Жастар жылынан не күтесіз? Сауалдамадаға қатысқандар пікірі

0

Туған жерге сүйіспеншілікті күшейту маңызды

«Жастар жылы» деп еншілеп, үкі таққаннан кейін келер жыл жастар қауымы үшін жақсылыққа толы болады деп ойлаймыз. Соның ішінде жастардың баспаналы болуына мүмкіндік көбейсе, тұрмыс сапасы артуының нақты көрінісі болар еді. «Болашақ» бағдарламасымен шете­лге шығып, білімін жетілдіруді көз­деген жастардың кепілге қояр бағалы мүл­кі болмауы да түйткілді мәселенің бірі. 

Тікелей өзім қызмет атқарып жатқан салаға келсек, Орал қаласындағы бүкіл ЖОО-лармен бірлесіп, жаңа жоба жос­парлап отырмыз. Мақсатымыз – жастарды жергілікті музейлерге тарту, туған өлкенің тарихын білуге қызықтыру. Жоба бойынша студенттер өңірдегі музей­лердің жұмысымен танысып, тіп­ті гид, экскурсовод қызметін де атқа­рып көреді. Бұл жоба болашақ музей қыз­меткерлерін іріктеуге де көмектеседі. Қазірдің өзінде біздің музейге келіп, қосымша қызмет атқарып жүрген студенттер бар. Жалпы, ол студенттер болашақта музей қызметкері болмаса да, бұл жерде алған білімі, тәжірибесі өмір бойы азық болып, туған жерінің терең тарихы мен тұлғалары туралы жақсы біліп жүрері сөзсіз. 

Мирболат ЕРСАЕВ,

Батыс Қазақстан облыстық  тарихи-өлкетану музейінің  директоры,

Халықаралық музейлер кеңесі (ICOM) Қазақстандағы өкілдігінің вице-президенті

Ауыл жастары қолдауға мұқтаж

2019 жылдың «Жастар жылы» деп белгі­ленуі – біз үшін үлкен мәртебе. Соны­­­мен қатар Елбасы ауылдың жағ­да­йын жағдайын жақсарту үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Мен осы тапсырманы ойлай отырып, Жолдауды жүзеге асыру құжаттарында ауылдағы жастар мәселесін арнайы бір бағыт етіп енгізсе деймін. Себе­бі ауыл жастарының жағдайы, олар­­дың спорт, мәдени-рухани шаралар­мен қамтылуы, бос уақыттарының тиімді ұйым­­дас­тыруы күні бүгінге дейін шешімін таппа­ған мә­селе. Мысалы, мектеп спорт зал­дары­ның жастар үшін есігі әрқашан ашық емес, бірқатар ауылға кәсіпкерлер спорт залдар сыйлаған, ал мұндай кәсіп­кері жоқ ауыл жастары қайтпек? Сондық­тан бұл мәселені шешу тетіктерін «Жастар жылы» аясында іздестірсе дейміз. 

Сондай-ақ тасада қалып қойып жатқан талант­ты ауыл жастарын, өнерпаздарды, өнер­тапқыштарды тауып, оларға қолдау көр­сету, серпін беру, жеңілдетілген ша­ғын не­сие­лер алуына жағдай жасау да маңызды. 

Тағы бір мәселе – ауылға барған жас ма­ма­н­­дарға қолдау қажет. Қазіргі таңда шал­­­ғай­дағы елді мекендерде дәрі­гер жетіс­пейді. Сон­дықтан оларды қызық­тыратын қан­­дай да бір тетік қажет және ауылға бар­­ған соң оның материалдық жағдайы тү­бе­­гей­лі шешілсе деймін. Жас маманның қыз­мет­­те өсу сатысы ауылдан басталып, іс-т­ә­жі­р­и­бені ауылдан бастап жинағаны дұрыс. 

