Жастайынан жасанды түсік жасатушылар көп
Ерте жүкті болған жасөспірімдер, зорлық-зомбылыққа ұшыраған жеткіншектер мәселесіне зерттеу жүргізген үкіметтік емес ұйымдар жұртшылықтың, құзырлы мекемелердің назарын осы жағдайға аударуға күш салып жүр.
«Заманына қарай – адамы» десек те, өтпелі жас – ағзасы толыспаған, тәжірибесі жоқ жастардың түрлі қателіктерге ұрынатын кезеңі. Өтпелі кезеңде қаны қызу албырт жас ойланбай жасаған қылықтарына өмір бойы жауап беретіндігін біле бермейді. Әрине, мұндай қауіп-қатердің түрі алуан. Жыныстық жолдармен жұғатын инфекцияларды айтпағанда, соңы ажал құштыратын АИТВ сияқты емі жоқ вирустар бар. Оның қасында жетілмей жатып жүкті болып қалудың өзі де кейде қайғыға соқтырады. Өкініштісі, барлық жағдайда аяғы ауыр болған қыз бала бойына біткен шаранадан құтылуға асығатыны аян. Ал жасанды түсік жасатудың түбі – бедеулік. Қазір елімізде некеге тұрған жұптардың 17 пайызы бедеулік тақсіретін тартып отыр.
Әртүрлі зерттеулерге сүйенсек, еліміздегі 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің 30 пайызы белсенді жыныстық қарым-қатынаста өмір сүреді. Бұл дерекпен есептеспеске болмайды. Егер әр үшінші жасөспірім жыныстық қарым-қатынаста болса, оның міндетті түрде салдары да қосақтасып жүрмек. Бұл – жыныстық жұқпалы аурулар яки жүктілік. Мұндайда жасөспірімдердің барлығы дерлік қандай жағдайға душар болғаны жайлы ата-анасына жұмған аузын ашпайды.
Қайбір жылы сексуалдық сауаттылық бағдарламалар авторы, халықаралық медициналық компанияның корпоративтік тренері Юлия Ярмоленко (Украина) ересектер мен балалар арасында тәжірибелік лекциялар жүргізе отырып, өзінің Sexinforia.com блогында бұл өте шікәмшіл әрі шетін мәселе екендігін айта келе: «Сол жолы өзімнің толық дәрменсіздігімді сезінгенім есімде. Жыныстық зорлық туралы блогымнан кейінгі бір лекцияда 10-12 жасар ең батыл қыз орнынан тұрып: «Мен анама барып, мені ересек еркек сипалады десем, бұл өте оғаш болар еді. Айтпаймын», деді. Ал қалғандары қызды құптап, бастарын изеді. Демек, осы жағдайға душар болса, ешқайсысы да ата-анасына айтпайды…
Сондықтан құзырлы мекемелер 16 жастан бастап ерікті түрде, өз бетінше медициналық көмекке жүгінуге, шешім қабылдауға рұқсат беруді қарастыруға мәжбүр. Дегенмен, мұның аяғы қазіргі көрсеткіштерді қай жағына қарай бұратынын ешкім болжап бере алмайды.
«Әлемнің көптеген мемлекеттері, оның ішінде Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Молдово, Украина елдерінде ерікті ақпараттандыру келісімі 15 жас болып белгіленген. Яғни бұл елдерде 15 жастан бастап өз бетінше медициналық көмекке жүгіну баяғыдан бар. Оның сөге жамандайтын түгі жоқ. Өйткені 15-18 жас аралығындағылар жеткілікті түрде ересек саналады. Олар қандай да бір жағдайға тап болғанда өз беттерінше ойланып, шешім қабылдауы тиіс», дейді БҰҰ-ның еліміздегі Халықтар саны саласындағы қорының атқарушы өкілі Райымбек Сисемалиев.
Жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың ең жоғары деңгейі 14 пен 24 жас аралығындағыларда байқалады. Мәселен, жуырда Халықаралық парламентаралық «Жастарға салынған инвестиция. Ешкімді назардан тыс қалдырмаймыз» атты конференцияда маңызды декларация қабылданды. Бұл құжат жастардың репродуктивтік денсаулығына ерекше назар аударуға шақырады. Декларацияның 14, 15, 16, 17 пункттерінде бірінші кезекте жастардың алғашқы медициналық көмек алуына қолжетімділік пен түсіністікті бұрынғыдан да көтеріп, әсіресе жыныстық және репродуктивтік денсаулықты сақтау, оның ішінде СПИД пен жыныстық тәрбиеге арналған жолдар қаралған. Кезекті 16 пунктте жастардың денсаулығын сақтау мен ақпараттандыруға кедергі келтіретін барлық факторлармен күресті күшейту, оның ішінде құқықтық, мәдени, салт-дәстүрлік кедергілер, қаржылық қиындықтар, ерте неке құруды азайту, қаламаған жүктілік, өз өзіне қол жұмсаудан, бақытсыз оқиғалардан сақтандыру қамтылған. Соңғы пункт жастардың қандай жағдайға душар болмасын, ақпараттың кең ауқымы мен санитарлық ағартудың қолжетімділігімен қамтамасыз ету, оның ішінде сексуалдық, репродуктивтік және психикалық денсаулық сауалдарында ақпараттық коммуникациялық технологиялар мен инновациялық әдістерді, білім беру жүйесін пайдалану қарастырылған.
