Жастар саясаткерлердің қолындағы ойыншыққа айналды ма?

0

Тамыздың 10-ы күні Бішкектегі Первомайский аудандық соты ішкі істер министрлігі қызметкерлері ұстаған бес азаматтың ісін қарап, оларды екі айға уақытша ұстау мекемесіне қамады. Қазір тергеу жүріп жатыр. Айыптары дәлелденсе, олар бес жылдан жеті жылға дейін түрме жазасына кесілуі мүмкін. Әзірге ұсталған басқа азаматтар туралы ақпарат жоқ.

Халықаралық ЮНИСЕФ ұйымы балалар мен жасөспірімдерді саяси мақсатта пайдалану фактісін сынады.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің дерегі бойынша, ұсталғандардың ісін Шу аудандық мемлекеттік ішкі істер басқармасы мен Бішкек қалалық милициясының аудандық бөлімшелері қарап жатыр. Первомайский аудандық сотында өткен отырысқа қатысып жүрген адвокат Эмильбек Муратов ұсталғандар туралы ақпаратпен бөлісті.

– Мен бұл істерге ұсталған азаматтарға мемлекет тарапынан берілген адвокат ретінде қатысамын. Оларға көлік сындыру, стратегиялық нысанға жақын маңда жүру, құқық қорғау қызметкерлеріне шабуыл жасау, қару тартып алуға тырысу сияқты айыптар тағылған. Бұл айыптаулар ауыр қылмыс санатына жатады. Сондықтан олар сот шешіміне дейін қамауға алынған. Ұсталғандардың аты-жөнін анықтау үшін де уақыт керек. Олардың тұрғылықты мекенжайы да белгісіз. Ұсталғандардың кейбірінің төлқұжаты жоқ. Олар өз кінәсін мойындамай отыр. Сот ұсталғандарды кінәлі деп тапса, олар 5-7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – дейді адвокат.

Бішкек қалалық ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің өкілі Улан Джумаков Азаттықтың Қырғыз қызметіне «қоғамдық тәртіпті бұзды», «бұзақылық жасады» және «жағдайды тұрақсыздандыруға тырысты» деген күдікпен аудандық бөлімшелерге 40 адам жеткізілгенін айтты.

«Ұсталғандардың қатарында кәмелеттік жасқа толмағандар және милицияның есебінде тұрғандар да бар. Барлығы – 40 адам. Қазір олардың аты-жөндерін анықтап жатырмыз» деді ол.​

Атамбаевтың жақтастары арнайы жасақпен қақтығысқан сәт. 8 тамыз 2019 жыл.

Атамбаевтың жақтастары арнайы жасақпен қақтығысқан сәт. 8 тамыз 2019 жыл.

Бішкек қаласы әкімдігінің баспасөз қызметін басқаратын Гуля Алмамбетова Азаттықтың Қырғыз қызметіне Көк-Жар ауылындағы қақтығыс кезінде 29 автобустың бүлінгені хабарланды.

– Жастар Ала-Тоо алаңындағы 84 темір қоршау мен қоқыс жинауға арналған жаңа жәшіктерді бүлдірген. Наразылар милиция қызметкерлерін тасымалдаған автобустың жолын бөгеп, оларға қарай «Молотов коктейлін» лақтырған. Автобустардың терезелері мен әйнектерін, орындықтарды сындырған. Жүргізуші орындығы мен көлік дөңгелегіне зақым келген. Жалпы алғанда, шабуыл салдарын жоюға 100 мың сом ақша жұмсалды. Бұл қаржыны қаланың дамуына бөлуге болар еді, – деді ол.

Тамыздың 9-ы күні мемлекеттік ақпараттық технологиялар мен байланыс комитеті тамыздың 8-нен 9-на қараған түні қаланың үш бөлігінде бейнебақылау камералары бұзылғанын хабарлады. Абдрахманов пен Боконбаев көшелерінің қиылысында орналасқан дүкеннің иесі ызалы топтың әрекетін «жабайылық» деп атады.

«Сегіз камераның біреуі ғана бүтін қалды. Оның өзі бүлініп, істен шыққан сияқты. Бұл камераларды азаматтардың қауіпсіздігі үшін қойды ғой. Қырғызстан үшін, халық үшін осындай құрылғылар орнатуға қанша мың сом ақша кетті» дейді Бішкек тұрғыны Әділет Саматов.

Бішкек көшелерінің бірінде сынған камера. 9 тамыз 2019 жыл.

Бішкек көшелерінің бірінде сынған камера. 9 тамыз 2019 жыл.

Аталған құқық бұзушылықтарға қатысы бар деген күдікпен ұсталғандардың басым бөлігі – жастар. Бішкек қалалық және Шу облыстық ішкі істер басқармасының дерегінше, тамыздың 8-нен 9-на қараған түні өздерін бұрынғы президент «Алмазбек Атамбаевтың жақтасымыз» деп атаған адамдар Қой-Таш ауылынан Бішкектің орталығына дейін жүріп өтіп, жолай трассаны жауып, бейнебақылау камераларын сындырып, ел астанасының тұрғындары мен қонақтарын қорқытқан.

Қоғамдық тәртіпті бұзушылар Беш-Күнгей ауылындағы милиция бөлімшесін өртегені анықталды. Күш құрылымдары наразыларға қарсы көзден жас ағызатын газ бен құлақ тұндыратын гранаттар қолданған. Құқық қорғау қызметкерлері осы арқылы тамыздың 8-і күні Ала-Тоо орталық алаңына жиналғандарды таратуға тырысқан.

