«Жасыл» экономика – дамуға серпін береді
«Сарыарқа» жобасы желтоқсанда басталады
Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Жеңіс Нұрғалиев шараны аша келіп, отырыс Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында өтіп отырғанын атап өтті.
Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Энергетика министрінің орынбасары Сәбит Нұрлыбай 2017 жылы жаңартылатын энергия көздерінде шамамен 1,1 млрд киловатт/сағат «жасыл» энергия өндірілгенін хабарлады. 2018 жылы жаңартылатын 200 МВт энергия көздерін енгізу де жоспарланған.
Елімізде қазірдің өзінде қуаты 430 МВт болатын жаңартылатын 66 энергия нысаны жұмыс істеп келеді. 2018 жылдың бірінші жартысында шамамен 630 млн кВт сағат «жасыл» энергия өндірілді, бұл көрсеткіш өткен жылдың осындай кезеңдегі көлемнен 19 пайызға артық болып отыр.
– 2018 жылдың 9 айы ішінде жаңартылатын энергетика секторына шамамен 100 млрд теңге (немесе 283 млн АҚШ доллары) көлемінде бірқатар келісімдер мен меморандумдарға қол қою арқылы инвестиция тарту бойынша жұмыстар жүргізілді, – деді Энергетика министрінің орынбасары.
Ол сондай-ақ шығатын булану газдарына тиісті үлестік коэффициентіне негізделген квоталарды бөлудің Ұлттық жоспарын жүзеге асыру туралы заңнамаға енгізілетін түзетулер шығатын булану газдарын 2030 жылға қарай 15 пайызға төмендету жөніндегі міндеттерге қол жеткізуге мүмкіндік беретіндігін жеткізді.
Атап өтерлігі, жер қойнауын пайдалану саласындағы қолданыстағы заңнамалар кен орындарындағы өндіріс кезеңінде ілеспе және табиғи газды өртеуге тыйым салады. 2006-2017 жылдары өртелген газ көлемі 3-тен 1 млрд текше метрге дейін қысқарды, бұл ретте жойылған газ көлемі 28 млрд текше метрге ұлғайған.
Министрліктің мәліметінше, 2018 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан халқын газбен қамту деңгейі 47,38 пайызды құрады. Бұл ретте, 2030 жылға қарай газдандыру деңгейін 56 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда, бұл қосымша 1,6 мыңнан астам елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен бір жарым жыл ішінде Астана қаласын, Қазақстанның Орталық және Солтүстік өңірлерін газдандыру үшін Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағыты бойынша «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры құрылысының жобасы іске асырылатын болады. Газ құбырының осы учаскесі Астана, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған және магистральдық газ құбыры трассасына жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2018 жылдың қараша-желтоқсан айларында бастап, 2019 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, – деді С.Нұрлыбай.
Оған қоса, ауа ластайтын заттардың жылжымалы көздерінен шығатын газдарды азайту үшін автомобиль көлігіне қатысты еуро стандарттары енгізілуде. Энергетика министрлігі 2018 жылдың бірінші жартысынан сатылатын отын сапасына қойылатын талаптарды К-3 деңгейінен K-5 деңгейіне дейін көтерді. Жоғары сапалы отын сыныбына (К-5) ауысқан кезде, автокөлік құралдарынан атмосфералық ауаның шығарындылары айтарлықтай азаятын болады.
Үнемділік табысқа жетелейді
Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді су үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандыру мақсатында министрлік 2014 жылдан бастап агроөнеркәсіп кешеніндегі субъектілердің инвестициялық шығындарының бір бөлігін өтеу жөніндегі бағдарламаны жүзеге асырып келе жатқанын айтты.
Сонымен қатар субсидиялау ережесінде тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері мен жабдықтарын сатып алу шығындарының 25 пайызын өтеу қарастырылған.
– Бұл шаралар суды үнемдейтін суару технологияларын жыл сайын 20,0 мың гектарға дейін енгізуге мүмкіндік берді, ал 2018 жылдың 1 қаңтарына суды үнемдейтін технологиялармен қамтылған алаң 183,4 мың гектарды құрайды, – деді Е.Нысанбаев.
Су үнемдеу технологияларын енгізудің оң көріністерін ескере отырып, 2022 жылға қарай Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 258,0 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Сарапшылар мен жұртшылық өкілдерінің қатысуымен өткен егжей-тегжейлі талқылаудан кейін Сенат комитетінің төрағасы Ж.Нұрғалиев Мемлекет басшысының 5 қазандағы Жолдауында экология заңнамасын жетілдіру, қолданыстағы заңнамаға, оның ішінде Экологиялық кодекске өзгерістер енгізу міндеті алға қойылғанын атап өтті.
Үкімет сағаты аясында айтылған ұсыныстар еліміздің заңнамасын жетілдіру үшін тиісті мемлекеттік органдарға жіберіледі.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»