«Жас әйел үшін қайтып келгеннен өлген артық па?»

0

Азаттық: БҰҰ-ның халық саны жөніндегі қорымен, Қазақстандағы әйелдер ісіне қатысты бірнеше ұйыммен жұмыс істейсіз. Әлеуметтік жұмысқа араласуыңызға сол ұйымдардың тапсырысы түрткі болды ма?

Ақмаржан Көшербаева: Жоқ, бұл – жеке пікірім. Қоғамда болып жатқан [жағымсыз] нәрселерге деген қарсылығым. Жалғызбасты, жас аналардың болуымен, жігіттердің тағдыр жолын енді бастаған қыздардың өмірін бұзуымен, қоғамның сол қыздарды айыптауымен келіспеушіліктен туған қарсылық. (Қиын жағдайға тап болған әйелдерге көмектесетін) «Аналар үйіндегі» қыздардан «Қалай болды?» деп сұрасаңыз, түрлі жағдайды естисіз. Көбіне ата-анасы «Сен бізді ұятқа қалдырдың, көршілерге, құдаларға не дейміз?» дейді. Құдалар кім? Көршілер кім? Олар – сіз және мен. Олар – айналамызда жүрген адамдар. Қыздар [жаңа туған] балаларын дәретхана мен қоқыс-жәшігіне менің кесірімнен тастайтынын түсіндім. Менен, сізден ұялғанынан. Осылай өзіме сұрақ қоя бастадым.

«МЕНІҢ НЕ ҚАТЫСЫМ БАР?»

Азаттық: Өз ортаңыздағы танымал өнер адамдары бұл мәселелерді қаншалықты жиі көтереді?​

Ақмаржан Көшербаева: Әлеуметтік мәселелерді енді көтере бастағанда Қазақстанның танымал әртістерін шақырдық. Өзім хабарласып, сөйлесетінмін. Маған айтатындары «Менің не қатысым бар?» Тағы бірі «Біз отбасымызбен гендерлік теңдікке қарсымыз» деді. Өздерінің «қоғамда болып жатқан зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ» сияқты. Келуге қорқады. Әрбір әншінің өз себебі бар шығар. Бірақ, менің ойымша, білім жоқ, ақпарат жоқ. Бұл проблемамен таныс емес.

Танымал адамдар «Менің не қатысым бар?» дейді. Тағы бірі «Біз отбасымызбен гендерлік теңдікке қарсымыз» деді. ​

Азаттық: Неге таныс емес?

Ақмаржан Көшербаева: Қазіргі сұраныс қандай? «Әдемі болуыңыз керек», «ақшаңыз көп болуы керек». Танымал адамдардың парақшаларында қандай пропаганда? «Әдемі бол, бітімің жақсы болсын, ақша табасың, бәрі жақсы болады». Бәрі – арзан дүние. (Ерте жүкті болған қыздар жайлы) «Қыз тағдыры» клипін шығарғанда оны елдегі танымал музыкалық телеарнаға жібергенбіз. Олардың маған берген жауабы – «көрерменге салмақ салғымыз келмейді». «Саған не керек мұндай мәселені көтеріп, мұндай ән жазып? Тойға шақырмайды да ғой, танымал да боп кетпейсің» деген кісілер бар. Өкінішке қарай, қазіргі танымал адамдар трендтегі нәрселерге араласады. Мен ешкімді айыптағым келмейді. Себебі бұған да дайын болып келу керек. Әлеуметтік саясат болсын, әлеуметтік жұмысқа болсын дайындығы жоқ адам келсе, оның пайдасынан зияны көп тиеді. Ақпаратты ашық айтып, оны жариялап, әлеуметтік жұмыспен айналысу маңызды. Өйткені біздегі ең басты мәселе – ақпараттың жеткілікті болмауы. Қазақ тілінде жыныстық қатынас туралы, жыныстық жолмен тарайтын аурулар туралы ақпарат жоқ. Елдегі зорлық-зомбылыққа қатысты статистикамен танысқанда төбе шашым тік тұрды. Қазақстан әйелдер мен қыздар арасындағы суицид бойынша ТМД елдері арасында бірінші орында тұр. Сонда өз өмірін қиюдан басқа амалы жоқ біздің әйелдеріміз, қыздарымыз ең бақытсыз болғаны ғой.

