Жастар жылынан не күтесіз?
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында осы мәселеге айрықша назар аударып, жастар мен отбасы институтын кешенді қолдауды мемлекеттік саясаттың басымдығына айналдыруды тапсырды.
Күні кеше, 13 қарашада Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды. Қазақстан Президенті Үкіметке атаулы жылды өткізу бойынша қажетті шаралар қабылдау жөнінде пәрмен бере отырып, Жарлықтың орындалуын бақылауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктеді.
Ендігі жерде Үкімет деңгейінде атаулы жыл аясында жас буынның қандай мәселелері қолға алынуы керектігінің кешенді жоспар-жобалары қабылданатыны белгілі. Қазіргі таңда бастаманы жүзеге асыру бойынша Жол картасы түзілгенінен де хабардармыз. Жалпы, бұған дейін де биік мінберлерден һәм қоғам өкілдері тарапынан Жастар жылында қандай мәселелер алға шығуы керек екеніне қатысты көптеген ой-пікір айтылды. Осы орайда «Egemen Qazaqstan» газеті жас толқынның өзіне сөз бергенді жөн көрді. Бұл – күні ертең қабылдануға тиіс жоспар-жобаларда жастар қауымының ұсыныс-тілегі барынша ескерілсін деген ниет. «Кеңесіп пішкен тонның қашанда келте болмайтыны» белгілі. Сауалдамада еліміздің барлық өңіріндегі түрлі салада жүрген жас азаматтардың пікірі қамтылып отыр.
Сонымен, Жастар жылынан не күтесіз?
Жас отбасыларды нығайтуға назар аударған жөн
«Жастар жылы» аясында жас отбасылардың жағдайына ерекше көңіл бөлген жөн деп санаймын. Мәселе оларға деген әлеуметтік қолдаудан бұрын, жалпы құрылған жас отауларды сақтап қалуда.
Бала күнімізден сан естіген «Отан отбасынан басталады» деген сөз әрбір отбасы мемлекет іргетасы екенін санамызға қондырды. Олай болса, отбасының әлеуметтік институт ретіндегі мәртебесін арттыру, оның мызғымас құндылықтарын дәріптеу, соның арқасында бұзылған некелердің санын қысқарту – мемлекеттік маңызы бар іс.
Өкінішке қарай, соңғы жылдары Қазақстан айырылысу көрсеткіші бойынша көш бастаған елдер қатарынан табылауда. Әсіресе, бұл керітартпа тенденция жастардың арасында кеңінен таралып отыр. Бұған не себеп?
Көп жағдайда себепті тұрмыстық қиындықтардан іздейміз. Иә, үй-жай, тұрақты жұмыс және сапалы өмірге қажет өзге де алғышарттардың отбасы тұрақтылығын нығайтуға маңызы зор. Бірақ, шынымен де сан мың ошақты ойрандаған, баланы ата-ана тәрбиесінен айырған себеп осы ғана ма? Олай болса, экономикасының бәсекеге қабілеттілігі бойынша тоғызыншы орындағы Швеция айырылысу көрсеткіші бойынша да неге дәл сол деңгейде?
Демек, әл-ауқатты арттырумен қатар, әлеуметті оңалту қажет. Сол себепті, жастарға арналған 365 күннің бірінде, өңірлерде жас отбасылардың басын қосып, түрлі сипаттағы ортақ мәселелерінің шешімін табу мақсатымен сұхбат алаңдарын ұйымдастыруды қажет деп санаймын.
Біржан ӘЛІМЖАНОВ,
Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ
департамент директоры
Ауылдық жерлерге спорт үйірмелері керек
Өзім спортшы болғандықтан, еліміздің спорт саласындағы әрбір жетістігіне қуанамын. Экономикамен бірге спорт та дамып келеді. Халқымыздың бәсін биіктеткен талай спортшы бар. Спортты қолдау да мемлекет тарапынан тиісті жолға қойылған. Әсіресе Елбасының «Туған жер» бағдарламасы бойынша бүгінде кәсіпкерлер демеушілігімен ауылдық жерлерде спорт кешендері салынуда. Бәріміз де ауылдан шықтық. Алайда әлі күнге дейін көптеген ауылдарда спорт, оның ішінде бокс үйірмелері жоқ. Жамбыл өңірі негізінен боксшылардың отаны саналады. Егер «Жастар жылында» осы мәселе оң шешімін тапса, туған топырақтан талай жойқын жұдырықты спортшы шығатынына сенімім мол. Одан кейін жаттықтырушы мәселесі тағы бар. Көптеген жоғары санатты жаттықтырушылар ауылға жұмысқа бара бермейді. Биылғы Жолдауында Елбасы жалақы мәселесін жақсы айтты ғой. Міне, осы мәселе жаттықтырушыларда да жақсы шешімін тапса деген ой бар. Ендігі жерде барлық ауылдық жерде спорт үйірмелері ашылса деп ойлаймын. Мәселен мен өзім спортпен алғаш айналысып жүрген кезімде Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылына барып жаттығып жүрдім. Себебі, біздің Байзақ ауылында бокс үйірмесі болған жоқ. Әлі де сол қалпы. Осы сияқты мәселе әрбір ауылда бар. Сондықтан да келесі жылы спортшы жастарымыз үшін осындай мәселелердің шешімі табылса екен деймін.
Асланбек ШЫМБЕРГЕНОВ,
бокстан Азия ойындарының күміс жүлдегері
Жамбыл облысы