Жазушы қауымға артылған үлкен жүк
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы – тарихи, ұлттық санамызды жаңғыртып, тәуелсіздігімізді одан ары күшейтуге бағытталған үлкен еңбек. Ондағы басымдықтарды жүзеге асыруға мән берген «Нұр Отан» партиясы бас жүлдесі 1,5 миллион болатын «Ұлы дала» шығармашылық байқауын жариялады. Рухани жаңғыру идеялары мен құндылықтарды дәріптеп, әдебиетті дамытып, оған қолдау көрсететін байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы қаламгерлер қатыса алады. Еліміздің рухани жаңғыруы мен дамуын суреттейтін, талантты жас әдебиетшілерді анықтап, олардың еңбегіне лайықты баға беретін шығармашылық байқауға қатысушылардың қарасы күннен-күнге артып келеді. Осы ретте қазылар алқасының мүшесі, жазушы, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әлібек Асқармен байқаудың бағыт-бағдары турасында әңгіме өрбіткен едік.
Қоғамдық іс-шаралардыңмаңызы – тарихи шығармалар жазу
Байқауда «Проза», «Поэзия», «Драматургия, көркем фильмдер мен телесериал сценарийі», «Публицистика» және «Балаларға арналған шығарма» сияқты бес аталым бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы қашанда зиялы қауымға, ақын-жазушыларға, мәдениет пен өнер саласында тер төгіп жүрген барша азаматтарға ұдайы қолдау көрсетіп келе жатыр. «Ұлы дала» шығармашылық байқауы – осының дәлелі.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында айтылған идеялар мен құндылықтарды дәріптеуге бағытталған қоғамдық іс-шаралардың қатарындағы ең маңыздысы – тарихи шығармалар жазу және кітап оқуды дәріптеу дер едім. «Ұлы даланың ұлы есімдері» бөлімінде «мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет», – деп атап өтті. Әрі қарай тек жұмыс істеу керек.
Пікір алуандығы ескерілуі тиіс
Президент әдебиетшілерге «мынаны жаз» деп анықтап айтып бермесе, қалған бағытты көрсетіп отыр. Әдебиетімізде тарихи шығармалар баршылық. Бірақ кеңестік кезең цензурасына сәйкес көптеген тарихи деректерді өзгертіп беруге тура келген жағдайлар жоқ емес. М.Әуезов жазған «Абай жолындағы» Құнанбай бейнесі әлі күнге түрлі пікірталас тудырып келеді. Бұл – заңды нәрсе. Мәселен, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының өзін қазір оқыған жастар ондағы кейіпкерлерге мүлде басқа көзқараспен қарауы мүмкін. Кезіндегі біз сияқты Қозыны жақтамай, батылдығы мен құдық қазған еңбекқорлығы үшін Қодарды жақтауы мүмкін. Оған ешкімді сөгудің қажеті жоқ. Қазір құндылықтар өзгерді, әрі пікір алуандығын ескеру керек. Сол сияқты жаңа заманның көзқарасындағы тарихи тұлғаның әдеби бейнесін барынша шынайы етіп ұсыну – жазушыларға артылған жүк десе, артық айтқанымыз емес.
Кітапты да жаңа заманға сай ұсына білу керек. Бұл бағытта дамыған мемлекеттермен тәжірибе алмасқан да жақсы.
