Жас өнертапқыштар марапатталды

0

Аталған байқау Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тіке­лей тапсырмасымен қолға алын­ған жоба. Байқаудың басты мақ­саты – жастардың ғылым-білім­ге және инновацияға деген қызы­ғушылықтарын арттырып, олар­дың стартап жобаларына қолдау көрсету. 

Жас ғалымдарды жеңіс­тері­мен құттықтай келе партия Төра­ғасының бірінші орынбаса­ры Мәулен Әшімбаев шара­ның маңызына тоқталды: «Жас­тар­дың ғылыми жұмыстары ла­йықты жалғасын тауып, ел дамуына өз үлесін қосатынына сенім білдіреміз. Төртінші өнер­кәсіптік революция жағ­дай­ында цифрландырудың, иннова­цияның және жаңа техноло­гияның маңызы зор. Елбасы осы салаға ерекше көңіл бөліп, оның жан-жақты дамуына барлық жағ­дайды жасап келе жатыр», деген М.Әшімбаев бұл істе жастардың атқарар рөлі зор екенін тілге тиек етті. 

Биыл қатарынан үшінші рет ұйым­дастырылып отырған шараға «Жас Отан» жастар қа­наты ұйытқы болды. Нәтиже­сін­де үздіктер қатарында деп танылған үш жо­ба жеңімпаз деп танылып, әр ав­торға 1 миллион теңгеден қаржы­лай сыйақы берілді. 

«Әлеуметтік маңызды инновациялар» аталымы бойынша қызылордалық Нұрсұлтан Пі­рімбетов жеңімпаз атанды. QazCar.kz деп аталатын оның жобасы каршеринг қызметінің отандық үлгісі. 

Ал Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік тех­никалық уни­вер­ситетінің жас ғалымдары тантал­дан жа­салған отандық медициналық им­планттардың үлгісін ойлап тапқан. Жоба «Үздік жас ғалым» аталымы бойынша жеңіске жетті. 

«Қазір үлгі клиникаға де­йінгі сы­нақтан өтуде. Егер сынақ нәтижелері сәтті болса, құрыл­ғылар Қазақстанда ғана емес, Ресей нарығына да енеді», дейді жоба авторлары. 

Былтыр жобада жеңіске же­тіп, робот техникасы бойынша халықаралық жа­рыстардың же­ңімпазы атанған алматылық Любовь Дудченконың туризмді дамытуға бағытталған «joARrney» қосымшасы «Жастар­дың инновациялық жобасы» аталымы бойынша топ жарды. Мобильді қосымша Алматы қаласында тауға шық­қысы келген туристерге таулы аймақ­тың толық моделін шынайы форматта көрсетеді. 

Бұдан бөлек мүгедек арбасын автоматтандыру, көзі на­шар көретін немесе мүлде зағип жандарға арналған робот­тандырылған таяқ, өзін-өзі рет­тей­тін жылыту кабелі, тозған және тұз­дан­ған жерлерді қалпына келтіруге ар­налған биомелиорант секілді жобалар да жүлдегерлер қатарынан көрінді. 

Байқауға қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен 1000-нан ас­там өрен өтінім беріп, комиссия мүшелері 30 жұмысты ақтық сынға іріктеп шығарған. Жалпы жобалар негізінен экология, ро­бот техникасы, баламалы қуат көздері, жасыл энергетика, өнер­кәсіп, IT, медицина, химия, биология, фармацевтика секілді салалар бойынша келіп түскен.

Бауыржан МҰҚАН,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/