Жас келіншек бірден жеті бала туды – нәрестелердің барлығы шетінеп кетті

0

Ирак телеарнасына жеті баланың барлығы шетінегені туралы медициналық мекемелердегі дереккөз айтты

АСТАНА, 20 ақпан — Sputnik. Өткен аптада Иракта туған жеті егіз ауруханада шетінеп кетті. Қайғылы жаңалықты жергілікті al Sumaria телеарнасы хабарлады, деп жазды РИА Новости.

Бағдаттың солтүстік-шығысындағы Дияла провинциясында өмірге бірден алты қыз және бір ұл бала келді. 25 жастағы жас ана табиғи жолмен босанған. Әйел мен баланың жағдайы жақсы екені хабарланған болатын.Жеті баланың барлығы шетінегені туралы провинцияның медицина мекемелеріндегі дереккөз айтты. Жаңа туған сәбилер неден өлгені әзірге хабарланбай отыр.

Сонымен қатар, жас ананың бұл төртінші жүктілігі екені анықталды – күйеуі екеуі бұған дейін туған үш баланы тәрбиелеп жатыр.

Ақпанда қазақстандықтарды бесемнің фотосуреті дүрліктірген еді. Әлеуметтік желілерде Түркістан облысының 30 жастағы тұрғыны бесем туғаны жазылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ақпаратты растамады.