Еш жерде жарияланбаған шығармалар қатысады
Бұл байқау қоғамымыздың рухани жаңғыруына әсер ететін еңбектерді және тарихымыздағы ұлы тұлғалардың өнегелі өмірін насихаттайтын шығармаларды қолдайды. Оның негізгі шарттарында «бұрын еш жерде жарияланбаған шығармалар қатыстырылады» деп атап көрсетілген. Конкурстың мақсаты – қазақстандық қоғамды рухани жаңғыртудың идеялары мен құндылығын көрсететін қазіргі заманғы қазақстандық авторлардың шығармаларын дамыту, қолдау және насихаттау. Яғни, байқау шығарма авторларына да қолдау көрсетеді. Сонымен қатар байқауға қатысатын шығармалар оқырман талабына сай болуы тиіс. Жаңа заманның кейіпкерлерін, бәсекеге қабілетті қазақтың жаңа бейнесін насихаттау басты назарда болады. Қазіргі қоғамның кейіпкері кім? Ол қандай адам? Бұрынғы көркем әдебиеттегі жақсы, жаман образдар деген сияқты біржақты көзқарас емес, кәдімгі өзімізбен қатар өмір сүріп жатқан, позитивті ойлайтын жаңа кейіпкер, жаңа образдар пайда болса деген үміт бар. Елбасының мақаласында өмірі өнеге болатын ұлы тұлғалар туралы, Отанымыз, еліміз бен жеріміз туралы фильмдер түсіруге көңіл бөлініп отыр. Ал осының бәрінің негізі әдебиеттен бастау алмай ма? Әдемі, сәтті сценарий, жаңа көркем образ – барлығы әдебиеттің нысаны. Содан кейін барып қана ол фильмге, басқа да жанрдағы көркем шығармаға айнала алады. Демек, кез келген жағдайда әдебиет сөзсіз дамуы керек.
Көркем әдебиет жалаң ақпаратқа жатпайды
Бүгінгі үлкен ақсақалдар: «баяғыда біз көп оқитын едік, қазіргі жастар кітап бетін ашпайды», – деп көп айтады. Мұндай сөздер қай кезде де болған. Әлі де бола береді. Бірақ кітап оқылмай қалып жатқан кез іс жүзінде жоқ. Кітап оқылады. Оқитын адамдар да көп. Алайда бүгінгі оқырманды тым талғампаз деуге болады. Әрі қазіргі оқырман салалық әдебиеттерді көп оқитын сияқты. Оған себеп – ақпараттың көптігі болса керек. Ал көркем әдебиет ондай жалаң ақпаратқа жатпайды. Ол – шын мәнінде адамды рухани дамытатын, жан дүниесін нұрға бөлейтін нәрсе. Менің ойымша, керісінше осы көп ақпаратпен алысып өтіп жатқан қарбалас өмірде адам бір сәт тыныштықты қалайды, жан дүниесіне үңілгісі келеді. Қазіргі заман адамдары керісінше, өзін-өзі дамытуға көп көңіл бөледі. Мәселен, сіз үнемі шаршап жүретініңізді, кешкі кептелістен үйге шаршап келетініңізді, ішкі энергияңыздың жетіспей жатқанын байқасаңыз, көркем әдебиет оқыңыз дер едім. Адам өзін-өзі танығанда, осы қоғамдағы өз орнын нақты білгенде, өмір сүру оңайлай бастайды. Жастар кітапты сол үшін де көбірек оқуы қажет.
Рухани аш адамға әдебиет көмектеседі
Жастар қазір түрлі тренингтерге барудан ақшасын аямайтын болған. Өзін-өзі жетілдіруге деген талпыныс жоғары. Ол рухани аштықтан пайда болады. Өзін-өзі іздейді. «Осы әлемдегі мақсатым қандай, міндетім не?» деп ойланады. Міне, сол кезде көркем әдебиет көмекке келеді.
Қазір дамыған қоғам. Көп нәрсе рейтингпен, сұраныспен реттеледі. Ол да дұрыс шығар. Бірақ тек рейтинг қуып кете беретін болсақ әлемдік аренада ешқандай бет-бейнесі, өзіндік ерекшелігі жоқ ұлтқа айналуымыз мүмкін. Жаһанданудың жақсы жақтары көп, бірақ өзімізге лайықтап пайдалана алмасақ, оған сауатымыз жетпесе, жұтылып кете бару – өте оңай нәрсе. Сондықтан өтпелі қоғамның сұранысын қанағаттандырамын деп жүріп, негізгі бағыттан тайқып кетпеуді ойлауымыз керек. Біздің қазіргі ең негізгі мақсатымыз – алдағы үлкен өзгерістерге ашық болу, солай бола тұра, саяси,мәдени көзқарасы қалыптасқан адами капитал қалыптастыру. Әрбір жеке адамның рухани кемелдікке жетуі, жоғары мәдениеттің иесі болуы үшін көркем әдебиеттен үлкен азық жоқ дер едім.
Осы тұрғыдан алғанда жастардың бойындағы кітап оқу мәдениетін қайта оятуда да бұл байқаудың атқарар рөлі зор.
Әзірлеген Гүлжан РАХМАН