Тамыздың 8-і күні күндіз Қой-Таш ауылында бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты ұстау үшін арнайы операция жалғасатыны белгілі болғанда, Бішкектің орталығында орналасқан бірқатар сауда орталықтары мен дүкендер жабылып, саудагерлер тауарларын жинап әкете бастаған.

Өзін Абдыразак деп таныстырған саудагер дүкенін түні бойы қарауылдағанын айтады.

– Осының бәрінің зардабын шағын кәсіп иелері көрді. Түні бойы «бір сұмдық болар ма екен?!» деп алаңдап, ұйықтай алмадық. Осындағы саудагердің бәрі түнімен дүкендерінде қалып, қарауылдады. Арандату алдын ала дайындалған сияқты. Жастарға айтарым, арандатушылардың соңынан ермеңдер. Наразылық болса да, заң аясында өтуі керек, – дейді ол.

Әзірге зардап шеккен жеке сауда нысандары мен тамақтану орындары туралы ақпарат жоқ.

Тамыздың 8-нен 9-на қараған түні Абдрахманов пен Тоқтоғұл көшелерінің қиылысында қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ұсталған Азамат есімді жігіттің достары (аттарын атамауды өтінді):

– Азамат жұмыстан түнгі 11 не 12-лер шамасында шығып, көлігіне қарай бара жатқанда, оны наразылармен бірге ұстаған. Оның көлігі әлі сол жерде тұр. Біз тіпті оның көлігінің кілтін де алып кете алмадық. Оған қандай айып тағылып отырғанын білмейміз. Ешқандай ақпаратымыз жоқ, – деді.

«ЖАСТАРДЫ САЯСИ МАҚСАТТА ПАЙДАЛАНУ ДҰРЫС ЕМЕС«

Бішкектің тағы бір тұрғыны – 21 жастағы Бексұлтан Данильбекұлы жастардың саясаткерлер қолындағы ойыншыққа айналғанына өкініш білдірді.

– Менің саясаттан хабарым жоқ. Онымен білетіндер айналысады. Мен сияқты жастар не болып жатқанын түсінбей, саясаткерлердің қолындағы ойыншыққа айналады. Қарапайым азаматтардың, әсіресе жастардың өз пікірі болуы керек, – дейді ол.

Сарапшылар мұндай жағдайларда әдетте қаны қызу және өзін ұстай алмайтын адамдарды тартуға тырысатынын айтады.

Кейбір адамдар, әсіресе, жастар өз эмоциясын іште ұстай алмайды. Олар оқиғаның ортасында жүргенді ұнатады. Үлкен топтың арасында жүргенде, «тобыр» эффекті қосылып, адамның агрессиясы артады. Мұндайды басынан өткерген ересек, жас немесе баланың мінезі агрессивті болып өзгереді. Бұл топтарға өз агрессиясын басқара алмайтын адамдарды тартады. Өйткені олар шу шығарып, басқалардың назарын аударып, тіпті тобырды соңынан ерте алуы мүмкін. Сондықтан агрессивті адамдарды әдейі таңдайды. Оларды пайдаланады, – дейді психолог Акчач Жолдошева.

ЮНИСЕФ ұйымының Қырғызстандағы өкілдігі «балалар мен жасөспірімдерді қоса есептегенде, біраз адам зардап шеккен» елдегі соңғы оқиғаларға қатысты алаңдаушылық білдірді.

Ұйым жариялаған мәтінде «ЮНИСЕФ балалар мен жасөспірімдерге манипуляция жасау, оларды саяси мақсаттағы істерге тарту және пайдалануға толықтай қарсы. Ұйым наразылар мен құқық қорғау органдарын кәмелеттік жасқа толмағандарға қарсы күш қолданбауға, оларды қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады» делінген.

ЮНИСЕФ ата-аналар мен қамқоршыларға бала өміріне жауапты екенін ескертіп, «наразылық шарасына қатысқан кез келген жасөспірім БҰҰ-ның бала құқығы туралы конвенциясы және Қырғызстан ұлттық заңнамасымен қорғалуы тиіс» деп мәлімдеді.

Бішкектің Первомайский аудандық соты тамыздың 8-нен 9-на қараған түні ұсталып, “қоғамдық тәртіпті бұзды”, “бұзақылық жасады”, “жағдайды тұрақсыздандыруға тырысты” деп айыпталған бес азаматты екі айға уақытша ұстау мекемесіне жіберді. Оларға «Бұзақылық» және «Бөтеннің мүлкіне қол салу» баптары бойынша айыптар тағылған.

8 тамызда Қырғызстанның күштік құрылымдары Кой-Ташта жүргізген екінші операциядан кейін елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты ұстады. Сот оны 26 тамызға дейін қамауға алды.

7 тамызда болған алғашқы операция сәтсіз аяқталған еді. Операция салдарынан туындаған тәртіпсіздік кезінде ондаған адам жараланды, бір адам қаза тапты. 8 тамыз күнгі жанжал кезінде де бірнеше адам жараланған. Олардың төртеуі – полицей.

Видео: Алмазбек Атамбаевты қалай ұстады? 8 тамыз 2019 жыл.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Кейін ІІМ Атамбаевты тергеуге шақыра бастады.

Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Прокуратура Атамбаев қылмыстық топтар арасында танымал Азиз Батукаевтың заңсыз босатылуымен байланысты істе куәгер ретінде танылғанын мәлімдеген.

Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзін тергеуге шақырудың саяси астары бар деп мәлімдеген. Ол Азиз Батукаевты босатуға қатысы жоғын да айтқан.

Атамбаев Қырғызстанды 2011-2017 жылдары басқарған. Оның орнына билікке 2017 жылдың соңында сайлау жолымен Сооронбай Жээнбеков келген.​

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз