Жедел «Көмек-103» – жұртқа керек ізгі іс
Алматы облысында денсаулық сақтау басқармасының жүйесінде жедел жәрдем қызметінің сапасын арттыруға бағытталған «Көмек-103» атты бағдарлама жүзеге асырылуда. Отандық IT-мамандардың қолынан шыққан цирфлы бағдарлама облыстағы жедел жәрдем қызметін бір жүйеге шоғырландыру, бір орталықтан басқаруға мүмкіндік беріп отыр.
– «Көмек-103» бағдарламасын өзіміздің мамандармен ақылдаса отырып қолданысқа енгіздік. Бұл жүйенің іске қосылуы жедел жәрдем қызметінің сапасын жақсартып, дәрігерлердің алғашқы медициналық көмек көрсетуінің мүмкіндігін өсірді. Нәтижесінде, адам өмірі үшін күрес нәтижелі бола бастады, – дейді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы Жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Біржан Оспанов.
«Көмек-103» бағдарламасы оңай әрі оңтайлы жұмыс істейді. Облыстағы барлық жедел жәрдем қызметі автоматтандырылған орталыққа қосылып, қоңырау қабылдау желісі арнайы алгоритм бойынша реттеледі. Қазір облыстың қала мен аудан орталықтарынан бөлек, ауылдарда да жедел жәрдем стансасына түскен телефон қоңырауына 20 секундтан 1 минут аралығында жауап беріліп, көмекке мұқтаж адамның жағдайы туралы дәстүрлі сұрақ қойылады. Ол науқастың дене қызуы, ауру барысы жайлы қарапайым сауалдардан тұрады. Осы аралықта бағдарлама кезекшісі жедел жәрдем көлігіндегі дәрігердің телефонына шақырту түскен науқастың жағдайы мен көрсетілетін көмектің барысы туралы SMS хабарлама жолдап, тиісті нұсқау беріп үлгереді және цифрлы жүйе тіркелген науқас тарихын жедел сараптап, көрсетілетін көмектің санатын автоматты түрде анықтайды да, ең жақын маңдағы ауруханаға хабар жібереді.
– «Көмек-103» жүйесі жедел жәрдем қызметін 4 санатқа бөліп қарастырады. Мысалы, 1-санатқа адам өміріне қатер төнген жағдай, дәрігердің жедел араласуы қажет науқастардан түскен шақырту жатқызылады. Бұл санат үшін дәрігерлер бригадасының науқасқа жету уақыты 10 минут болып белгіленеді. 2-санат бойынша көмек беру уақыты – 15 минут, ал үшінші және төртінші санаттағы науқастар үшін 30 минут пен бір сағат аралығы. Бұл жұмысты бұрын кезекші диспетчер реттеп, үлгермей жататын болса, жаңа жүйенің енгізілуімен автоматты түрде реттеліп, науқастың мекенжайын карта бойынша анықтау мен қандай көмекті бірінші көрсету жайлы нұсқаулық та дәрігерге жылдам жіберіледі, – деді Б.Оспанов.
Жалпы, цифрландыру бағдарламасының игілігін алыс ауылдардан бұрын қалалық өңірлер алғашқы болып сезініп отырғаны белгілі. Бұл ретте ауылдардағы телекоммуникация жүйесінің дамымай қалуы цифрлы жүйелердің қызмет көрсетуіне кедергі болып отырғандығын айтуымыз керек. Өкінішке қарай, Алматы облысында кең жолақты интернетке қосылу үрдісі алыс ауылдарға әлі арман болып тұр. Нәтижесінде, халыққа қызмет көрсету барысында озық тәсілдер ретінде танылған көптеген цифрлы бағдарламалар елді мекендерде қолжетімсіз күйінде қалып отыр. Соның бірі – Алматы облысы әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қолға алынған «Көмек-103» бағдарламасы.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/