ВИДЕО: Қалияның — Ақмаржан Көшербаеваның «Қыз тағдыры» клипі

«КҮШ КУЛЬТІ» ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛЫҚ ТӘУЕЛДІЛІК

Азаттық: Бір жазбаңызда «Қазақстанда «күш культі» бар» депсіз. Неге?

Ақмаржан Көшербаева: Бізде (Қазақстанда – ред.) әйелдердің біраз бөлігі «күйеуімнен [сыртқа] рұқсатсыз шығып кетсем, [мені] ұруға болады», «тамағым күйіп кетсе, балаға дұрыс қарамасам, ұруға болады» деп ойлайды. Әйелдердің өзі мұны көтеріп тұрса, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен қалай күресеміз?!

Азаттық: Сонда әйелдер неге көндігеді?

Ақмаржан Көшербаева: Қаржылық тәуелділік бар. Бізде қыздарды үйдің жұмысына лайықты етіп қана өсіретіндер көп. Басқа ештеңе істей алмайды. Білім бермейді. Жасы 18-ге келгенде күйеуге беріп жібереді. «Қайтып келме» дейді сосын. Қаншама қызды күйеуі өлтіріп жатыр. Сонда «қайтып келгеннен» өлген артық па? Мәселен, ол қыздың білімі, кәсібі болса, жұмысқа тұрып, өзін асырай алса, мүмкін ешқайда «қайтып барудың» да қажеті болмайтын шығар.

Әйелдерге ешбір жеңілдік жоқ. Мемлекеттің беретін әлеуметтік төлемдері тіптен күлкілі.

Азаттық: Қыздардың ерте тұрмыс құруы Қазақстанда қаншалықты өзекті проблема?

Ақмаржан Көшербаева: Бұл бізде бар. 16 жасқа толмай тұрмыс құрған 120 жасөспірім қызға алты ер баладан ғана келеді. Яғни, қыздар 20 есе көп. Әлгі қыздардың махаббатпен тұрмыс құрған-құрмағанын білмейміз, бірақ өздерінен жасы үлкен жігіттерге тұрмысқа шыққаны анық. Олар күйеуге тиген соң көбіне мектебін тастайды. Кешкі мектепке өтеді. Ал онда ешқандай білім жоқ. Аттестатын алады да, оқуын жалғастырмайды. Білім алмаса, кәсібі болмаса, әрине, күйеуінің аузына қарап отырады. Кейін күйеуі қол көтере бастайды. Әйелдер ісі бойынша ұлттық комиссияның дерегінше, Қазақстан бойынша әрбір сегізінші әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Екі әйелдің бірі психологиялық зорлық-зомбылық құрбаны болады. Бұл – сұмдық статистика.

Азаттық: Ал қоғамның реакциясы қандай? Тұрмыстық зорлықты қалай бағалайды?

Ақмаржан Көшербаева: Бізде (Қазақстанда – ред.) «жексұрын әйелді ұруға болады» деп ойлайтындар көп. Қазір қыз-келіншектер ерлермен бірдей жұмыс істеп жатыр. Ерлерден көп болмаса, аз ақша таппайды. Қазақстанда бір өзі 3-5 бала асырап жүрген 400 мыңнан аса ана бар. Олар балаларын ешкімнен қалдырмай өсіріп жатыр. Әйелдерге ешбір жеңілдік жоқ. Жалақыларына «бір өзің асырап жатырсың ғой» деп ақша қоспайды. Мемлекеттің беретін әлеуметтік төлемдері тіптен күлкілі. Бір балаға 2500 теңгедей. Бұл ақша бір ай нан алуға да жетпейді.

Жұдырығын түйген ер адам ашулы күйде әйеліне қарап тұр. Көрнекі сурет

Жұдырығын түйген ер адам ашулы күйде әйеліне қарап тұр. Көрнекі сурет

ҚОҒАМНЫҢ РЕАКЦИЯСЫ

Азаттық: Биліктің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шаралары тиімді ме?

Ақмаржан Көшербаева: Бізде әйелдерге жасалған зорлық-зомбылық үшін әкімшілік жаза ғана тағайындалады. Әйелдің өзі оны ұрғанын дәлелдеуі керек, біраз қағаз жинауы керек. Сот-медициналық экспертизасын жасап, тергеушінің артынан жүгіріп дәлелдеуі керек. Неге? Себебі тергеуші – ер адам. Бір жағынан «Олар сосын қайта татуласады, бұл менің көрсеткішіме кері әсер етеді, қылмыстың ашылуы деңгейі жоғары болуы керек» деп ойлайды да, мұндай істерді алмайды. Арыз жазып, полицияның артынан қалмай жүрген таныс қыз-келіншектер бар. Бірақ күйеулері сосын 25 мың теңгедей айыппұл төлеп, шығып кетті.

