Жат ортада жоғалмаған — Informburo.kz

0

Еркін аймақтағы ел

Интернеттен түбі белгісіз халықтар туралы сараптаманы көзіміз шалды. «Хазар атты халық тарихта болған, бірақ нәсілі белгісіз, қазір жойылып кеткен» депті. Бұл қисынмен келіспейміз.

Бірнеше жыл бұрын Пәкістанды армансыз аралағанбыз. Белужстан провинциясынан әріде сан текті тайпалардан құралған «Еркін аймақ» бар. Орталығы Пешевардан әрі иір-иір жолдармен тауға қарай беттейсің. Алдан шлагбаум шығады. Одан әрі федералдық басқарудағы тайпалар аумағы – ресми қысқартылған атауы FATA – басталды. Жер Пәкістандікі, бірақ мұнда оның заңы жүрмейді. Жергілікті тайпа көсемдері жағдайды өзі реттейді.

Бұл аймақ кезінде ағылшын отары болуға көнбеген. Осы жерге дейін жаулаушылар тартқан теміржолды жағалап келеміз. «Еркін аймаққа» келгенде тәуелсіз тайпалар жолды салғызбаған.

Британ билігін мойындамаған соң, оларға 1900 жылы Үндістан вице-королі (яғни Ұлыбритания королінің Үндістан бойынша орынбасары) лорд Керзон барынша еркіндік беріпті. Осылай пұштын мен дарилердің жеті хандығы пайда болған. Ұлыбритания билігі аяқталып, Үндістан мен Пәкістан болып бөлінгенде бастапқыда «Еркін аймақ» тұрмақ Белужстан жеке мемлекет бола жаздаған. Әлгі біздің Шығыс Түркістан сияқты. Бірақ, аймақты қаратып алады деп Сталиннен қорыққан ағылшындар дереу бұл өңірді Пәкістанға қосқан.

Федералдық басқарудағы тайпалар аумағында пұштын, дари, белуждармен бірге хазар деген халық тұрады. Бірден көзге жылы ұшыраған. Кветта, Пешевар, Себи қалаларында жиі көрдік. Түрі мен тақиясынан танисың. Пәкістандықтар сылыңғыр қара болып келсе, бұлар қызыл шырайлы. Бет пішіндері пұштын, даридікі сияқты ат жақты емес, дөңгелек жүзді. Көздері де біздің халыққа келіңкірейді.


Кветта тұрғындары арасында хазарды тақиясынан танисың

Кветта тұрғындары арасында хазарды тақиясынан танисың / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Хазардың көп бөлігі Ауғанстан аумағын мекендейді. Ең ірі руы дайзаңғы аталады. Бұл атау парсы тіліндегі «қоңырау» сөзінен шыққан деседі. Келесі рудың аты – Толыхан. Шыңғыс ханның осы аймақты жаулаған ұлы Толыдан қалған. Қарабатыр руының аты бүкіл түркі жұртына түсінікті ғой. Және бір руы өздерін нойман атайды екен.

Барлық хазар 6 миллион болса, екі жарым миллионы сол елде. Пәкістанда тұратындары екі миллионға жетпейді. Мұның сыртында Иранда 1 миллионға жуық.

Біз Пәкістандағы Күбір шатқалы арқылы ауған жеріне шамалы ғана кірдік. Тау басында Пәкістандық шекара қосыны тұр. Оның төменде сапырылысып жатқан халықпен шаруасы жоқ. Бұл – еркін аймақ. Төлқұжат, виза сұрамайды. Әйел атаулы басынан бақайына дейін қара хиджаб жамылған. Тіпті көздеріне қалдырған ойықты жуан қара жіппен торлап қойған.


Хазар отбасы

Хазар отбасы / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Айтпақшы, төлқұжат тексеретін ешкім болмаса да ақша айырбастап беретіндер бар. Банк емес, шалдар. Жол бойында ақ киініп қаз-қатар отыр. Екі жағына екі орамал жайып, шет-шетін таспен бастырып қойған. Бір жағында Пәкістан рупиі, екінші жағында ауған ақшасы.

Ары қарай ешкім қауіпсіздікке кепіл бола алмайды. Аңғарда иректеліп ағып жатқан өзенді бойлап кері қайттық. Сондықтан, ауған жеріндегі хазарлықтар туралы ақпарат көздеріндегі деректерге сүйеніп айта аламыз. Ал Пәкістандағыны өзіміз көрдік.

Тақия киген туыстар

Пәкістанда хазарды онша ұната қоймасын олардың топқа кірмей, шеттей бергенінен байқадық. Мемлекеттік қызмет жүйесінде бізді қаншама шенеунік қабылдағанмен арасында хазар болмаған.

Пәкістанның Кветта қаласына хазарлар ХІХ ғасыр соңында ауған жерінен бас сауғалап келіпті. Ал, жалпы Ауғанстанға қалай тап болғанын сәл кейінірек сөз етеміз. Кветтаны ағылшындар әскери бекініс ретінде салған. Және осында басқару органы отырған. Сөйтіп қашып келген көшпелі тайпаны қала маңына паналатқан.

Хазар еңбексүйгіштігімен ерекшеленген. Негізі «Еркін аймақ» адамдары қару-жарақ пен есірткі сатады. Пұштын, даридың пайдасы содан. Хазар оған араласпай, тау-кен өндірісінде істейді. Қолөнер бұйымдарын жасайды. Тері илеп, киім тігеді. Айтпақшы, Пәкістан даңқын шығарған бірқатар спортшылардың ұлты – хазар екен.

Қазақ пен іргелес өзбек, ұйғырға тән тақияны бүкіл Пәкістан аумағында осы хазарлар киеді. Онысы кестемен өрнектелген. Тақияның маңдай тұсы ашық. Үшбұрыш қиық, төртбұрыш тікше, дөңгелек ойық емес. Басында тік кесіліп, үстіңгі жағы дөңгеленген. Киіз үй сияқты.

Жалпы олардың түрі де, тақиясы да түркі екендерін айғақтайды. Алғаш Шыңғыс хан заманында Алтайдың бір тұсынан көшірілген. Өздері орныққан жер сосын Хазаражат аталған. Қазіргі Ауғанстан аумағында. Әлде ерікті, әлде зорлық көш пе, оны ешкім анықтай алмайды.


Хазар тақиясы

Хазар тақиясы / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


«Хазар» – парсы тілінде «мың» деген сөз. Ондық, жүздік, мыңдық және он мыңдық тәртібін еңгізген Шыңғыс ханның адамдарды мың-мыңнан есептеп әкелуі мүмкін. Шыңғыс пен оның немерелерінің алып мемлекеті ыдыраған соң, түркі тектес халық жат өлкедегі тілі мен дәстүрі өзге ортада қалды. Енді дін ғана ортақ.

Тоқтай тұрыңыз, дін де біріктірмеген. Бұл аймақта мұсылмандар сүннит пен шиит болып қатты бөлінеді. 16 ғасырда парсы шахы бағындырған соң, бұлар соның ықпалымен толықтай шиит бағытын ұстаныпты.

Айналамен тынымсыз соғыса отырып, шах өктемдігінен құтылып, жеке хандық деңгейіне жеткен. Бірақ, дербестікке жетуден оны сақтау қалу қиын. 1880 жылы Кабул әмірі Шер Әлі Хазаражатты басып алып, бас көтергенді бауыздаған. Әлгі хазардың Кветтаға қашатын кезі осы.

Жылнамаға түскен жазуға қарағанда «мың-мыңдаған хазар Кабул мен Қандағар базарында еркегі құлдыққа, әйелі күндікке сатылды. Көтерілісшілер басынан қанішер Шер Әлі бірнеше рет кәлде мұнара тұрғызды. Бұл арқылы әмір билігін басқаларға мойындатқан». Осы жеңілістен кейін хазар ауған жерінде әлеуметтік саты бойынша ең төмендегі тайпа саналды.

Үміт 1929 жылы ояныпты. Аманолла хан Кеңес Одағының қолдауымен мұнда Моңғолиядағы сияқты орыстарға арқа сүйеген мемлекет құрмақ болды. Әмудариядағы Термез көпірі салынып, мылтық пен оқ-дәрі тасылды.

Бұған қарсы шыққан пұштын мен дари тайпаларын ағылшындар қолдады. Аманолла хан жеңіліп қалды. Осы ханға хазар халқы жақтасып, сол арқылы теңдікке жеткісі келген. Соғыс пұштындар жеңісімен аяқталған соң, хазарды қорлау бұрынғыдан үдей түсті.

Кеңес Одағы да Ауғанстанды мазалауын қоймады. 1979 жылы елдегі билікті ауыстырды. Бүкіл халық азаттық жолындағы айқасқа шықты. Бұл жолы хазар жұрты кеңеске қарсы шықты. «Бірлік» қозғалысын құрды. Олар Хекметияр бастаған пұштынға, дариға қосылмай дербес қимылдады. Бастапқыда Ахмед Шах Масуд бастаған жергілікті өзбек әскеріне де кірмеді. Кеңес әскері кетіп, саяси сахнаға талибтер шыққанда ғана Солтүстік альянсқа қосылды.

АҚШ араласуынан соң, талибтердің биліктен табаны тайғанмен, хазардың маңдайы жарқырай қоймапты. Пұштынмен арасы бұрынғы сияқты ит пен мысықтай. Елдегі содырлық әрекеттің көбі хазарлар топтасқан тұста жасалады. Және оған «Әл Каида» (Қазақстан Республикасында тыйым салынған) ұйымымен астыртын байланысы бар пұштын топтары қатысты болып шығады.

Сондай ірі қарақшылық оқиғаның бірі 2016 жылы шілде айының 23-і күні болды. Бұл кезде Кабул қаласында хазар халқына жасалған геноцидке қарлы бейбіт шеру өтіп жатқан. Көпшіліктің ортасына сыналап енген жанкешті денесіне байлаған жарылғышты іске қосқанда, 60-тан астам адам қаза тапты.

Лашкарға қарсы лаж қайсы?

Беріде Ауғанстан тұрмақ, Пәкістанның өзі хазар халқына пана болудан қалды. 1999 жылдан бастап Белужстан провинциясында діни негіздегі қақтығыс белең алды.

Иран шахы Хазаражадты басып алған соң халқын шиит бағытына кіргізгенін жаздық. Енді Пәкістанда, нақтылап айтқанда Белужстанда сүнниттердің қарақшылық тобы пайда болды. Олар өздерін «Жанғауи Ләшкәрі» деп атайды. «Ләшкәр» – баяғыдан бар ұғым. Ұлан, гвардия мағынасында айтылады. Есенберлиннің тарихи романдарында бірер жерде ұшырасып қалады.

Зерттеушілердің дерегінше, ұйым Пәкістанның Пенжаб провинциясында құрылған. Пенжаб – мемлекеттің орталық аймағы. Мұнда заң қадағаланады, билік мығым. Полиция да, армия да жағдайды бақылап отыр. Содырлық ұйымға бірнеше соққы берілген. Содан «Жанғауи Ләшкәрі» тобының аман қалғандары Белужстанға қашып барған. Мұнда өздерін қолдаушы көп.

Кезінде Кветтаға барып пана тапқан хазардың кейінгі ұрпақтарына бұл қала бейбіт бесік болудан қалған сияқты. ХХІ ғасырдың басынан бері онда бірнеше мың хазар қаза тапты. Бұларды індетіп жүріп өлтіретін «Жанғауи Ләшкәрі» содырлары әрекеттерін жасырмайды. «Біз істедік» деп жауапкершілікті алып отырған.

Саясаттанушы Абдул Халық Хазараның мәлімдеуінше, Белужстан мен оның астанасы Кветтаның хазар тұрғындары мазасыз күйде. Қайда барып бас сауғалауды ойлап жүр. Провинцияда негізінен сүннит бағытын ұстанатын белуждар мен пұштындар тұрады. Азғана хазар қауымы олармен тіресуге дәрменсіз.

– Арыдағы тарихты таразылап жатқан ешкім жоқ. Шиит бағытын ұстанғандықтан хазарларды Иранды жақтайды деп ойлайды, – дейді Абдул Халық Хазара. – Ал, Иранға қарсы араб мемлекеттері осындағы содыр топтардың қолтығына су бүркеді. Осылайша біз екі оттың ортасында отырмыз.

Кветтадағы 2013 жылғы ақпандағы сұрапыл жарылыс жүздеген хазарлықтың өмірін қиды. Соған орай іргелес Ауғанстандағы хазар қауымының әйелдері Кабулде аштық жариялады. Бұл оқиға әлем назарын аударды.


