Жазушылар одағы тың бастамаларды қолға алды

0
88

Қазақстан Жазушылар одағында «Ұлы даланың жеті қыры және қазақ әдебиеті» атты I  пленумы өтті. Аталған отырыста ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы, сондай-ақ жазушылар қауымының алдағы мәселелері басты тақырып болды.

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет өз баяндамасында президенттің мақаласы туралы, мән-маңызы туралы тоқтала келіп, Қазақстан Жазушылар одағы «Азия елдері қаламгерлерінің I пленумы» атты халықаралық конференция ұйымдастырғалы отырғанын айтты.  «Бұл шын мәнінде 1973 жылғы Азия-Африка жазушыларының V конференциясынан кейінгі орасан бас қосу болмақ», – деді Ұлықбек Есдәулетов. Ол бұл ауқымды жобаға билік тарабынан да күшті қолдау болып жатқанын да айтып өтті.

Жазушылар одағының басқарма төрағасы жасаған баяндамада «Сөз патшасы» атты поэтикалық жаңа театрдың ашылатыны туралы жаңалық та айтылды. Жаңа көркемдік жетекшісі Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың режиссері Бейбіт Камаранов болмақ. «Сөз патшасы» 2019 жылдың бас шенінде Әмірхан Балқыбектің рухына арналған «Қасқыр құдай болған кез» атты поэтикалық  драмамен шымылдық ашпақ. Беташар драма ақын Бақыт Беделханның қаламынан туған.

Ұлықбек Есдәулетов сөзінде: «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне барлық оқушыларға арналған әдеби оқулықтарға сараптама жасап, оқулықтарды Жазушылар одағының мақұлдауынан кейін ғана бекіту туралы ұсыныс дайындап отырмыз. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағы жанынан ән мәтіндерін қадағалайтын «Көркемдік кеңес» құрылады. Көркемдік кеңес «әннің естісін елеп, ессізін електен өткізіп, қазақ руханиятының тамырына қан жүгіртіп, ұлттық идеологиямыздың жаңаша жаңғыруындағы ұстанымымызды ұстап қалуды көздейді», – деді.

Қазақ қаламгерлерін ұлттың өнері, әдебиеті, білім беру салаларында қадағалаушылық рөлін арттырған бұл бастамалар көзқарақты жұртты қуантады деп сенеміз.

“The Qazaq Times”