Жастарға Рахмонды дәріптеп, оппозицияны қаралайтын фильмді көрсетті

0

Желтоқсанның 19-ы күні Тәжікстанда облыс орталықтары, аудандар мен қалалардың барлығында «Марди рох» («Жолмен жүруші» ) жаңа деректі фильмінің көрсетілімі өтті.

Елдегі телеарналардың бірінің тапсырысы бойынша түсірілген фильм кинотеатрларда тегін қойылып, оны көруге жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушыларын жаппай жіберді деп хабарлайды Азаттықтың Тәжік қызметі.

Президент Эмомали Рахмон жайлы бұл деректі фильм жастарға Тәжікстандағы азамат соғысы (1992 жылдан 1997 жылға дейін жалғасқан қарулы жанжал) кезеңі туралы баяндап, Рахмонның арқасында елде бейбітшілік орнағанына өскелең ұрпақтың көзін жеткізуі тиіс. Көрсетілім алдында жастарға Тәжікстанда ондаған мың адамның өмірін қиған жанжалды кім тұтатқаны туралы арнайы түсіндіреді.

«Сіздер — жастар, бақыттарыңызға қарай, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін тап болған азамат соғысы жайлы жаңа тарихымыздың қасіретті кезеңін көрген жоқсыздар. Түп-тамыры терең әрі ежелгі мәдениеті бар халықты террорлық «Исламдық жаңғыру партиясының» шетелдегі қожайындарының бұйрығымен аға мен бауырды қырықпышақ қылған соғысқа айдап салған, — дейді Тәжікстан жастары ісі жөніндегі комитетінің басшысы Ахтам Абдуллозода. – Соғыс кесірінен 150 мыңнан астам адам қаза тапты. Ел экономикасына 10 миллиард доллардың зияны келді».

«САНАҒА СІҢІРУ ЭЛЕМЕНТТЕРІ»

Тәжікстан президенті туралы осы тәрізді деректі фильмдерді елдегі мемлекеттік телеарналардың түгелге дерлігі бұған дейін де түсірген. Сарапшылардың пікірінше, билік Тәжікстан азаматтарының қазіргі кезде бейбітшілік пен амандықта өмір сүріп жатқаны кімнің арқасы екенін көрсетіп, өз абырой-беделін нығайтуға осылайша тырысып жатыр.

«Меніңше, авторитарлық режимдер мен тоталитарлық жүйелердің санаға сіңірудің түрлі элементтерін пайдаланып, жеке басқа табыну және ел басшылығын дәріптеумен айналысуға тырысатынын қоғамның әлеуметтік белсенді бөлігі жақсы біледі», — дейді саясаткер әрі заң ғылымдарының докторы Шокирджон Хакимов.

Тәжікстан билігі 2015 жылы елдегі жалғыз оппозициялық саяси ұйым — «Исламдық жаңғыру партиясын» «қарулы көтеріліс ұйымдастырды» деп айыптап, қызметіне тыйым салған. Белсенділері қуғын-сүргінге ұшыраған партияның жетекшілігі биліктің шешімін «еш негізі жоқ, саяси астары бар айыптау» деп атаған.

1992 жылдан бері Тәжікстан президенті қызметінде отырған Эмомали Рахмонға 2015 жылы «Тәжікстан тәуелсіздігінің негізін қалаушы, ұлт бірлігі және бейбітшіліктің негізін қалаушы — Ұлт лидері» деген атақ берілген. Бұл атақ 66 жастағы Рахмон мен оның отбасы мүшелерінің құқығына қол сұғылмауына кепілдік береді.

Дәл осындай «Ұлт көшбасшысы» деген атақ Қазақстанда билік басына Совет одағы тарамай тұрғанда келген және содан бері елді басқарып келе жатқан 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаевта да бар. Назарбаев туралы көптеген деректі фильмдер түсірілген. Оның өмірі жайлы «Көшбасшы жолы» («Путь лидера») киноэпопеясының алтыншы бөлігі 2018 жылы желтоқсанда көрермен назарына ұсынылған. Назарбаев туралы ондаған кітап жазылып, бірнеше қалада оған ескерткіш орнатылған. Елде Назарбаев Университеті, Назарбаев зияткерлік мектептері, тұңғыш президенттің кітапханалары бар. Оның есімі саябақтарға, Астанадағы халықаралық әуежайға, Алматының орталық көшесіне берілген.

Тәжікстанда Эмомали Рахмонды дәріптейтін шығармалар жиі жарық көреді, ол туралы спектакльдер қойылады. Құқыққорғаушы топтар Орталық Азияның авторитарлық жетекшілерін саяси оппозицияны қудалайды, адам құқықтарын аяққа басып, өзге пікір айтушыларды қырына алады деп сынайды.

Дереккөз: Азаттық