«Zhas projekt» форумында «Алтын жұмыртқа» мен «Ешкі сүтінің пайдасы» жобалары зор қолдауға ие болды

0
181

Семейде өткен «Zhas projekt» облыстық форумының жоба таныстырылымына қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова, ішкі саясат бөлімінің бастығы Нұржан Есенжолов, Үйлестіру агенттігінің аймақтық үйлестірушісі Серік Жүнісов және тағы басқалары қатысты.

– «Zhas projekt» жобасы Семей қаласында өтіп, оған  14-тен 29 жасқа дейінгі жастар қатысып отыр. Бұл жобаға жалпы орта білім беру мектебінің оқушыларынан басқа, колледж жастары да өз үлестерін қосуда. Жоба ең алдымен өз әлеуетін, өмірлік маңызы бар дағдылары мен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға мүдделі жастар үшін өте қажетті шаруа,-деді Семей қалалық Жастар Ресурстық Орталығының директоры Олжас Соғымбай.

Жобадағы қаражат негізінде табысы төмен қатысушыларға беріледі. Шығыс жастарының Семейде өткізілген осынау облыстық форумы  «Zhas project»-ің көптеген бизнес жобалары көпшілікті ерекше таң қалдырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша облыста 149 жоба жүзеге асқан.

Өз ұсыныстарын білдірген 491 қатысушы  1 000 000 теңге көлеміндегі шәкіртақыға ие болған.  Форум барысында арнайы көрме ұйымдастырылып, жастар өз өнімдерін таныстыруға мүмкіндік алды. Кейбір қатысушылар қонақтарға табиғи сүт өнімдерін ұсынса, енді біреулері өздерінің кәдесыйлық бұйымдарымен көпшілік назарын аударды.

Мұхтар Әуезов атындағы педколледж студенті Нұрлан Төлеутаев алдын ала көрермен ретінде келіп қатысып, өзі Абай ауданы Саржал ауылының тумасы ретінде ұлттық аспаптар мен ұлттық өрнектерді дайындап, халыққа ұсынуды жолға қоймақпын дегенойымен бөлісті.

Сол сияқты Абай ауданынан келген Серікжан Сағынбеков жоба аясында құс шаруашылығындағы жетістіктерімен бөлісті. Серікжан жобасының негізгі ерекшелігі алтын тауық жұмыртқасы. Жоба авторының айтуынша өнімге деген сұраныс жоғары. Жас қатысушы тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға өз өнімдерін тегін таратады.

Сол сияқты Балнұр Есболатова жастарға тәлім-тәрбие бергендіктерін айтып, болашақта осы жоба аясында әлеуметтік мектеп ашықысы келетінін, онда журналистикаға, ағылшынға, тағы басқа керек мамандықтарға тегін үйретсем деген ойын айтты.

– Мен ешкі сүтінің пайдасы халыққа керек екенін көрдім,-деді Тарбағатай ауданынан келген психолог Айдана Сержанқызы,-сондықтан осыны дамытып, алдағы уақытта ешкі сүтінен ірімшік, құрт және тағы басқа өнімдерді өндіріп, мүгедек жандарға, жағдайы төмендерге тегін таратсам деген ойым бар. Біз алдын ала зерттеулер жүргіздік. Қант диабеті, асқазан-ішек аурулары бар науқастар он күн ешкінің сүтін ішкен соң, жағдайлары жақсарды.

Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарова жастар өздеріне жүктелген жауапкершілікті сезіне біліп, сенімді ақтағандарын атап өтті. Надежда Шарованың айтуынша форум қатысушыларының болашақта білікті кәсіпкер болу ықтималдығы жоғары.  Жобаның қатысушыларына ай сайын әлеуметтік шәкіртақылар төленді, мәселен  60 000 теңге – ЖОО-ның түлектеріне, 40 000 теңге – қалған барлық қатысушыларға деп белгіленген.

Жобаны іске асырудың маңызды кезеңі қорытындылары болып табылады. Аймақтық форум ашылып, онда жобаларды іске асыру кезінде дайындалған өнімдердің көрмесі өткізілмек. Семейдегі форумға мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП, «Даму» ҚҚ өкілдерінің, мәслихат депутаттары қатысты.

Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Семей

Дереккөз: http://egemen.kz/