Жастар жылы туралы пікірлер
Биылғы жыл жастар жетістігіне арналады
Елбасы жастармен кездесуде елдің болашағын айқындайтын толымды ойларын тағы да ортаға салды. Мемлекет мықты болу үшін жастар білімді болып, елдің экономикасын көтеру үшін кәсіпкерлікпен мықтап айналысуы керек.
Мемлекет басшысы сол үшін инновациялық жобаларға берілетін гранттардың еселенетіндігін айтты. Біз, Қызылорда облысының жастары, Елбасының тапсырмаларын ойдағыдай орындау үшін былтыр бірқатар жұмыстарды атқардық. Атап айтсақ, «English for jastar» жобасы аясында 350-ге жуық оқушы ағылшын тілін үйренсе, «Білім орталығы» жобасы бойынша барлық аудандағы кітапханалар жаңғыртылды.
«Сәтті қадам» жобасы арқылы 8-11-сынып оқушыларын кәсіпорын, цех, зауыт жұмысымен таныстырып, сала мамандарымен сұхбат ұйымдастырдық. Мамандық таңдауда көзбен көріп, көңілге түйгеннің пайдалы болатыны белгілі ғой. Ал жастар жылына орай республика бойынша «Жастар жылындағы жетістік» атты ауқымды акцияны бастамақшымыз. Шарада әрбір жас биыл бағындырған белестерін, жеңістерін әлеуметтік желіге «#JJJ2019» белгісімен жариялап отыруы қажет.
Жыл соңында акция қорытындыланып, жеңімпаз жастар туралы арнайы жинақ шығарылады. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жұмыс тобын құруды жоспарлап отырмыз. Мұнан өзге жастар мәселесін талқылау үшін форум, вайнерлер байқауын, жас тарихшылар конференциясын өткізбекшіміз. Ал дәстүрлерімізді қайта жаңғырту мақсатында «Ұлы дала елі» атты жастар фестивалін ұйымдастыруды қолға алып жатырмыз.
Талғат ТІЛЕС,
«Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы
Қызылорда
Көпбалалы жас отбасыларға қолдау болса…
Жастар жылының жариялануы өскелең буынның, еліміздің дамып өркендеуіне зор үлес қосуына мүмкіндік берері сөзсіз. Әсіресе бұл жылдың көпбалалы жас отбасыларға да тиімді тұстары көп болатынына сенемін. Мен 27 жастамын, 6 баланың анасымын. Мектепте математика пәнінің мұғалімімін.
Бүгінде біз сияқты жас маманға, жас отбасына баспананың жоқтығы, табыстың аздығы, нарықта бағаның күн сайын өсуі қолбайлау екені жасырын емес. Сондықтан жастарға әлеуметтік көмектің көбірек болғаны дұрыс деп ойлаймын. Әсіресе көпбалалы аналардың баспаналы болуына мемлекеттік бағдарламалар мен банктерде жеңілдіктер қарастырылса дейміз. Меніңше, әр бала дүниеге келген сайын несиенің пайыздық мөлшері төмендеп отырса үлкен қолдау болар еді. Сондай-ақ бала көбейген сайын үйді кеңейтуге тиімді жағдай қарастырылса, жастардың уақтылы демографияға елеулі үлес қосуына жол ашылар еді. Өйткені балалар өскен сайын қажеттілік артады. Осындайда бар күшіңді кәсіби жетілуге емес, тұрмыстық қажеттілікті орындауға жұмсауға мәжбүр боласыз. Тұрмыстық қиындықтар кездесе берсе жастар көкейдегі көп ойларын орындай алмауы мүмкін.
Бұған қоса кәсіппен айналысқысы келетін көпбалалы жас аналарға процентсіз несие беріліп, салықтан босатылса жас аналардың тың идеяларын жүзеге асыруына көп көмек болар еді. Жастар жылында осы сияқты ұсыныстар ескеріледі деп сенеміз.
Ардақ ЗАЙЫТХАН,
көпбалалы ана
Қарағанды облысы
Кешенді сипатқа ие бастама
Ең алдымен, мемлекет жастардың жұмысқа орналасу мәселесіне қатысты шараларды реттеуге тырысатыны анық болды. Елде бірнеше бағдарлама бар, мысалы, «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар практикасы». Сонымен бірге жастарға жұмыс табуға көмектесетін Жастар ресурстық орталықтары жұмыс істеуде. Бірақ бұған қарамастан, біздің зерттеулерге сәйкес жұмысқа тұру жастар үшін нөмір бірінші мәселе болып тұр. Осыған орай биыл іске қосылатын «Жас кәсіпкер» бағдарламасы жастардың бұл сұранысына кешенді жауап береді. Кәсіпкерлікпен айналысатын жастардың саны артса, жұмыс орындары да көбейетіні анық.
Екіншіден, мемлекет білімге қол жетімділікті арттыру көзделуде. Бұл, әсіресе тұрмыстық мүмкіндіктері төмен ауыл және шағын қала жастары үшін маңызды. Арнайы орта білім беру жүйесінің дамуы бұл категориядағы жастардың бейімделуін арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан арнайы орта білім беру мекемелерінде бірінші жұмысшы мамандықты тегін беруге кепілдік бар екені белгілі. Білім беру гранттары санының артуы жоғары білім алуды қолжетімді етеді.
Үшіншіден, жастар саясаты жастардың әлеуметтік белсенділігін артуы үрдісін қолдауға тырысады. Қазір ірі қалаларда қоғамдық кеңістіктерді оңтайландыру, тұрмысы нашарларға көмек көрсету, экологиялық сауатты арттыру және тағы басқа бағыттар бойынша түрлі бастамалар көтеріліп жатыр. Жас ұрпаққа мұндай жобалар ұнайды. Еріктілерді материалдық қолдау арқылы мемлекет жастардың бұл белсенділігін позитивті бағытқа бұрады, сонымен қатар жастар ұйымының жұмысына жаңа бағыт береді.
Осылайша Қазақстандағы Жастар жылында жастардың мәселесі ең жоғары деңгейде көтерілетіні қуантады. Аталған бастамалар жастарға арналғанмен кешенді сипатқа ие, сондықтан жалпы елдегі адами капиталды арттыруға мүмкіндік береді. Ал бұл – елдегі әлеуметтік саясаттың басты бағыты.
Серік БЕЙСЕМБАЕВ,
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы
Дереккөз: http://egemen.kz/