Жастарға баспана беру тәртібі жарияланды
Қысқа сілтеме алу
Баспана бес жылға жалға беріледі
НҰР-СҰЛТАН, 5 қыркүйек – Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жұмыс істеп жүрген жастарға жалдамалы пәтер беру шарттарын жариялады. Осы санаттағы баспананы жеке меншікке аударуға рұқсат берілмейді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тәртіп бойынша алдымен әкімдіктің интернет сайтында құжаттарды қабылдау туралы хабарлама жарияланады. Сонда нақты мерзім беріледі. Осы уақыттың ішінде барлық құжатты жинап шығу қажет.
Қандай құжат тапсыру керек
- Арнайы үлгі бойынша жазылған өтініш;
- Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (түпнұсқа жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады);
- Білімі туралы құжаттың көшірмесі;
- Неке қию туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);
- Балалардың туу туралы куәлігінің (терінің) көшірмесі (бар болса);
- Өтініш берушіге және отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама;
- Жұмыс орнынан анықтама;
- Өтініш берушінің ай сайынғы табысын кемінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде растайтын соңғы алты ай ішіндегі табысы туралы анықтама;
- Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар;
- Банктік шоттың болуы және нөмірі туралы анықтама және банктік шот бойынша ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы үзінді;
- Өтініш берушінің түрлі қызмет салаларындағы жеке жетістіктерін растайтын құжаттар (бар болса).
Құжат толық болмаса не істеу керек
Құжатты қабылдау аяқталғаннан кейін уәкілетті орган 5 жұмыс күні ішінде барлық құжатты тексереді. Өтініш беруші тізбеге сәйкес құжаттар пакетін толық ұсынбаса, оған тағы 1 жұмыс күні беріледі. Осы уақыттың ішінде жетіспей тұрған құжаттарды ұсыну қажет.
Ал өтініш беруші талапқа сай болмаса, уәкілетті орган сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтерді беруден жазбаша түрде бас тартады. Осыдан кейін 10 жұмыс күні ішінде балл есептейді де, ұпай саны бойынша үміткерлердің тізімін жасайды.
Балл қалай саналады?
Есептеу балдық жүйе бойынша жүзеге асырылады:
- «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына кіретін 100 сұранысқа ие кәсіптер тізбесіне сәйкес кәсіпті меңгерген өтініш берушіге –10 балл;
- Отбасы болған жағдайда – 5 балл, некеде тіркелген әрбір жылы үшін – 2 балл;
- 1 бала болған жағдайда – 1 балл, әрбір кейінгі бала үшін – 2 балл;
- Жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кезде кемінде 1 жыл – 5 балл, әрбір жыл үшін – 1 балл;
- Өтініш берушінің түрлі қызмет салаларында жеке жетістіктері болған жағдайда — 2 балл;
- Бюджеттік ұйымдардағы еңбек қызметі үшін (мемлекеттік мекемелерде мен мемлекеттік кәсіпорындарда) – 5 балл, өтілінің әрбір жылы үшін – 1 балл;
- Екінші деңгейлі банктердің жинақ шоттарындағы (депозиттеріндегі) жинақтардың әрбір жылы үшін – 2 балл.
Балл тең болған жағдайда өтінішті бұрын берген үміткерлер басымдыққа ие болады. Жалдамалы пәтер беру туралы шешім шығарылғаннан кейін 15 күннің ішінде өтініш беруші мен уәкілетті орган арасында тұрғын үйді жалдау шарты жасалады. Баспана 5 жылға беріледі.
Тағы оқыңыз: Әкімдікте кезекте тұрғандарға 6 мың пәтер таратылады
Осы ережеге сәйкес, жұмыс істеп жүрген жастардың нақты анықтамасы да берілген. Олар – жиырма тоғыз жасқа толмаған, жалпы білім беретін мектептердің және (немесе) техникалық және кәсіптік және (немесе) орта білімнен кейінгі және (немесе) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асырып жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары.
Айта кетейік, өтініштің үлгісіне келесі сілтемеден табуға болады.
sputniknews.kz