«Жазадан құтылғандар бізге күліп кетеді»

0
216

Азаттық: – Өңірде қызыл кітапқа енген жануарларды аулау жағдайы қаншалықты жиі болады?

Берік Жорабеков: – Былтыр Қызылорда облысы аумағында браконьерлік факті бойынша 15 қылмыстық іс қозғалған. Оның жетеуі – қарақұйрық пен ақбөкенге қатысты іс. Біздің филиал Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының аумақтарын қамтиды. Мұнда бес жылдан бері қызмет жасап келемін. Филиал басшысы болғаныма бір жылдан асты.

Азаттық: – Жұмыс барысында қандай қиындықтар болады?

Берік Жорабеков: – Далалы жерде браконьерлердің әрекетіне тосқауыл қою және оларды ұстау кезінде көптеген қиындықтарға тап боламыз. Мысалы, мемлекеттен берілген автокөліктер браконьерлердің көліктеріне жете алмайды. Көліктеріміздің қозғалтқыштарының көлемі 4-4,5 куб/литр болса, браконьерлер мемлекеттік стандарттарды өзгертіп, автокөліктерін 5,7-5 куб/литр етіп жасап алады. Заң бұзып, көліктерін әлдеқайда биік қылып, көтеріп алады. Мемлекеттік стандарттарда белгіленген тәртіпке бағынбайды. Далалық жерлерде оларға жетіп, ұстап алу өте қиын. Заң бұзғандарды тоқтатамыз деп көліктерімізді қиратып жатамыз. Оларды ұстау оңай шаруа емес.

Азаттық: – Ерлан Нұрғалиевтің қазасынан кейін кейбір адамдар кінәлілер жазаланбай қалады деп күдік келтірген. Қазақстанда браконьерлер жазалана ма?

Берік Жорабеков: – Былтыр бірнеше браконьерді ұстап, іс материалдарын өткізгенбіз. Іс соңына дейін жетпеді. Ішкі істер органдарына бірнеше рет шағым жазғанбыз. Мысалы, 2018 жылы қарақұйрық, он үш бас киік табылған автокөлікті ұстадық. Бірақ көлікті егесіне қайтарып бергенін естідік. Осындай бассыздықтар тоқтатылса деймін. Сонымен қатар, жақында Жалағаш, Қармақшы аудандарындағы далалы жерлерде қарақұйрықты аяусыз қырып жүрген браконьерлерді «Охотзоопром» мекемесінің Қызылорда филиалы инспекторлары зорға ұстаған. Оларды ішкі істер органдарына өткізген. Бірақ браконьерлердің «істері дәлелденбеді» деген себеппен автокөлігі егесіне қайтарылып, қозғалған іс тоқтатылыпты. Бұл ішкі істер органдары жұмыс істемей жатыр деген сөз емес. Заңды күшейту керек. Джип мінген қарулы адамдар далалық жерде қандай мақсатпен жүреді? Браконьерлікті анықтау мен олардың әрекетін дәлелдеуді жеңілдетсе екен. Оларды ұстау – біздің міндетіміз. Бірақ одан ары тергеу әрекеттерін жүргізіп, қылмыстарын дәлелдеу, заң шеңберінде жаза тағайындау – ішкі істер органдарының міндеті ғой. Шындап келгенде жазадан құтылып жатқандар біздің жұмысымызға миығынан күліп қарайды. Қылмыстық әрекеттерін жалғастыра береді.

"Охотзоопром" мекемесінің Қарағандыдағы инспекторлары. Сурет авторы - Оспан Әли.

«Охотзоопром» мекемесінің Қарағандыдағы инспекторлары. Сурет авторы – Оспан Әли.

Азаттық: – Браконьерлікпен ұсталған адамдардың ісін қалай дәлелдеуге болады?

Берік Жорабеков: – Мәселен, көшеде, далада жүрген джиптердің мемлекеттік стандарттарға сай әлде сай еместігін тексеру керек. Қатаң жазасын беру қажет. Сонымен қатар, браконьерлікпен ұсталды ма, көлігін сол сәтте тәркілесе деймін. Менің ренішім де сол. Браконьерлердің автокөліктерін қайтарған бірнеше жағдай болды. «Қылмыстық әрекеттері дәлелденбеді» деген себеппен бірнеше адамның көліктері тәркіленбеген оқиғалар бар. Жазадан құтылғандар браконьерлік істерін жалғастыра береді ғой. Ақыр соңында осындай инспекторымыздан («Қарағанды облысындағы браконьерлердің шабуылы» кезінде жарақат алып көз жұмған қорықшы Ерлан Нұрғалиевті айтады – ред) айрылып қалдық.​

Қорықшыларға шабуыл оқиғасының хроникасы

  • 13 қаңтар кешісін Toyota Land Cruiser көлігін мінген үш адам олардың ізіне түскен инспекторлар Петр Ницык пен Ерлан Нұрғалиевке қарсылық танытып, шабуылдаған. Арада екі сағат өткенде полиция шабуылдан жараланған инспекторларды тапқан.
  • Басынан ауыр жараланған Ерлан Нұрғалиев 14 қаңтарда Астанадағы №1 қалалық емханаға жеткізілген. Ішкі істер министрлігі қолайсыз ауа райының кесірінен санавиация тікұшағы оқиға орнына бара алмаған.
  • Бір күннен аса ес-түссіз жатқан Нұрғалиев 15 қаңтарда ауруханада 15 қайтыс болды.
  • Марқұм 17 қаңтар күні Қарағанды облысы Нұра ауданы Баршын ауылында жерленді.
  • 18 қаңтарда ішкі істер министрлігі үш күдіктіге халықаралық іздеп жариялады.

Дереккөз: Азаттық