Жазушы Дулат Исабеков өмірден озды

0

Қазақтың белгілі жазушысы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабеков 82 жасында өмірден өтті. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Бұл туралы Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов Facebook парақшасында жазды.

“Қайран, Дулат ағам — ай, мынау жарық дүниеден Сіздің де кеткеніңіз бе? Осы қазір ғана, он — он бес  минут бұрын Естияр Дулатұлы інішегім маған осынау алапат қайғылы хабарды жылап тұрып жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Әбдешұлына, қалабасының төңірегіндегі жігіттерге,  басқа да ел ағаларына қаралы хабарды жеткіздім. Қазір өзім ағамның үйіне қарай кетіп бара жатырмын… Иә, Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің классигі, жазушы-драматург Дулат Исабеков өмірден өтті. Қазақ халқына қатты қайғырып көңіл айтамын, — деп жазды ол.

Бұған дейін желіде 82 жастағы жазушының денсаулығы сыр беріп, ауыр халде жатқаны туралы мәлімет тараған.

Дулат Исабеков 1966 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген.

«Мен әдебиетке ерте араластым. Бесінші курста кітабым шықты. Атақты болдым. Ерте пьеса жаздым. Сахнадан қойыла бастады. Ерте «Гауһартас» киносы түсірілді…», — дейді Исабеков.

1967-1968 жылдары Қазақстан телевизия және радио хабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетте аға редактор болды. «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі болды. Кейінгі жылдары «Жазушы» баспасының директоры болған. Алғашқы әңгімесі «Жолда» «Замандастар» атты жинақта 1963 жылы жарияланды. Кейін «Бекет» (1966 жылы), «Ащы бал» (1969 жылы), «Мазасыз күндер», (1970 жылы), «Қара шаңырақ» (1973 жылы), «Тіршілік» (1975 жылы) повестер мен әңгімелер жинақтары, «Қарғын» (1980 жылы) романы басылды. Таңдамалы повестері «Екі жиырма» (1983 жылы) деген атпен жарық көрді.

Бірқатар шығармалары орыс тілінде аударылып, «Полынь» (1978 жылы), «Отчий дом» (1979 жылы), «Смятение» (1986 жылы), «Новоселье в старом доме» (1986 жылы) деген атпен басылды. Жекелеген туындылары венгр, неміс, поляк, чех тілдерінде жарияланды. «Ректордың қабылдау күндері» (1975 жылы), «Әпке» (1977 жылы), «Ертеңді күту» (1979 жылы), «Мұрагерлер» (1982 жылы), «Алыстан келген ананас» (1984 жылы), «Кішкентай ауыл» (1986 жылы), «Анасын аңсаған қыз», «Ескерткіш операциясы», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Бонапарттың үйленуі», «Мұңлық-Зарлық», «Амал мен айла» секілді пьесалары республикалық, облыстық театр сахналарында қойылды.

2021 жылдан бастап Түркістанда ашылған драма театрда драматургтің қаламынан туған «Бөрте» қойылымы сахналанып келеді. Жекелеген туындылары бойынша «Гауһартас» (1975 жылы), «Дермене» (1986 жылы), «Тауқымет» көркем фильмдері түсірілді.