Жауабы жоқ сұрақтар: Мұғалімді балағаттау 42 мың теңге тұра ма?..

0

42 000. 42 500. Халықтың экономикалық жағдайы мен 42 мың теңгенің қандай байланысы бар? Елдегі ең төменге жалақы мөлшері мен айыппұл бағасы бірдей ме? 

Бардым. Көрдім. Жаздым.

Kznews.kz сайты оқиғаны басынан бастап баяндайды.

11 наурызда Талдықорған қаласындағы М.Горкий атындағы №4 орта мектепте 2005 жылы туған оқушы биология пәнінің мұғаліміне дауыс көтеріп, балағат сөздер айтады. Әлеуметтік желіде тарап кеткен бұл видео халық арасында резонанс тудырып жіберді. Халықтың пікірі екіге бөлінді. Бірі – «кәмелетке толмаған балалардың іс-әрекеті үшін ата-анасының жауапкершілігі қарастырылған, баланың кінәсі жоқ» десе, енді бірі – «мұғалім қалай қарап тұрды екен, ол да дұрыс істемеді» деген пікір білдірді. Бұл – оқиғаның басы ғана.

Бір күн өткеннен кейін, 12 наурызда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов журналист Нартай Аралбайұлына тікелей эфирде сұқбат берді. Олар сұқбат барысында оқиғаны жан-жақты талқылай алды. Ол туралы толығырақ төменде айтамын. Қазір айтатаным – мынау.

Сол кездің өзінде Аймағамбетов оқушы мен кәмелетке толмаған балалар үшін жауапты ата-анаға қатысты заңнамаға сәйкес шара қабылданатынын айтқан болатын.

«Әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ баланың ата-анасына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Енді шешімді Алматы облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қабылдайды», — деді министр.

Әрі қарай оқушыдан балағат сөз естіген мұғалім полицияға арызданады. Бұл арыздан соң оқушыға әкімшілік хаттама толтырылды.

«Қазіргі таңда оқушыға қатысты Қазақстан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Шешімді Алматы облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қабылдайды», — деп хабарлады білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Соңында «Талдықорғанда мұғалімді балағаттаған оқушының анасына айыппұл салынды» деген тақырыппен ақпарат тарап кетті. Иә, Талдықорғанда мұғалімін балағаттаған оқушыға қатысты сот отырысы өтіп, нәтижесінде оның анасына айыппұл салынғаны белгілі болды.

Құқық бұзушының орнына оқушының анасы жауап беруге келген. Заң ата-ананың біреуіне балаға жауапты тұлға ретінде әрекет етуге мүмкіндік береді. Баланың анасына ҚР ӘҚБтК-нің 3-бөлігінің 127-бабы «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша 42 мың теңге айыппұл салынды.

Осы орайда баланың анасы мұғалімнен кешірім сұрайды.

«Ана ретінде сізді түсінемін, кешіремін, бірақ ұстаз ретінде мен қатты қорландым. Ұстаз мәртебесі аяққа тапталды», – деді мұғалім.

Қысқаша айтқанда – осы. Балағат сөз дауы осымен аяқталды деп айта аламыз. Өйткені 16 наурызда айыппұл туралы ақпарат шықты. Одан кейін бұл тақырып қайта қозғалған жоқ. Неге? Сіздің ойыңызша шынымен де бұл дау бітті ме? Жалпы осылай аяқталу керек пе еді?

Ал біз бүгін, 24 наурыз күні бұл мәселені қайта көтердік.

«Жел тұрмаса, шөптің басы неге қимылдады»?

«Мұның себебі не? Оқушы неге ұстазға осыншалықты дауыс көтерген, тіпті, балағаттаған?» деп «Мәселе» бағдарламасының тікелей эфирінде Нартай Аралбайұлы министрге сұрақ қояды.