Ауыл жастары белсенді, мысалы жыл сайын мектеп бітіргендер мерейтойын атап өту кезінде жастар жиған қаражат­тары­на думандатып тойлауды емес, туған ауылына қолғабыс тигізуді дәстүрге айналдырған. Бұл – жеріне болсын деген жақсы тілек, елінің қолтығынан демей білген перзенттік пейіл. Әр жылы ауылға түлектер сыйлаған сыйлықтарға қарап отырып, олардың қиялының шексіз­дігіне, ауылға не қажеттігін терең біле­тіндігіне сүйсінесің. Осы орайда ауыл­дың кем-кетігін және оны қалай еңсеру қажет­тігін жақсы білетін жастардың өз кәсібін ашуына қолдау көрсетіп, олардың ұшқыр қиялдарын, жалынды күш-жігерін халық тұрмысына, ауыл өміріне жұмылдырып, қажетті игі істерді құзырлы орындармен бірге атқаруына неге жол ашпасқа?!

Ләйлі АЙТЖАНҚЫЗЫ,

Қалалық перинаталдық орталық директорының орынбасары, акушер-гинеколог

Маңғыстау облысы

Идеяларымызға мән берілсе

Менің ұсынысым – «Жастар жылында» өскелең ұрпаққа еліміздегі реформалар­дың мәнін «Рухани жаңғыру» аясындағы нақты іс-әрекеттермен тығыз үйлестіре жүр­гізген абзал. Өйткені кей замандастарым әлі күнге дейін тоғышарлық түсініктен, нем­құрайлылық пен жайбасарлықтан арыла алмай жүр. Бұл санаттағылар ұлттық, мәдени құндылықтардың, қоғамдық пайдалы еңбектің қадір-қасиетін жете түсіне бермейтіндіктен, күнделікті өмірде нарық, жаһандану талап етіп отырған түбегейлі өзгерістерге дайын болмай жатады. Бұл орайда, табысты тұлға болудың, ел азаматы дәрежесіне көтерілудің бір факторы ата-бабадан мирас болған ұлттық-рухани дәстүрді жалғастыруға, ізгі қасиеттерді дағдылы мінез-құлыққа айналдыруға келіп тірелетінін айрықша атар едім. Сондықтан сана-сезімге әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылтудың жолдарын күшейт­пей болмайды.

Мүгедек адамдар үшін инклюзивті орталық ашу барысында кездескен бюрократтық кедер­гілер аз емес. Сондықтан біз сияқты жүріп-тұруы қиын жандардың жаңашыл ойлары мен идея­лары бірінші кезекте ескерілгені дұрыс болар еді. Екіншіден, бұл бағыттағы грант мөл­шерін көбейткен жөн. Өміршең, сұра­ныс­қа ие бағдарлама, жоба мән-маңызына қарай қаржыландырылса, жастардың зор ынта­сын тудырары сөзсіз. Еліміздегі жастар бағдар­ламаларының бестен бірі ғана нақты қатысу­шысын тауып жатады екен. Демек, жастар саясатында ескеретін мәселелер аз емес деген сөз.

