Жазушылар авторлық құқығын неге мемлекетке сатады?
Ақын-жазушылардың жаңа шығармаларын мемлекеттің сатып алып, баспадан шығаруы туралы кезінде ұсыныс жасаған жазушы Сұлтанәлі Балғабаев – бұл саясат жүзеге асқан кезде оған наразы болғандардың бірі.
Мәдениет және спорт министрлігінің 2017 жылғы шілденің 18-інде «Мәдениет туралы» 2016 жылғы заңды негіз еткен «Мемлекеттік маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату қағидалары» дейтін №210 қаулысы шыққан болатын. Жазушы Сұлтанәлі Балғабаев бұл қаулының шығуына өзінің түрткі болғанын айтады.
— Бұған дейін мемлекеттен қаржы тек кітап шығаруға бөлініп келді. Өйткені біздің заңда солай жазылған еді. Ал дүниежүзінде кітап шығару ісіне қатысты заңдарда үш бап бар. Ол – кітапты сатып алу, шығару және тарату. Міне, 2016 жылы заңға өзгеріс енгізілетін кезде мен осы мәселені көтеріп, сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалинге ұсыныс айтып, осы үш бап біздің де заңға енгізілуі керектігін ескерттім. Солай болды да, — дейді Сұлтанәлі Балғабаев.
Жазушы мәдениет министрлігі авторларға кітап шығару және қаламақы төлеу ісінде қолдау көрсеткенімен, авторлық құқық мәселесінде даулы шешім шығарып отыр деп есептейді. Ол «жазушының авторлық құқығының өзі өмірден өткеннен кейін 70 жылдан соң қайтарылады» деген шешімі заңсыз екенін айтады.
«Жазушының авторлық құқығын алып қою дұрыс емес» дейтін тек Сұлтанәлі Балғабаев емес. Жазушы Смағұл Елубай да өзінің бұл мәселеден хабары бар екенін, бірақ әзірге ешқандай қолжазба ұсынбағанын айтты. Оның пайымдауынша, «үкімет авторлық құқықты емес, оның кітабын сатып алу құқығын алуы керек».
Бүгінге дейін мәдениет және спорт министрлігі 100-ден астам қолжазбаны қабылдапты. Азаттық қолжазбасын сатқан ақын-жазушылардың бірнешеуіне хабарласқан болатын. Бірақ олар қолжазбаларын өткізгендерін растағанымен, авторлық мәселесіне келгенде сөйлесуден қашқақтады. Тек өз атын атамауымызды сұраған авторлардың бірі «амалсыздан авторлық құқығынан бас тартуға келіскенін» айтты.
— Былтыр денсаулығым қатты нашарлады. Емделуге қаржы қажет болды. Сол тұста балаларым да жұмыссыз жүр еді. Еріксіз жұмысымды бердім. Бірақ біздің авторлық құқығымызды алып қойғандары дұрыс емес қой, — дейді жазушы.
Бірақ бұл саясатты қолдайтындар да бар. Бірнеше ғылыми-зерттеу кітаптарын шығарған журналист Қуандық Шамахай министрліктің бұл шешімін «құптарлық іс» деп санайды. Оның айтуынша, қолжазбаның жарыққа шықпай тартпада жатқанынан, оқырманға жеткені әлдеқайда артық.
Кітап шығару ісіндегі әлемдік тәжірибелерді тізбелеп шыққан Қуандық Шамахай «Қазақстанда кітап шығарумен айналысатын баспалардың біліксіздігі мен іскерлігінің төмендігінен мемлекет өзгенің шаруасын еріксіз мойнына алып отыр» дейді.
— Жазушылардың қолжазбасын мемлекеттің сатып алуын мен дұрыс қадам деп есептеймін. Себебі қазір қазақ жазушылар жазумен айналыспай жатқан жоқ. Бірақ шығаруға баспаханалар қолдау көрсете алмай отыр. Шын мәнінде осы іспен айналысатын біздің баспалардың аты бар да, заты жоқ. Жұмыс істей алмайды. Шетелдің тәжірибесін әлі игерген жоқ. Соның салдарынан жазушылар қаламақыны ешқайдан ала алмайтын, жазғанын бастыра алмайтын пұшайман күйге түсті. Осы тұста мемлекет тарапынан жазушылардың шығармашылығын қолдау, оларды ынталандыру, олардың қаламақысын төлеудің бір жолы осы болып отыр. Бұл үлкен қолдау, — дейді ол.
Жазушылар одағының жанынан құрылған «Әдебиет» баспасының жетекшісі Ғалымбек Қалибекұлы былтыр 20 қолжазбаны авторлармен келісіп мәдениет минмистрлігіне өткізген. Бірақ олардың ешбірі кітап болып басылып шықпаған.
— Бұл жерде бірінші мәселе – кітаптың шығуы. Оны қай кезде шығаратынын министрлік шешеді. Бірақ авторлар кітабының шығатынына алаңдайды. Екіншіден, меншік құқығынан айрылып қалуға көпшілік жазушылар келіспейді. Бірақ қаламақы үшін амалсыз барады. Ал министрлік бір автордың бір шығармасын бірнеше мәрте сатпауы үшін осы қадамға барып отыр, — дейді Ғалымбек Қалибекұлы.
Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Баспа ісі» басқармасының Азаттыққа берген мәліметі бойынша бұл мекеме 2017 жылы 54 қолжазба, 2018 жылы 67 қолжазба сатып алған. 2017 жылы сатып алынған қолжазбалар биыл баспаға түседі. Аты-жөнін айтудан бас тартқан министрлік өкілінің айтуынша, «авторлық құқық» мәселесі қолжазба иесімен «Авторлық құқық және сабақтастық құқық туралы» заңның 28-бабы, 2-тармағына сәйкес келісімшарт арқылы шешіледі.
Аталған заңның бабында «Тең авторлар жасаған туындыға авторлық құқық өмiр бойы және басқа тең авторлардан ұзақ өмiр сүрген ең соңғы автор қайтыс болғаннан кейiн 70 жыл бойы күшiн сақтайды» деп жазылған.