«Биология пәні өтіп жатқанда мұғалім баладан сабақ сұраған. Бұл — мұғалім өз жұмысын жүргізіп жатқанда болған келеңсіз жағдай. Әрине, бұндай жағдайға жол бермеуіміз керек. Енді қазақ болғаннан кейін ежелден үлкендерді сыйлау, соның ішінде мұғалімге деген ерекше ілтипат, ерекше сыйластық біздің дәстүрімізде келе жатқан құндылық қой. Бұл мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылданып жатыр…», — дейді Аймағамбетов.

Бастапқы екі сөйлемде ғана министр оқушының мұғалімге не үшін боқтағанын түсіндіреді.

Бұл – министрдің айтқан пікірі ғана. Осы орайда баланың өзі, мұғалімі, ата-анасы бұл мәселе туралы ештеңе демейді. Неге? «Бір ақпаратты жарысып тарататын телеарна, газет пен сайттар, жалпы отандық БАҚ неге осы жағдайды жарысып, түрлі ракурста қарап зерттемеген?» деген ой келеді.

Оқиға 11 наурыз күні болған дедік. 12 наурызда министрдің «Мәселе» бағдарламасына сұқбат бергенін де хабарладық. 12 наурыз – сенбі, Нартай Аралбайұлының күні. Олар сол күнгі бағдарламаға «Қазақстандағы қылмыстық топтарды кімдер басқарады?» деген жалпы атау қойып, сол тақырып аясында сюжеттер дайындаған. Ал бір күн бұрын болған оқиға халық арасында шулы болып кеткеннен кейін ол туралы хабардың басында тілге тиек етеді. Нартай Аралбайұлы оқиға туралы хабарлап келіп, «Қоғамдық резонанс тудырған бейнежазбаны назарларыңызға ұсынайық. Мұқият қараңыздар! Одан соң эксклюзивті сұқбат бар», — дейді де, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен сұқбаттасады. Журналистің бұл жердегі мақсаты – мәселені көтеру, хабарлау және оған жаңа көзқараспен қарау (эксклюзивті сұқбат) болды. Ал басқалар қайда?

Бұдан бөлек «Қазақстан» ұлттық арнасында, «Ақпарат» хабарында «Талдықорғанда мұғалімді балағаттаған оқушының әрекетіне қатысты іс қозғалды» деген тақырыппен ақпарат жарияланды. Ол жерде жалпы ақпарат айтылып, әрі қарай ҚР Білім және ғылым министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Алтынай Жұмабекқызының пікірі ұсынылған. Ол шешімді Алматы облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қабылдайтынын айтты. Мұндағы ерекшелік – оқиға болған мектеп директоры Айшара Байкенженова пікір білдірген.

«Мынадай жағдайда үлкенге дөрекі сөйлеу, үлкеннің алдынан кесе-көлденең өту деген ұлттық тәрбиемізге жат нәрсе. Болған оқиға заң аясында қарастырылып, өз шешімін табады», — дейді мектеп директоры.

Ал оқиға өткеннен кейін 3 күннен соң ulysmedia.kz сайтында «Психолог талдықорғандық оқушының әрекетіне баға берді» деген тақырыппен материал жарияланды. Тақырыбының өзінен ерекшелік байқала ма?

Мұнда психология және педагогика ғылымдарының магистрі Серікгүл Сәли мәселеге үш түрлі көзқараспен қарауға болатынын айтады.

«Біріншісі — ол, баланың мінезінің өзгеріп, дөрекі сөйлеуіне қандай да бір тәуелді ететін дәріханалық заттардың, есірткілік шөптердің, ойындардың әсер етуін атайды. Қазір жеткіншектер ересектер сияқты ақыл-сананы тұмандандырып, ашушаң ететін нәрселердің дәмін көруге ерте кезден құмарланып жатқаны жасырын емес дегенді айтады ондай балалармен көп жұмыс істейтін маман. Екіншісі — отбасыда мұғалімнің еңбегі құнсыздандырылып, баланы ерекше, жеңімпаз, көшбасшы деп мақтауы, ата-ананың оны досы сынды ұстап, кейде лайықсыз, шектен тыс көтермелей беруі оқушының ештеңеге құлақ аспауына әкелуде. Үшіншісі —  бүгінгі білім жүйесінде, ұстаздардың өзін оқушылардың алдында ұстауында кем-кетік баршылық. Беделдері төмен…» — делінген материалда.