Ақжан КӘРІМ, 

«Ардос-Жүрек» мүгедектер бірлестігінің жетекшісі

Солтүстік Қазақстан облысы

Жастарды қолдан жасалған тосқауылдар тұсайды

2010-2014 жылдар аралығында мем­лекеттік «Болашақ» бағдарла­ма­сын игерген жастардың қатарында Нью-Йорк Кино өнері академиясында оператор мамандығы бойынша білім алдым. Бүгінде «Мотор» жеке студия­сында жарнама роликтерін, әнші­лердің бейнебаянын, ара-тұра теле­визиялық жобалар түсірумен айна­лысамыз. Кейінгі кезде Украина, Ресей, Грузия тарапынан Қазақстанда ғана тү­­сі­руді діттейтін өте көп тап­сы­рыс­­­тар ала бастадық. Себебі біз­дің сту­­­диямызда жас, талантты, кәсі­би ма­мандар ғана жұмыс істейді, ха­лық­ара­лық тапсырыстар – біздің сапа­ға жұмыс істейтініміздің көрі­нісі. Маған жастарға қолдау білді­ретін кез кел­ген мемлекеттік бағдар­лама бұ­­­рын­­­нан ұнайтын. Прези­денті­міз­дің арнайы «Жастар жылын» жа­рия­­лауы­н­ың аясында ауыл­дағы қара­па­­йым жастардың, шығарма­шы­­лық орт­а­да жұмыс істейтін өнер­лі жас­тар­­­д­ың, түрлі әлеуметтік сала­­лар­­дың бел ортасынан табылып жүр­ген ма­­ман жас­тардың басын бі­рік­тіріп, кәсіби, тұрмыстық қиын­дықтарын шешетін кешенді бағ­дар­­лама дайын­далса, алдағы жыл ра­сын­да да нағыз «Жастар жылы» болар еді. Қал­та­сында артық қаражаты бола бер­мейтін шы­ғар­машылықпен айналыса­тын жас­тардың әртүрлі шеберлік сағат­та­ры­на қатысуға, қатысып қана қой­май өзі­нің де ұйымдастыруына, тәжі­рибе то­лыс­тыруына, ал оқуын біті­ріп, қолы­на диплом алғандардың жұмыс­пен қам­­тамасыз етілуіне жағдай жа­сал­са, сөзден іске көшудің нағыз көрі­ні­сін көрер едік. Жас адамға ең алдымен не керек? Білгенін, жинағанын дә­лел­­­дейтін орта, кәсіби қабілетін жү­зе­­ге асы­ратын мүмкіндік керек. Жас­­тар­­­­­ды, негізінен, қолдан жасалған тос­­қауыл­­­­­дар тұсайды, әйтпесе олардың қа­бі­­­л­еті, қарымы көп дүниені жаңаша жа­с­ау­­­ға, жақсылап жасауға жетеді-ақ. Уа­­қ­ыт алға озып барады, айнала тұтас өз­­ге­­­­ріс­­ке түсіп жатыр, жастардың да осы өз­­г­еріс­ке, кезеңдік дамуға қосар өз үлесі бар. 

Айнұр ҚАШҚАРИМОВА, 

кинооператор

АЛМАТЫ

Жаңа технология енгізу қажет

Елбасының биылғы Жолдауында 2019 жылдың «Жастар жылы» болып жариялануы ерекше қанаттандырып отыр. 

Мен Түркістан облысы, Жетісай ауданына қарасты Жылысу ауыл округі Мырзашоқы елді мекенінде тұрамын. Ауылда жұмыс көп. Мал бағып, егін егіп, көл-көсір пайда таппасақ та, бір әулетті асырауға мүмкіндік мол. Жеке кәсіп ашып, биыл 15 гектарға мақ­та ектім. Мақтаның бір келісін 188 теңге­ден сатып жатырмыз. Бұдан бөлек, қора­да 10 жылқы, 15 сиыр ұстаймын. Биыл мемлекеттік бағдарламамен несие алып, шаруашылығымды үлкейтсем деп отыр­мын. 2019 жылдан үлкен жаңа­лық­тар күтемін. Әсіресе «Жастар жылы» ауылдың жастарына үлкен қолдау болады деп сенемін. Бүгінде ауылдардағы ахуал осыдан 10 жыл бұрынғыдан әлдеқайда жақсара түсті. Істің басына жастар шықты. Өзімнің құрдас­тарым ауылға келіп, шаруа қожа­лықтарын құрып, тұрмысын түзетуде. Мақтадан дайын өнім шығару осы «Жастар жылы» жүзеге асады деген үміттемін. Ол үшін ауылшаруашылық өнім­дерін өндірумен қатар терең өң­деуді осы жастардың қолға алғанын, жаңа технологияларды енгізгенін және соған мүмкіндік жасалғанын қалар едім. Сондай-ақ барша қазақ жас­тары ауылдарды түлетуге аянбай ат­са­лысса, айтулы жылдың тағы бір жаңа­шылдығы болар еді, яғни жастарды ауылға шақырамын.

Рүстем НАМАТТУЛАЕВ, 

жеке кәсіпкер

Түркістан облысы,

Жетісай ауданы

Экологиялық жобалар ескерусіз қалмасын

Жастар жылына байланысты айтарым, экологиялық жобаларға мемлекет тарапынан көбірек қол­дау болса, экология мәселесімен шұғыл­данып жүрген жастарға грант бөлу мәселесі қарастырылса деймін. 

Қазір өздеріңіз байқасаңыздар біздің қоғам еліміздегі экологиялық жағдайды өте қатты сынайды. Бірақ экология жақсаруы үшін ештеңе істегілері келмейді. Сөз көп, іс жоқ. Әлеуметтік желіде айқайлап, пікір жазғанымен, тиісті орындарға хат жазуға, кездесулерде өз пікірін ашық айтуға келгенде тайсақтайды. Өздерінің заңды құқығын талап ете алмайды. Жақында біз Өске­менде экология­лық сенбілік ұйым­дастырғанда көп адамның үйінен шығып, өз үйі­нің алдын тазалауға ерінгенін көр­дік. Сенбілікте қала тұрғындарына аялдамаларға неме­с­е қоғамдық орындарға орнатылған экоконтейнерлерге қоқысты қалай дұ­рыс бөліп, сұрыптап салу керектігін үйреттік. Біз негізі қоқысты үй ішінен сұрыптап, бөліп алып шығуға тиіспіз. 2019 жылдан бастап полигондарға қоқыс­тың бірнеше түрін тастауға тыйым салынатындығы белгілі. Демек, қоқысқа кез келген дүниені, оның ішінде пластикалық бөтелкелерді лақтыруға болмайды. Осыны жұрт әлі біле бермейді, бұған дайын емес. Сондықтан экология мәселесіне ерекше көңіл бөлу керек. 

Александра ОСИПОВА,

блогер, қоғам белсендісі

ӨСКЕМЕН

Жеңіл несие қарастырылса

Елбасы әрдайым білім мен жастар мәселесін егіз ұғым ретінде қарап келеді. Биылғы Жол­дауында да білім, ғылымға бөлінетін қаражатты арттыруды, оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптарды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар жастардың кәсіппен айналысуы керектігін жиі айтып келеді. Бұл орайда жастар кәсіпкерлігін қолдауға арналған, оңтайландырылған жеңіл несие қарастырылса деймін. Себебі бүгінде кәсіпкерлікпен айна­лысуға ниетті жастар жетерлік. Мәселен, рес­пуб­ликалық деңгейдегі жастарға арналған «Жас Прожект» жобасы талай жастың жұмыспен қамтылуына жол ашты.Қазіргі кезде елімізде үлкен жобаларды қолдауға арналған несие көптеп қарастырылған. Мұндай несиелерді де үлкен жастағы азаматтар алады. Келесі жылы жастар үшін жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған жобаларды күтеміз. Екіншіден, жастардың жиі бас қосып, пікір алмасып тұруы олардың ойы мен санасының дамуына өзіндік септігін тигізеді. Осы орайда жастардың бас қосатын орталығы «Жастар сарайы» болса деген ұсыныс бар. Бұл орталық ертең еркін пікір алаңына айналып, жастардың бәсекеге қабілеттілігін артыратын орын болатыны анық.

Үшіншіден, бүгінгі жаңа дәуірді жастар ақпарат ғасыры деп атап жүрміз. Осы ретте жас­тардың біліктілігін арттыруға арналған рес­пуб­ликалық, халықаралық басқа арналармен мобильді байланыс орнату мәселесі өзекті. Бұл ұсынысты да жастар қолдайды деп сенемін. 

Сонымен қатар Елбасы Жолдауда жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мем­лекет­­тік саясаттың басымдығына айналуы тиіс екен­дігін ескертті. Одан бөлек, жастардың бар­лық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды плат­формасын қалыптастыруды тапсырды. Сон­дық­тан да келесі жылдан күтер жақсылық көп. 

Үміт ІЛИЯС, 

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті

Жамбыл облысы