Жазасын өтеп шыққандар тәуір жұмысқа зәру

0

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеуге бағытталған жобасы аясында бірқатар жұмыстар жалғасын тапты.

Бұрын істі болып, түрмеден жазасын өтеп, мерзімінен бұрын бостандыққа шығып, қазір Түрксіб ауданы Полиция басқармасында тіркеуде тұрған, сонымен бірге Түрксіб ауданы пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды осы күні әртүрлі мұқтаждықтар мазалайды. Соның бірі жұмысқа тұру мәселесі. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандармен кездесуге Түрксіб ауданы Еңбек мобильділігі орталығының маманы Мұрат Нызаматдин мен «Smart Soiutions» компаниясының кадрлар бөлімі басшысы Лариса Морозова келді.

Қазіргі таңда түрмеден шыққан адамдар былай тұрсын, бостандықта жүрген адамдардың өзіне жұмыс табу қиын екені белгілі. Бұл орайда жаза басып темір тордың ар жағын көріп келген азаматтардың алдынан шығатын проблемалар көп. Оларды жұмысқа қабылдағысы келетін жұмыс берушілер аз. Заң бұзып сотты болғандардан қауіптену табиғи заңдылық.

Мұрат Нызаматдиннің айтуынша бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдар үшін «Қоғамдық жұмыстар» бағдарламасы бар. Ол – жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін еңбек мобильділігі орталығымен жасалған келісім-шарт бойынша ұйымдастырылатын қоғамдық пайдалы еңбек. Мысалы, абаттандырушы, шабарман, құжат жүргізуші, т.б. Оның ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жалақысын еңбек мобильділігі орталығы толығымен қамтиды, 20 АЕК-тен төмен емес. «Биыл Алматыда 1 мың адамды кәсіптік оқытуға жіберу жоспарланып отыр. Оның  ішінде 687 адам білім беру ұйымдарына, 313 жұмыссыз адам жұмыс берушілердің жұмыс орнына кәсіптік оқытуға жіберіледі. Кәсіптік оқыту ұзақтығы 3 айдан аспайды. Кәсіптік оқуға жіберілген қатысушылармен әлеуметтік келісімшарт жасалады және оқу кезеңінде 21 787 теңге мөлшерінде шәкіртақы төленеді. Сіздерге осыған қатысып, стипендия алып, ары қарай жақсы жұмыс табуға мүмкіндік бар» дейді Түрксіб ауданы Еңбек мобильдігі орталығының маманы.

Жұмыс беруші ретінде кездесуге келген Л.Морозова ханым өз компаниясы туралы, бос жұмыс орындары туралы мағлұмат берді. «Біздің компания бухгалтерия, іс-қағаздары нарығында жұмыс істейді. Есепке жүйрік, соңғы шыққан бағдарлармалардан хабары бар, қағаз жұмыстарына ұқыпты адамдар болса, біз оларды қызметке қабылдауға дайынбыз. Ол кісі бұрын сотты болса, пробацияда тіркелген немесе полиция бөлімшесінде тіркелген болу керек. Сол жақтан анықтама ала келгені міндетті» дейді ол.