Жас ғалымдардың жалпыұлттық байқауын ұйымдастыру ұсынылды
«Ақ жол» фракциясы қазақ елінің адамзат өркениетіне («Прогрессивті Қазақстан») қосқан үлесі мен орасан жетістіктерін зерделеуге арналған жыл сайынғы жас ғалымдардың жалпыұлттық байқауын ұйымдастыруды ұсынады. Тиісті депутаттық сауалды Мәжілістің пленарлық отырысында Берік Дүйсембинов мәлімдеді (сауалдың толық мәтіні төменде көрсетілген).
Мәдениет және спорт министріне
Білім және ғылым министріне
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Ұлттық ұстанымы бар көптеген адамдар үшін Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы нағыз жаңалық болды.
Бірнеше буын ұрпақтарының ұғымында ұлттық тарихымыз қазақ халқының бастан кешкен бітпейтін қасіреті мен трагедиялық оқиғалары деп қабылданып жүр.
Бұл қайғы-қасірет қазақтың басына түскен шарасыз тағдыры деген жалпы пікірді қалыптастырды.
Мұндай көзқарасқа түрткі болған тарихи негіздер жеткілікті: бұл Ақтабан-шұбырынды заманы, алапат ашаршылық, 30-шы жылдардағы саяси қуғын-сүргін, «Алаш» қозғалысы көшбасшыларының құрбан болуы, Желтоқсан оқиғасы және 80-ші жылдардағы қазақ жастарын қудалау…
Мүмкін, сол себептен болар, біз әлі күнге дейін ұлттық тарихымызды азап шегудің тарихи концепциясы аясында аман қалу үшін бітіспейтін күрес деп түсінеміз.
Алайда, Мемлекет басшысы тарихи позитивизм тұрғысынан өткеннің жаңа тұсын көрсетіп берді.
Оның үстіне, Президент әрбір сөзді мысалдармен дәлелдеп, нақты деректерге сүйене отырып, толық ашылмаған дүниелерді ғылыми тұрғыдан зерттеуге шақырып отыр.
Кейбiр келтірілген мысалдар бұрыннан белгiлi, алайда тек Нұрсұлтан Әбішұлы ғана бiр жүйеге біріктіріп, біртұтас тетікте қарастырды.
Атқа мiну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы, көне метталлургия мен зергерлік өнер, егіншілік шаруашылығы мен қала құрылысы дәстүрі, Ұлы жібек жолында өркениет пен технологиялардың түйісуі….
Алған әсерімізге сүйенсек, Президенттің мақаласы арқылы біз бұрын көзге ілмей, мән бермеген, ал Елбасы әуелден назар аударған дүниеге қайта қарап, саралауға тура келді.
Және бұл өткенді саралау, салыстыру ұлттық рух пен абыройымызды асқақтатты. Сөйтсе, біздің тарих тек қанды шайқаспен келген жеңістерімен ғана емес, ашықтығымен, ақыл-парасатының, ой-өрісінің биіктігімен, жалпы адамзаттық цивилизацияның қарыштауына ықпал еткен жаңалықтарымен, шаруашылық салты және тұрмыс сапасымен де даңқты екенін түсіндік.
Бұрын біз ұлттық ұстанымы бар адамдардың атына айтылған ксенофобия, қазақтың трагедиясының зарлаушысы деген сынды жиі еститінбіз. Алайда Президенттің мақаласы күн тәртібіндегі ұлттық тақырыпты түбегейлі өзгертеді: бұдан былай ұлттық мүддені көздеушілер прогресшіл және новаторлыққа қабілетті тұлға екенін дәлелдейді.
Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің теңдессіз зерттеуі арқылы тарихи ғылымның жаңа бағытын ашып берді, атап айтсақ: күллі адамзаттың дамуына ықпал еткен және қазіргі Қазақстанның аумағында болып өткен қасіретті ғана емес, позитивті ерліктерді зерделеуге жол ашты.
Бұл көп жұмыс пен кәсібилікті талап етеді, өйткені шайқастар мен қайғы-қасіретке қарағанда жағымды жаңалықтар ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып, бейне бір міндетті сияқты болып қалады. Сондықтан болар, замандастардың жадында жарқын түрде есте сақталып қала бермейді.
Президенттің атқарған еңбегі неғұрлым құнды болған сайын, соғұрлым оны көпшіліктің күш-жігермен жалғастыру лайықты болмақ.
Осыған орай, «Ақ жол» фракциясы қазақстандықтардың келешек ұрпағы үшін тарихи позитивизмнің маңыздылығын ескере отырып, қазақ елінің адамзат өркениетіне («Прогрессивті Қазақстан») қосқан үлесі мен орасан жетістіктерін зерделеуге арналған жыл сайынғы жас ғалымдардың жалпыұлттық байқауын ұйымдастыруды ұсынады.
Байқау барысында студенттер мен жас мамандар зерттеу нәтижелері туралы баяндама жасап, өздерінің тұжырымдарын ашық ғылыми талқылауда қорғап, тарихи шындық пен ойдан шығарылған қиялдың ара жігін ажыратып, өзінің кәсібилігі мен Қазақстанның тарихын позитивті, яғни жағымды жағынан танытуға қосқан үлесіне сай мемлекеттің қолдауына ие болар еді. Байқау номинациялары «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына сәйкес белгіленсе: мұрағат-2025, ұлы есімдер, түркі әлемі, өнер және технологиялар.
«Ақ жол» фракциясы өз әріптестерін алда келе жатқан Тұңғыш Президент күнімен құттықтай отырып, Қазақстан халқына бақ пен береке және толағай табыстар тілейді!
Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының депутаттары