«Жасы 18-ден асқан қыздарды тоқалдыққа әкетеді»: Ауғанстандағы қазақтар елдегі жағдай туралы айтты (видео)

0

Ауғанстандағы 200-ге жуық этникалық қазақпен елшілік байланыста отырғанымен, нақты қашан көшіріп әкелетіндері белгісіз. Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Ауғанстанның қазағы, қоңыраттан тараймыз деген Димрал Саид Сабердің отбасы қазір оқ пен оттың ортасында отыр. Әсіресе, қарындастарына қатты алаңдайды. Өйткені қазір талибандықтар тоқалдыққа алатын қыздардың тізімен жасап жатыр. Кабулдегі елшілікке барайын десе қару асынған тәліптер ешкімді үйден шығармайды. Саид Сабер егер біздің Қазақстанда білім алып жатқанымызды талибандықтар білсе, оңдырмайды деп, қорқып отыр.

“Егер қыздың жасы 18 жастан жоғары болса, еріктерінен тыс тоқалдыққа алып кетеді. Менің қазір әке-шешеім басқа бір жерде, інім басқа жерде, қарындастарым басқа бір жерде”, – дейді  Ауғанстанның этникалық қазағы Димрал Саид Сабер

Саид Сабер түгілі биліктің өзі ондағы қазақтарды қалай әкелетінін әзір білмейді. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров бұл бір күнде бітетін шаруа емес деді.

Ал семейлік бір топ қазақ үкімет көшіріп әкелгенше туған-туыстарымыздан айырылып қаламыз ба деп қорқып отыр. Рүстем Сахимұрат Ауғанстандағы ағайындарымен екі күннен бері мүлдем байланыса алмай жүр. Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығынан көмек сұрағанмен әзірге ет жақындарының қандай жағдайда екенін белгісіз.

“Бір қарындасым және 4 әпкем қалып қалған. Және олардың кішкентай бала-шағасы бар. Соғыстың арасында қалып қойған. Екі күн бұрын хабарласқанбыз, сұрағанбыз содан кейін байланыс жоқ. Өйткені интернетті өшіріп тастаған. Желіні қиып тастаған”, – дейді Семей қаласының тұрғыны Рұстем Сахимұрат.

Рүстем секілді алыстағы ағайынына алаңдап жүрген қанша қазақтың қанша туысы бар екені әзірге белгісіз.