Жаза басқан жастарға кешірім жасалуы тиіс — Қазыбек ИСА

0

“Ақ жол” партиясы қамауда отырған 42 жастың арызын Бас прокуратуға жолдады. Олардың біразы бүгінде қамаудан босап шықты.

Мәжіліс депутаттары, “Ақ жол” партиясы төрағасы Азат Перуашев пен “Ақ жол” партиясы төрағасы орынбасары Қазыбек Иса
18 ақпанда Тараздағы тергеу изолияторында тұтқындармен кездесті.

Олар жаппай тәртіпсіздік жасаған 68 адам ұсталып отырған #158-1 тергеу изолияторына
(13-ші изолятор дейді ел) барды.

Азат Перуашев пен Қазыбек Иса 6 қапасты (камера), әрқайсысында 10-12 адам отыр, аралап көрді. Онда азаптау, ұрып-соғу жағдайлары, қамауда ұстау жағдайлары, олардың құқықтарының бұзылуы болған-болмағаны туралы сұрады.

Ұсталғандар қысқа ғана “шағымдар жоқ», «бәрі жақсы»деп жауап бергендіктен, депутаттар жеке сөйлесуге ниет білдіргендерге уақытша ұстау изоляторы қызметкерлерінің қатысуынсыз, мекеме басшылығы дайындаған бақылау камераларынсыз жеке бөлмеде оңаша сөйлесуді ұсынды. Мұндай тілекті 14 адам айтып, депутаттар әрқайсысын бөлек қабылдап, жан-жақты әңгімелесу болды. Әңгіме 4 сағатқа созылды.

Ұсталғандармен әңгіме барысында мына жағдайлар анықталды:

— Бір-екеуін қоспағанда, ұсталғандардың дені 18 бен 24 жас аралығында екен.

— Тұтқынға алынғандардың жартысынан көбі қамау кезінде оларға қарсы күш қолданылғанын айтты. Ұсталғандарды УҰИ-да ұстаған алғашқы күндері азаптау мен ұрып-соғу туралы үш мәлімет айтылды. Депутаттарға қатыгездігімен ерекшеленген үш тергеушінің нақты аты-жөні аталды, олардың біреуін тергеу изоляторындағы қамаудағылар және олардан бөлек кеңседегі қабылдауға келген басқа күдіктінің анасы да атап өткен болатын.

– Тергеу изоляторына түскеннен кейін ешқандай азаптаулар мен ұрып-соғулар болған жоқ – мұны қамаудағылардың барлығы растады.

— Үш жағдайды қоспағанда, қалған арызданушылар қамауға алудың белгілі бір негіздері болғанын мойындайды. Ең көп таралған негіздер — ұрлық және қару ұстау. Ұсталғандардың айтуынша, тәртіпсіздіктер кезінде және одан кейін ІІД ғимаратының жанындағы саябақта автоматтар, тапаншалар, карабиндер және басқа да қарулар емін-еркін шашылып жатқан және сөмкелерге толтырылып қойылған. Ол жақтан біреулер бір қорап оқ, біреу 4 пулемет, біреу 4 автомат, біреулері тапаншалар алған. Қиратулардың, өртеніп жатқан әкімдік ғимараты алдында селфи жасап, жеке телефонына видео түсіргеннің нәтижесінде ұсталған адамдар да бар екен. Біреу таңғы сағат 4-те досымен бірге онсыз да талан-таражға түскен әкімдікке барып, ондағы техниканы талқандаса, енді бірі (оның айтуынша) әкімдіктің мөрін көшеден тауып, алып кеткен.

– Жеке әңгімеде ұсталғандардың барлығы дерлік жалпы көңіл-күйге бой алдырып, «қызық болғаны үшін шықтық», «қызығушылықпен бардым» деп айтты.

– Мемлекеттік адвокаттардың әрекетсіздігі мен енжарлығына шағымдар көп, жеке адвокаттарды жұмысқа алуға қаражат жоқ. Осыған байланысты, мемлекеттік қорғаушыны ауыстыру туралы өтініштер, сондай-ақ екі өтініш – Ұлттық ұланның құтқарылған сарбазын куәлікке шақыру туралы өтініштері жазылған, екінші жағдайда қаруды өз еркімен қайтаруға үндеулер, әкімдік ғимаратына өрт сөндіруші мәшине шақырғаны және тб. айтылған телефон қоңырауларының детализациясын алуға көмектесу туралы айтылды.

