Жазира Байырбекова: Қазақтың тең жартысы «қайыршыға» айналып жатқандай көрінеді

0

Отандық танымал әнші Жазира Байырбекова әлеуметтік желіде өзінен көмек сұрайтындар көбейіп кеткенін айтты. Өнер иесінің сөзінше, оған күніге 40-50 хат келіп түседі екен. Эстрада жұлдызы мұқтаж отбасылардың жанайқайынан кейін жылап, ұйқысы қашып ауырып қалатын болған, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Жазира Байырбекова Instagram парақшасында өзінен көмек сұраған жандарға жауап берді. Әнші бұл тақарып аясында азулы жазба жариялап, енді бұдан былай келіп түсетін хаттарды мүлдем оқымайтынын ашық айтты. Шоу-бизнес өкілі бұл шешімінің себебін де түсіндіріп өтті.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын жағдайын айтып,көмек сұраған адамдардың хатын оқып, жылап, ұйқым қашып ауырып қалатынмын. Қазір өзімді сақтау үшін мән бермеуге тырысып жүрмін. Хаттарды көреміз. Тоқталып оқымаймыз. Өйткені күнде 40-50 ден аса хаттар,қоңыраулар күннен күнге көбеюде. Біреуі ұрсып сұрайды,біреуі қарғап сұрайды, біреуі жалынып сұрайды, біреуі шын мұқтаж, біреуі алдап сұрайды, біреуі міндеттісің деп мәжбүрлегісі келіп тістелеп сұрайды. 

Қазақтың тең жартысы «қайыршыға» айналып жатқандай көрінеді. Неге? Басқа елдерде де осылай ма екен?! Әлеуметтік желіге кіре алмайтын, кіруге ақшасы да уақыты да жоқ мұқтаж жандар қаншама. Қайырымдылықты кімге, қай кезде жасайтынын әр адам өзі шешеді. Мен инстадағы көмек сұраған хаттарды оқымаймын енді. Арнайы қайырымдылық қорларына жазыңыздар» , — деді Жазира Байырбекова.

Айта кетейік, бұған дейін әнші Гүлнұр Оразымбетова отбасылық қиындықтар туралы жан сырын ақтарған болатын. Өнер иесі мұндай жағдай әркімнің басына түсетінін айтып, көпшлікке кеңес берді.