Осы 3 БАҚ-тың таратқан ақпаратында ғана ерекшелік байқалды. Қалғандарының жариялап жатқаны — жалпы ақпарат. Неге?

Сіз кімсіз, биология пәні мұғалімі?

«Ұстаз туралы айтайық. Қанша жыл өтілі бар екен? Мектепте қашаннан бері жұмыс істейді? Жалпы қаншалықты тәжірибелі маман?» деп Нартай Аралбайұлы министрге кезекті сұрағын қояды.

«Бүгін ұстазға тікелей телефон соғып, әріптесіммен сөйлестім. Жалпы әріптесімді тәжірибелі деп айтуға болады. Мектепте мұғалім болып істеп жатқанына 11 жыл болды. Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған жоқ. Балалармен қарым-қатынас құруды, сабақ беру әдістемесін білетін әріптесіміздің бірі. Сондықтан мұғалімге бүгін осындай жұмысы үшін алғыс айтып, қолдау білдірдім», — деді Аймағамбетов.

Бұл министрдің пікірі, жалпы мұғалім неге өзі пікір бермейді? Жақсы, психологиялық тұрғыда күйзеліске түскен шығар. Арада 10 күн уақыт өтті ғой. Бір мәлімдеме жасауға болатын секілді ме?!

42 мың теңге нені өзгертті?

Сұқбат барысында Асхат Аймағамбетов осы сұраққа да жауап берді.

«Әріптесімізге бүгінгі күні психологиялық көмек те керек. Бұл — қиын жағдай. Видеоны таралып кеткеннен кейін бүкіл халық көріп үлгерді емес пе?! Бұл мұғалімді үлкен күйзеліске алып келеді.

Бала үшін де күйзеліс болады. Өйткені комментарийлерде адамдар баланы жерден алып, жерге салып жатыр», — деді министр.

Біздің елде неге ата-ана жазаланады?

Елімізде кәмелетке толмаған балалардың іс-әрекеттері үшін ата-аналарға жауапкершілік қарастырылған.

«Осы іске байланысты оқушының ата-анасын жауапкершілікке тарту үшін әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар белгіленген тәртіппен оқушыны есепке қою және оған психологиялық көмек көрсету туралы мәселе де қаралады», — деген болатын БҒМ өкілдері.

Одан кейін «Құқық бұзушының орнына оқушының анасы жауап беруге келген. Заң ата-ананың біреуіне балаға жауапты тұлға ретінде әрекет етуге мүмкіндік береді. Баланың анасына ҚР ӘҚБтК-нің 3-бөлігінің 127-бабы «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша 42 мың теңге айыппұл салынды» деген ақпарат тарады.

Осы сұрақ төңірегінде министр не дейді?

«Біз бір мәселені түсінуіміз керек. Бұл қалай болса да, біз үшін бала — кәмелетке толмаған бала, оқушы. Сондықтан оған бала ретінде қарауымыз керек. Әрине, жауапкершілік бойынша ешқандай сұрақ жоқ. Жауапкершілікке тартылуы керек. Бұл жерде баланың ата-анасының жауапкершілігі туралы сөйлеуіміз керек. Балаға тиісті психологиялық көмек міндетті түрде көрсетіледі. Бұл жерде мен баланы қорғап тұрған жоқпын. Осындай көзқараспен қарау керек деп ойлаймын», — деді Аймағамбетов

Оқушы мен күйзеліс – егіз ұғым

Жоғарыда ulysmedia.kz сайтында жарияланған психолог пікірі туралы жазған болатынбыз. Соның желісінде ойымызға мынадай сұрақ келеді. Қазіргі оқушылар не үшін күйзеліске бейім келеді? Мәселеге жеке-жеке тоқталмай-ақ, топтастырып беруді жөн көрдік.