Статистика бойынша елімізде жылына 15-18 жастағы 1 мың қыздың 36-сы ана болған. Қытайда әр 1000 қыздың екеуі ғана босанады. Бұл айырмашылық Қазақстанда медициналық қызметке, арнайы дәрілерге және алдын алу біліміне қолжетімсіздіктен туындап отырған көрінеді.
Өз кезегінде сенатор Дариға Назарбаева Денсаулық сақтау министрлігінің жоғарыдағы ұсынысына қатысты әлі де жағдайды әбден екшеп барып шешім қабылдау қажеттігін айтты. Өйткені ата-ананың рұқсатыныз түсік жасатудың салдары қауіпті екендігін білдірді.
«Ата-анасының келісімінсіз 16 жастағы жасөспірімдердің жасанды түсік жасатуы» туралы жаңалық ұсыныстардың бір бөлігі ғана. Негізі бұл өте күрделі тақырып. Сондықтан әр сөзге абай болу керек. Біздің ұйым бұл сөзді жоққа шығармайды, ол жерде тек жасанды түсік мәселесі ғана емес, сонымен қатар жасөспірімдерге алдын ала сауаттандыру және өмірлік маңызы жайында да айтылған болатын», дейді БҰҰ қорының Қазақстандағы атқарушы өкілі Р.Сисемалиев.
Оның айтуынша елімізде 15-18 жас аралығындағы азаматтардың 30 пайызы төсек қатынасына түседі. Міне, осы жастардың ата-ананың көмегінсіз өздеріне көмектесе алмайтыны қатты қынжылтады. Көптеген қауіпті ауру жыныстық жолмен пайда болады және таралады. Біздің жастар бұл тұрғыда сауатсыз, себебі үйде бұл тақырыпта әңгіме қозғалмайды, мектептерде арнайы пән жоқ. Ал медициналық қызметкерлер рұқсатсыз көмек бере алмайды. Біздің елімізде ғана кәмелеттік жасты 18 жас деп есептейді. Ресейде 14 жастан бастап, Өзбекстанда 15 жастан бастап жасөспірімдер өз еркімен шешім қабылдауға мүмкіндіктері бар. Қазақстанда осы жастағы адамға бала ретінде қарау қалыптасқан, бұл – қате. 16 жастағы жасөспірім есі кірген, өз бетінше ойлай алатын азаматқа жатады.
Бұл мәселеге қатысты Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева: «Қолданыстағы заңнамаға сәйкес кәмелетке толмаған балаларға ата-ана рұқсатынсыз медициналық қызмет көрсету жасы шектелген. Бұл шектеу қаламаған жүктілік, түсік жасату және мерзімінен бұрын босану кезінде кәмелетке толмағандарға уақтылы медициналық қызмет алуға кедергі келтіреді», деген болатын. Вице-министр осы статистикаға сәйкес, соңғы үш жылда жасөспірімдер арасындағы босану көрсеткішінің 26 пайыз төмендегеніне қарамастан, Қазақстан 15-18 жастағы жеткіншектердің босану деңгейі бойынша әлемде Болгария, Молдавия, Эстония және өзге посткеңестік елдермен қатар көш бастап тұрғанын айтты.
UNFPA ақпаратына сәйкес, жыл сайын Қазақстанда жасөспірімдер арасында 6 мың жүктілік тіркеледі. Шамамен әр үшінші жеткіншек түсік жасатады. «Осыған байланысты «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасына 16 жастан бастап ата-ана келісімінсіз медициналық қызмет алуға кепілдік беретін норманы қосу мәселесін қарастырып жатырмыз», дейді Л.Ақтаева.
Айтқандай, осы өзекті мәселеге орай 27 қарашада кезекті рет Қазақстандағы БҰҰ кеңсесінде келелі жиын өтті. Жиынға Y-PEER жастар қозғалысының да мүшелері шақырылды.
– Бізде жігіттер де, қыздар да денсаулығында кінәрат болған жағдайда 18 жасқа толмайынша, гинекологке де, андрологке де өз бетінше қарала алмайды. Кәмелетке жетпей мұндай мәселе туындаса, біз оны әке-шешемізге айта алмаймыз. Оның үстіне студенттердің көпшілігі басқа қалаларда тұрады. Бір жағдайға тап болса, ата-анасыз дәрігер қабылдамайды. Өз бетінше медициналық қызметке жүгіну жасын азайтса, бұл көптеген мәселелерді шешетін еді, – дейді Y-PEER мүшесі Айдана Есламғали.
Сол сияқты Қазақстандағы жыныстық және репродуктивтік денсаулық қауымдастығының атқарушы директоры, акушер-гинеколог Галина Гребенникова жастардың денсаулығын дұрыстауға қатысты үш шартты алға тартты. Бұған адамгершілікті жыныстық тәрбие, медициналық қызметтердің ішінде репродуктивтік денсаулық пен жүктіліктен сақтандыратын препараттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету және 16 жастан бастап өз бетінше дәрігерге қаралуды қамтамасыз ету кіреді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