Хазар болашағы осы балаларда

Хазар болашағы осы балаларда / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Хазар арасынан шыққан саяси қайраткер Ахмет Қузат өздерінің үкіметтен «Жанғауи Ләшкәрі» содырларына қарсы табанды әскери әрекет жасауды талап еткендерін айтады. Әйтпесе бұл халыққа Белужстанда тұру қатерге айналды.

Сирия жанжалының сахнасында

Ауғанстан мен Пәкістанның шекаралас аумағы бір ғасырдан астам уақыт қақтығысқа толы болса, сол ұрыста шыныққан халықтардың қатарында хазарлар бар. Оларды Сириядағы соғыс та шарпып өтті. Бір атап өтерлігі: хазар еріктілері ДАИШ-ке (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қарсы майдан ашқан күштердің қатарына қосылыпты. Сирия үкіметіне одақтас құрамалармен бірге соғысқан еріктілер отряды «Лива Фатимоун» атанған.

Шолушылар бұл бригада әскерінің түрінің не арабтарға, не парсыларға ұқсамайтынын атап өткен. Беттеріне қарап «моңғол текті екен» деп жазған. «Түркі текті» деуден неге қашқақтайтыны түсініксіз.

Бұл соғыста мылтық ұстағандардың көбі Ауғанстан мен Пәкістаннан босып, Сириядан пана тапқан хазар ұрпағы екен. Бастарынан сор арылмаған мұндай халықтың барын ойласаң жүрегің езіледі.

«Лива Фатимоун» 2014 жылдың қараша айында елдегі диаспора негізінде құрылды. Сосын оған ерікті болып ауғандық хазарлар қосылған. Иран ақпарат көздерінің дерегінше, саны 20 мың жауынгерге жеткен. Соның біразы үкіметтік күштер Пальмира қаласын ДАИШ-тен (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) азат еткен ұрысқа қаза тауыпты.


Хазарлар басқа тайпа арасында

Хазарлар басқа тайпа арасында / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Соғыс барысында хазардың ержүректігі мен ұрыс қимылдарына жетіктігі байқалған. Ғасырлар бойы майдандасып келе жатқан шағын халыққа тән қасиеттер бұл.

«Лива Фатимоун» қарулы бригадасын Батыс ақпарат құралдары «Ауған Хезболласы» деп атапты. Бұл шамасы, болашақта хазар шииттерін Иран өзінің Ауғанстандағы ықпалын арттыруға пайдаланады деген күдіктен туса керек.

Керісінше Ресей ақпарат құралдарынан бригада туралы бірнеше жылы лебізді көрдік. «Қаншама ғасыр бұрын Халка бойында бір-біріне қарсы соғысқан орыс пен моңғол жаулаушыларының ұрпақтары тағдыр тәлкегімен енді Сирияда бір сапта тұр» дегенді оқыдық. Орыстың әскери журналисіне хазарды моңғол емес, түркі тестес халық деп кім түсіндірсін? Әлгі журналист «терроризм мен радикалдарға қарсы соғыста орыс пен хазардан артық одақтас табу қиын» депті. Онысымен дауласып жатпадық.

Тағы бір басылым – «Совершенно секретно» апталығы ХХІ ғасыр басында ресейлік кеңесшінің Ауғанстандағы хазар батальонының жаттығуынан әсерін жазды. Қисық көздері мұңды, тұла бойы кекке толы екенін сипаттайды. «Елдегі басқа ұлттардан төмен санау оларды ызалы және қатігез етіп жіберді. Олар тәліптерге қарсы соғысқанда өздерінің жарқын идеялары – жеке Хазаражат мемлекетін құру жолында өлуге әзір».


Хазар ұлттық киімін киген қыздар

Ұлттық киімін киген хазар қыздары / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Иә, ғасырлар бойғы қуғын мен қорлық хазар ұлтының азаттыққа деген арманын үдетпесе, сөндіре алмады. Олар «түбінде Хазаражат мемлекеті құрылады» деген ойдан бас тартқан емес. Әзірге ноғай, ұйғыр сынды жеке мемлекеті жоқ түркі халықтарының бірі болып, көрінгеннен көзтүрткі көруде.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Мнение автора может не совпадать с позицией редакции.


Дереккөз: https://informburo.kz