Жеке қабылдауға жазылған тергеу изолияторында отырған жас жігіттерге Азат Перуашев қателікттерін түсіндіре отырып, үлкен жігер берді. “Алдарыңда өмірлерің күтіп тұр, соған жету жолында жақсылықтан үміт үзбеңдер! Рухтарыңды түсірмей, қайрат көрсетіп, өз болашақтарыңды жарқын ету жолында әрекет жасаңдар! Бізді де хабарда ұстаңыздар, көмек қолын созуға дайынбыз!” — деп рухани қуат берді. Қамау қапасында отырған жас жігіттер қабылдаулардан жанарларында үміт оты пайда болып, еңселерін тік ұстап шықты.

Азат Тұрлыбекұлы байланысты үзбей, өзіне немесе Қазыбек Жарылқасынұлына хат жазуға, тым болмаса шартты не мерзімнен бұрын (УДО) босатуды сұрауды, бұл да жағдайды айтарлықтай жеңілдетуі мүмкін екенін тілге тиек етті.

Депутаттардың өтініші нақты кепілдік бермейтінін, соңғы шешімді сот шығаратынын жеткізді. Қандай үкім шығарылған жағдайда да, әділетсіз деп санап, келіспегендерге табандылық танытып, апелляциялық шағым түсіруге шақырды.

— Жалпы, оқиға барысында арандап қалғандарға адамгершілік таныту (шынайы ұйымдастырушыларды жауапқа тартумен қатар) қоғамдағы бірлікті сақтауға және жікке бөліну қаупін еңсеруге септігін тигізер еді деп ойлаймын, — деді А.Перуашев.

Қазыбек Иса:

ЖАЗА БАСҚАН ЖАСТАРҒА КЕШІРІМ ЖАСАЛУЫ ТИІС!

—Тараздағы тергеу изолияторында 6 қапаста (камера) 68 азамат отыр екен. Бәріне кіріп, көзбе-көз сөйлесіп шықтық. Қай қапасқа кірсек те, бәрі сапқа тұрып, кезекшісі бірден “ешқандай шағымымыз жоқ, бәрі дұрыс” деп баяндайды.

“Жазықсыз отырмын дейтіндер немесе мойныма істемеген қылмысты зорлықпен ілуде, азаптап, ұрып-соқты” дейтіндер болса, оңаша кабинетте жеке қабылдауға болады” деп едік, 6 қапастан 14 жігіт жазылды.

Бұл 14-інің де айтар арызын жоғарыда айтып кеттік. Азаптау, ұрып-соғу бойынша 3 тергеушінің үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Жалпы, жастар жаза басқандарын мойындап, істеген қателіктеріне өкінеді. Қапасқа кіргенде бізге құтқарушылар келгендей үлкен үмітпен қарады.

-Жап-жаспыз ғой, өміріміздің бәрі алдымызда. Оқу бітіріп, жұмысқа тұрсақ, отбасы болсақ” деп армандап жүр едік. Сотталып кетсек, өмірбаянымызға қара таңба түседі. Бүгін әкелеріміз бен аналарымызға, ертең балаларымызға не айтамыз?!. Сондықтан кешірім жасауды сұраймыз”-дейді жас жігіттер.

Иә, жалындаған жас шағында ел қамы үшін деп ереуілге шыққандарға ілесіп, аяғында арандатушылардың бүлігімен қанды қасіретте түрмеден бір-ақ шыққан өрімдей жас қазақ жігіттеріне қарап жаның ашиды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айтқандай, “ауырлататын мән-жай болмаса, жазаларын жеңілдететін” кез келіп тұр.

Жаза басқан, адасқанына өкініп, кешірім сұраған жастарымызды кешіре алмасақ, мемлекеттігіміз қайсы?!.-дейді, ақын, депутат Қазыбек Иса.

Түстен кейін депутаттар басқа да ұсталғандардың ата-аналары мен адвокаттарын қабылдап, олардың істері бойынша да Бас Прокуратураға өтініштер жолдады.

Қорытындысында “Ақ жол” партиясы қамауда отырған 42 жастың арызын Бас прокуратуға жолдады. Олардың біразы бүгінде қамаудан босап шықты.