Жас ұстаз қалай баспаналы болғанын айтып берді
Жұмыс істейтін жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасымен екі бөлмелі 202, бір бөлмелі 848 пәтер берілді
НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. Өткен жылдың соңында Жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы аясында астаналық 1050 жас маман баспаналы болды.
Жұмыс істейтін жастарға арналған жекешелендіруге құқығы жоқ жалдамалы тұрғын үй бағдарламасымен екі бөлмелі 202, бір бөлмелі 848 пәтер берілген болатын, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
«Тұрғын үй қоры» КММ мамандарының айтуынша, қаңтардың соңына дейін тізімде бар барлық азамат пәтер кілтін алады. Сондай-ақ, мекеме тарапынан бір күнде 50-ге жуық пәтер кілті табысталып жатыр. 25 жасар елордалық жас ұстаз Қымбат Ақшал – пәтер кілтін әкім қолынан алған жандардың бірі.
«24 желтоқсан күні салтанатты түрде кілт тапсырылып, 25 желтоқсанда жаңа үйімізге қоныстандық. Берілген үйіміз – екі бөлмелі, жалпы ауданы – 51 шаршы метр. Оның ішінде зал 19 шаршы метр болса, ас үй 10 шаршы метрді құрайды. Тұрғын үй 24 қабатты, пәтеріміз 3-қабатта. Бір қабатта 7 пәтер орналасқан. Шынымды айтсам, тізімнен өз есімімді көргенде қатты қуандым, оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», — дейді ол.
Қымбаттың отбасымен бірге елордаға қоныс аударғанына 6 жыл болған. Алғашқы 2 жыл туыстарының үйінде тұрса, қалған 4 жыл бойы жатақханадан пәтерді бірінші жылы 60 мың, одан кейінгі жылдары 40 мың теңгеге жалдап келген. «Отбасымда 2 қызым бар, тұрмыс құрғанмын. Жұмыс өтілім – 5 жыл. Қазіргі уақытта №14 мектеп гимназиясында бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарамын. Елордаға Арқалық қаласынан 2014 жылы жұмыс бабымен қоныс аударып келген болатынбыз», — деп сөзін жалғады пәтер иесі.
Көпбалалы отбасылардың назарына: баспанаға құжат қабылдау басталды
Бағдарлама аясында жас ұстаз Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі салымына айына 100 мың теңге аудару мүмкіндігі туғандығын айтты.
«Қазіргі кезде пәтерге коммуналдық қызметті қоспағанда 10 мың теңге төлейміз. Бұл жастарға берілген жақсы көмек. Енді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотымды айына 100 мың көлемінде толтырамын деген ойдамын», — деді ол. Айта кетсек, бағдарлама бойынша пәтерлер жаңадан соғылған 24 қабатты 5 тұрғын үйден берілуде. Пәтерді жалдау құны коммуналдық қызметті қоспағанда айына 5 мың теңгеден 15 мың теңге аралығында болады.
sputniknews.kz