жасөспірім даяшылардың өліміне қатысты тың дерек шықты

0

Жаңаөзен мейрамханасында үш жігіт зардап шегіп, екеуі қаза тапты. Біреуі қазір ауруханада жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 29 қараша – Sputnik. Таныстардың айтуынша, көз жұмған жігіттер мейрамханада түнеуге қалған. Себебі ертеңінде олар банкетте жұмыс істеуі тиіс болатын, деп хабарлайды жергілікті инАктау басылымы.

«Жасөспірімдер уақытты әрі күшін үнемдеу үшін үйге бармай, мейрамханада түнеуді жөн көріпті. Ал мекеменің ең жылы жері қазандық болғандықтан олар сол жерде ұйықтапты», — дейді тұрғындар.

Таңертең қазандық еденінде жатқан кәмелетке толмаған балаларды достары тауып алған екен.

Жаңаөзеннің тауарлар мен қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау басқармасының мәліметінше, тірі қалған бір даяшы қалалық ауруханаға бөлімшесіне ауыстырылды. Оның халі тұрақты.

«Жасөспірім есін жиды, тамақтана алады, дәрігерлердің сұрақтарына да жауап бере алады. Аурухана мамандары «Ауыр деңгейдегі иісті газдың улы әсері. Улы энцефалопатия» диагнозын қойды. Зардап шеккен жігіттің анасы жедел жәрдем ұлын ауруханаға ес-түссіз, аса ауыр халде әкелді дейді»,- деп хабарлады басқарма.

Еске салсақ, алдын ала мәлімет бойынша мейрамханада даяшы болып жұмыс істеген кәмелетке толмаған үш бала 24 қараша күні иіс тиіп, уланып қалды. Екі зардап шеккен бала қаза тапты. Бір жасөспірім ауруханаға жеткізілді. Полиция «Еңбекті қорғау ережелерінің бұзылуы» бабы бойныша тергеу жүргізіп жатыр.



sputniknews.kz