Жастар саясаты жөніндегі кеңестің XXII отырысы өтті
Отырысты ашқан Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласындағы «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деген сөзіне тоқталды.
– Бұл басымдықтар 2019 жылы Жастар жылын өткізудің негізіне айналуға тиіс, – деді Мемлекеттік хатшы.
Жиында Қоғамдық даму министрлігінің «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының жүзеге асырылу барысы жөніндегі мәліметі тыңдалды. 2018 жылғы қыркүйекте 18-29 жас аралығындағы NEET жастарын, соның ішінде 2018 жылғы түлектерді жұмыспен қамту және әлеуметтендіру жөніндегі жол картасы бекітілді. Қазақстанда 2018 жылғы екінші тоқсанда NEET санатындағы жастар 7,7 пайыз (былтырғы сәйкес кезеңде 8,5 пайыз) болған. «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы аясында 312 колледжде 381 мамандық бойынша 21 мың адам білім алуда.
Сонымен қатар, Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктерінің жастар арасындағы құқық бұзушылық пен суицидтің алдын алу жөніндегі мәліметі тыңдалды. Соңғы 5 жыл ішінде жастар арасындағы қылмыс саны (14-29 жас аралығы) 5 пайызға азайған. Еліміздің жоғары оқу орындарындағы және студенттер жатақханасындағы тәртіпті қамтамасыз ету барысында полицияға жәрдемдесетін 196 студенттік жасақ қызмет атқарады. Олар биыл 180 қылмысты әшкерелеп, 5,4 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзу жайттарын анықтады. 2017 жылы 15-17 жас мөлшеріндегі жастардың суицид көрсеткіші 36,6 пайызға, өз-өзіне қол салу әрекеті 43,4 пайызға азайғаны байқалған.
Кеңес отырысында 2019 жылға арналған жұмыс жоспары қаралды.
Соңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.