«Жасыл» экономика – дамуға серпін береді

0
81

«Сарыарқа» жобасы желтоқсанда басталады

Парламент Сенатының Аграр­лық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Же­ңіс Нұрғалиев шараны аша келіп, отырыс Елбасының «Төр­тінші өнеркәсіптік революция жағ­дайындағы дамудың жаңа мүм­кіндіктері» атты Қазақстан хал­қы­на Жолдауын іске асыру мақ­сатында өтіп отырғанын атап өтті.

Аталған мәселе бойынша баян­дама жасаған Энерге­тика министрінің орынбаса­ры Сәбит Нұрлыбай 2017 жылы жаңар­тылатын энергия көздерінде шамамен 1,1 млрд киловатт/сағат «жасыл» энергия өндірілгенін хабарлады. 2018 жылы жаңартылатын 200 МВт энергия көздерін енгізу де жоспарланған.

Елімізде қазірдің өзінде қуаты 430 МВт болатын жаңартылатын 66 энергия нысаны жұмыс істеп келеді. 2018 жылдың бірінші жартысында шамамен 630 млн кВт сағат «жасыл» энергия өндірілді, бұл көрсеткіш өткен жылдың осындай кезеңдегі көлемнен 19 пайызға артық болып отыр.

– 2018 жылдың 9 айы ішінде жаңартылатын энергетика секторына шамамен 100 млрд теңге (немесе 283 млн АҚШ доллары) көлемінде бірқатар келісімдер мен меморандумдарға қол қою арқылы инвестиция тарту бо­йынша жұмыстар жүргізілді, – деді Энергетика министрінің орынбасары.

Ол сондай-ақ шығатын булану газдарына тиісті үлестік коэффициентіне негізделген квоталарды бөлудің Ұлттық жос­парын жүзеге асыру туралы заң­­намаға енгізілетін түзетулер шы­ға­тын булану газдарын 2030 жыл­ға қарай 15 пайызға төмендету жө­нін­дегі міндеттерге қол жеткі­зуге мүм­кіндік беретіндігін жеткізді.

Атап өтерлігі, жер қойнауын пайдалану саласындағы қолда­ныс­тағы заңнамалар кен орындар­ындағы өндіріс кезеңінде ілеспе және табиғи газды өртеуге тыйым салады. 2006-2017 жылдары өртелген газ көлемі 3-тен 1 млрд текше метрге дейін қысқарды, бұл ретте жойылған газ көлемі 28 млрд текше метрге ұлғайған.

Министрліктің мәліметінше, 2018 жылдың 1 қаңтардағы жағ­дай бойынша Қазақстан хал­қын газбен қамту деңгейі 47,38 пайыз­ды құрады. Бұл ретте, 2030 жылға қарай газдандыру дең­гейін 56 пайызға дейін жеткізу жос­парлануда, бұл қосымша 1,6 мыңнан астам елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен бір жарым жыл ішінде Астана қаласын, Қа­зақстанның Орталық және Сол­түстік өңірлерін газдандыру үшін Қызылорда – Жезқазған – Қара­ған­ды – Теміртау – Астана бағы­ты бойынша «Сарыарқа» магис­тральдық газ құбыры құрылы­сының жобасы іске асырылатын болады. Газ құбырының осы учаскесі Астана, Қарағанды, Темір­тау, Жезқазған және магис­тральдық газ құбыры трассасына жақын маңдағы елді мекен­дер­дің тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік бе­реді. «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2018 жылдың қараша-желтоқсан айларында бастап, 2019 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, – деді С.Нұрлыбай.

Оған қоса, ауа ластайтын зат­тардың жылжымалы көз­дерінен шығатын газдарды азайту үшін автомобиль көлігіне қатысты еуро стандарттары енгізілуде. Энер­гетика министрлігі 2018 жылдың бірінші жартысынан сатылатын отын сапасына қойылатын та­лаптарды К-3 деңгейінен K-5 деңгейіне дейін көтерді. Жо­ғары сапалы отын сыныбына (К-5) ауысқан кезде, автокөлік құ­рал­дарынан атмосфералық ауаның шығарындылары айтарлықтай азаятын болады.

Үнемділік табысқа жетелейді

Үкімет сағатында Ауыл ша­­руа­­шылығы министрінің орын­­­басары Ерлан Нысанбаев ауыл ша­руашылығы өнімдерін өндіру­шілерді су үнемдеу технология­ларын енгізуге ынталандыру мақ­сатында министрлік 2014 жылдан бастап агроөнеркәсіп кешеніндегі субъектілердің инвестициялық шығындарының бір бөлігін өтеу жөніндегі бағ­дар­ламаны жүзеге асырып келе жатқанын айтты.

Сонымен қатар субсидиялау ережесінде тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері мен жабдықтарын сатып алу шығындарының 25 пайызын өтеу қарастырылған.

– Бұл шаралар суды үнем­дейтін суару технологияларын жыл сайын 20,0 мың гектарға дейін енгізуге мүмкіндік берді, ал 2018 жылдың 1 қаңтарына су­ды үнемдейтін технологиялар­мен қам­тылған алаң 183,4 мың гек­тар­ды құрайды, – деді Е.Нысан­баев.

Су үнемдеу технологияларын ен­­гізудің оң көріністерін ескере отырып, 2022 жылға қарай Аг­роөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 258,0 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Сарапшылар мен жұртшылық өкілдерінің қатысуымен өткен егжей-тегжейлі талқылаудан кейін Сенат комитетінің төр­ағасы Ж.Нұрғалиев Мемле­кет басшысының 5 қазандағы Жол­дауында экология заң­нам­асын жетілдіру, қолданыстағы заң­намаға, оның ішінде Экологиялық кодекске өзгерістер енгізу міндеті алға қойылғанын атап өтті.

Үкімет сағаты аясында ай­тыл­ған ұсыныстар еліміздің заң­­на­масын жетілдіру үшін тиісті мем­лекеттік органдарға жіберіледі.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»