Оқиғаға сәйкес қазіргі 9 сынып оқушысының мектеп, жалпы білім туралы ойлары осындай деп ойлаймыз:

— кейбір түсініксіз сабақтар;

— ҰБТ;

— бітіру кеші;

— мемлекеттік емтихан;

— мүмкін мұғалімдер тарапынан оқушыға «10-11-ге қалмай-ақ қой, оқи алмайсың-ау» деген ойлар айтылған шығар;

— отбасылық табыс, бала 9 сыныптан шыққан жағдайда колледжде ақылы оқуға мүмкіндік жоқ шығар;

— «Кім боламын?» деген сұрақ.

Тізіп айта берсек, олардың ойларының ұшына жете алмайтынымыз белгілі шығар сізге де…

Шешімі табылмаған сұрақтар. Неге?

Мақаланың осы жеріне дейін оқиғаны талдап, бұл мәселе туралы айтылған пікірлерді саралап айттық. Сонда да бірдеңе жетпейтін секілді, иә?! Осы 7 беттік мақаланың өзінде «шешімі табылмаған сұрақтар» бар болып шықты. Соларды назарларыңызға ұсынамыз.

«Оқушы неге боқтады?

Мұғалім қаншалықты тәжірибелі маман? (Еңбек өтілін сұрап тұрғаным жоқ).

Балада психикалық ауытқу бар ма?

Сол сабаққа дейін бала және мұғалім қандай көңіл-күйде жүрді?

Оқушының сабақ үлгерімі қалай?

Бұған дейін дәл осы секілді осы оқушыда мұғаліммен кикілжің болды ма?

Бұған дейін дәл осы секілді осы мұғалімде оқушымен кикілжің болды ма?

Сынып жетекшісі оқиға туралы не дейді? Оқушы қандай бала өзі?

Баладан боқтық сөз естіген мұғалімнің қазіргі жай-күйі қалай? Жұмысын әрі қарай жалғастырып жатыр ма?

Оқушыға 9 жыл ішінде психологиялық көмек көрсетілген бе?

Баланың жалпы отбасылық жағдайы қандай?

Қазіргі оқушылар не үшін күйзеліске бейім?

Автор видеоны неге әлеуметтік желіде жариялап жіберді? Адамның рұқсатынсыз оның фото, видеосын жариялау статья екенін ол біле ме?

Оқушы отырған орындықтың арты неге шимай? Балалар оны мазақ қылып, жазып кеткен бе?

Сыныптағы ұл оқушылар ана баланы неге тоқтатпаған? Неге видеоға түсіріп отырған?…», — деген сұрақтар бар.

Сұрақ көп, жауап жоқ. Ойлаңызшы, осыншама сұрақтарға жауап жоқ, ал мұғалімге айтылған балағат сөздің жыры 42 мың теңгемен шешілген…

Ұсыныс

Жоғарыда айтылған сұрақтарға жауап болу үшін оқушының ата-анасы, оқушының өзі, мұғалімі, баланың сыныптастары пікірлерін айтуы керек деп ойлаймыз. Мүмкін видеомен немесе осы мәселеге белгілі бір бағдарламаның бір санын арнап жасауға болады.

Айта кетейік, бұл мәселе 42 мың теңгемен жабылғанымен, кейін тағы осындай оқиғаның болмайтынына кім кепіл?! Әркімнің шындығына емес, ақиқатқа үңілген дұрыс. Оқиғаға екі жақты қарасақ деген тілек бар.

Бұл мақала арқылы ұстазына балағат сөз айтқан оқушыны қолдауға хақымыз жоқ. Мұғалімді де мінсіз дей алмаймыз. Жай ғана мұндай мәселе енді қайталанбауы үшін «оқиғаның өтірігі қайсы, ақиқаты қайсы» анықтап алуымыз керек секілді. Ал оны анықтау үшін оқиғаның негізгі кейіпкерлері керек…

Kznews.kz ақпараттық порталы