-жәрдем бөліміндегі ең үлкен жауапкершілік кімге артылған?
-Ең алдымен хабарласқан адамның қоңырауын диспетчер қабылдайды. Қоңырау түскен бойда диспетчер төмендегі дүниелерді анықтап алуы тиіс: науқастың аты-жөні, жасы, жынысы. Науқастың жағдайы жайлы ақпарат. Мән-жайын түсіндіру. Мекенжай мен телефон.
Бәрін анықтаған диспетчер жедел жәрдем қызметкеріне хабарлайды. 5 минуттың ішінде диспетчер дәрігерге ақпаратты толық айтып өтуі тиіс. Жалпы жедел жәрдем бригадасында фельдшерлер, дәрігерлер, жүргізуші мен реанимация болады. Ең алғашқы жауапкершілік бәрін анықтап, жедел жәрдем қызметкерлеріне хабарлайтын диспетчерге жүктеледі. Одан кейін науқастың денсаулығына, өміріне жауапты фельдшерлер мен дәрігерлерге байланысты. Қызмет пульттің басында отыратын диспетчер арқылы жұмыс істейді. Алайда бар жауапкершілікті жедел жәрдем қызметкерлеріне жаба салу – қате. Жедел жәрдем келгенше науқастың өмірі үшін жанындағы адам да күресуге тырысу керек
-Жедел жәрдемді қандай жағдайда шақыру керек?
-Бұл сұраққа нақты жауап беру қиындау. Себебі түрлі жағдайлар болып жатады. Мәселен, жай ғана қызу көтерілудің салдары қайғылы жағдайға әкеліп соғуы мүмкін. Германияда жедел-жәрдемді тек емделуші дәрігердің рұқсатымен шақыра аласың.
Бұған қоса жедел жәрдемді «еріккеннен» шақыратын жағдайлар да кездесіп жатады. Әрине, жедел жәрдемнің қызметі тегін, шақырсаң болды, жетіп барады. Мәселен, мен жедел жәрдемде жұмыс істеп жүргенімде «итім ауырып қалды» немесе «пультім жоғалып қалды» деп шақыртқандар да болған. Оның үстіне бір мекен — жайға 16 мәрте барған кезіміз болған. Созылмалы онкологиялық ауруға шалдыққан науқастың жағдайы сағат сайын нашарлайды. Ал «қайта-қайта шақыртып жатыр» деп қоңырауынан бас тарту – біздің міндетімізге жат.
Кей кездері телефон арқылы «науқас ессіз жатыр» деп айтады, барыңды салып барасың, әлгі «науқасың» араққа шылқия тойып алып орнынан қозғала алмай жатыр екен. Немесе жай ғана «температура» деп айтады, барсаң науқастың жағдайы тым ауыр.
-Жедел жәрдем қызметкерлері үшін адамның денсаулығы қаншалықты маңызды?
-Басты мақсат, басты міндет – науқасқа көмектесу. Бірақ жедел жәрдем деген атауды пайдаланатындар көп. Адамдарда «жедел-жәрдемсіз ауруханаға барсаң, қабылдамайды» деген түсінік қалыптасқан. Сол себепті кез келген себепке бола шақыртып алады. Шыны керек, жедел жәрдем такси болып сандалып жүр.
Дәрігер үшін адамның денсаулығынан, өмірінен артығы жоқ. Науқасты жазу, емдеу – басты міндеті.
-Ал Ақтөбеде болған жағдайға байланысты не айтар едіңіз? Жалпы кім кінәлі?
-Ол жағдайда бәрінің кінәсі бар. Диспетчер де, дәрігер де жауап береді, біле білсеңіз, ең үлкен қателік баласы науқастанып қалса да, көмек көрсетпеген ата-анасында. Көмек көрсетпеген. Температураны түсірудің 20 түрі бар. Google-ді ашып, сұрай салсаңыз, бәрін көрсетіп береді. Ал қыздың анасы жедел жәрдемді күтіп отыра берген. Сөйтіп дәрігер келгенше, бала қайтыс болып кетті, тіпті әлгі дәрігер не істерін білмей қалған. Ал кешігіп келгеніне дәрігер емес, оған хабарды жеткізген диспетчер кінәлі. Себебі дәрігерге қанша уақытта баруы керек екенін шешетін – сол диспетчер. 10-15 минут десе, жедел жәрдем көлігі тіпті кептеліс болып жатқанның өзінде, сол уақытта тиісті мекен жайға жетуі тиіс. Ал одан бұрын бұл жағдайда диспетчерге баласының жағдайын дұрыс хабарламаған ата-ананың да қателігі орасан.
♦Жедел жәрдем 40 минутта келемін дегенше кішкентай қыз өлді
Негізінен дәрігерді жұмыстан шығара салумен ештеңе шешілмейді. Ол кетеді, ертең орнына басқа адам келеді. Дәл осы қателік қайталанбасына кім кепіл?
-Жедел жәрдемде жұмыс істейтін дәрігерлердің қызметіне көңіліңіз тола ма?
-Шын мәнісінде, жедел жәрдем қызметкерінің жұмысы көзге жеңіл көрінгенімен, оның мойнындағы ауыр жүкті қарапайым адам көре бермейді. Жедел жәрдемде өзім де жұмыс істедім, көп тəжірибе жинадым. Жалпы қызығы мен шыжығы көп әрі ауыр мамандық. Ауруханада дəрігер диагноз қою ушін науқастан ондаған анализ алып жатады, оның нәтижесі бір апта, ары кетсе, бір айда дайын болады. Ал жедел жəрдем дəрігерінің диагноз қоюға 10-15 минут уақыты бар. Сол аралықта науқас қандай жағдайға ұшырады, бұған дейін мәселе болды ма, бәрін анықтап үлгеруі тиіс. Жағдайы ауыр болса, жедел жәрдем көлігіне дейін апарып, ауруханаға жеткізуге асығады.
Бізде жедел жәрдемнің қызметіне құрметпен қарамайды. Тіпті жеңіл көліктер кептелісте жедел жәрдем көлігіне жол бермейді. Ал Германияда артында жедел жәрдем келе жатса, жеңіл көлік жол шетіне шығып кетуге асығады. Медицинасы жоғары дамыған мемлекет – Германияда, дәрігерге деген үлкен құрметті де Германиядан көре аласыздар.
Тағы бір мәселе, дәрігерлерді қабылдайтын мекен-жай иелерінен не күтеміз? Жедел жәрдемдегі ыңғайсыз жағдайдың бірі – аяқ киім. Тиісті мекенжайға барған дәрігер үйге аяқ киімін шешпей кіреді. Күздігүні немесе қыста жер лай болады. Мұндай жағдайда адамдар шағымданады. Науқастың жағдайынан бұрын, наразылықтары басым келеді. Ал жедел жәрдем қызметкері аяқ киімін шешіп отыратын қонақ емес. Сол себепті шақырған адам кілемін жолдан алып, дайын отырса игі.
♦»Германиядан кейін Қазақстанның жиіркенішті жүйесіне жұмыс істемеймін деп шештім»
Сұхбаттасқан: Гүлім Жақан