Азаттық: Жаза түрі жеткіліксіз бе сонда?

Ақмаржан Көшербаева: Ешбір жаза жоқ. Бізде «жазаны ауырлату керек, ауырлату керек» дейді. Бірақ жазадан қорқып жатқан қылмыскер жоқ. Мәселен, педофил «ертең мені өмір бойына қамап, кастрация жасауы мүмкін» деп қорқады деп ойлайсыз ба?

Азаттық: Сонда неге «қорықпайды»?

Ақмаржан Көшербаева: Отбасындағы тәрбие солай. Бізде балаларды қалай тәрбиелейді? «Міне, ал, мынау – сенікі», «Тек өзіңе беруіміз керек» дейді.

Азаттық: Ұл балаларды тәрбиелеуді айтасыз ба?

Ақмаржан Көшербаева: Иә, патшадай өсіреді. «Ақыңды алып алуың керек», «Еркек емессің бе?», «Анамен (төбелеске) шығасың ба, мынамен шығасың ба?» дейді. Күшті, зорлықты дәріптеу. Әр бала бұл дүниеге тап-таза боп келеді. Оны жаман қылатын – біз.

Әнші Ақмаржан Көшербаева.

Әнші Ақмаржан Көшербаева.

ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ЖАСАНДЫ ТҮСІК ЖАСАТУЫ

Азаттық: Былтыр денсаулық сақтау министрлігі қыздарға 16 жастан бастап ата-анасының рұқсатынсыз жасанды түсік жасатуға рұқсат беру мәселесін көтерді. Сіз бұл ұсынысты қолдаған екенсіз. Неге?

Ақмаржан Көшербаева: Заң жобасында тек аборт туралы жазылмаған. Журналистер үлкен құжаттың кішкентай бір бөлігін алды да, соны шу қылып жазды.

16 жастан бастап жыныстық қатынасқа түсуге болады. 16 жастан бастап ата-ана рұқсатымен некелесуге болады. Біз сонда кімді алдаймыз?​

Қазақстанда 18 жасқа толмағандар өздерінің денсаулық мәселесімен емханаға ата-аналарынсыз бара алмайды. Бірақ заң бойынша, 16 жастан бастап жыныстық қатынасқа түсуге болады. 16 жастан бастап әке-шешелерінің рұқсатымен некелесуге болады. Біз сонда кімді алдаймыз? Онда 18 жасына дейін ол азаматтармен жыныстық қатынасқа түсуге болмайды деп жазу керек қой. «Министрлік абортқа рұқсат беріп жатыр» деп біраз адам шошыды. Былай қарасаңыз, 16-18 жас аралығында аборт жасату көрсеткіші өте төмен.

Мұндай жас қыздар гинекологқа барғанда дәрігерлер жүктілікті жалғастыруға көндіріп бағады. Өйткені жасөспірімнің денсаулығына аборттың зардабы тиюі мүмкін. Бірақ 16 жасқа толған қыз екіқабат болып қалса, ата-анасына «аборт жасатқым келеді» деп айта ма? Ол заңсыз абортқа жүгінеді. Қазақстанда ондай аборттар жасалады. Бала медициналық орталыққа барып, дәрігерлермен кездесіп, сапалы медициналық қызмет алса, мұның несі жаман? Оның ішінде терапевт, андролог қана емес, барлық медициналық қызмет бар. Бастан-аяқ тексеріле алады. Бір баланың құқығын қорғаймыз деп басқаның құқықтарын бұзуға, шектеуге болмайды. Ата-аналар да әртүрлі. Онкологиялық ауруларға шалдыққан балалармен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың бірі мынадай жағдай айтып еді. Бала 16 жаста. Ракпен ауырады. Ата-анасы анализ алуға рұқсат бермеген. «Дәстүрлі медицинаға апарып емдетеміз» деген. Ал бала дәрігерге «Мені емдеңіз, анализ алыңыз, келісімімді берем» дейді. Бірақ дәрігерлер ештеңе істей алмайды, қолы байлаулы. Себебі бала – 16 жаста.

«ЖЕМІСІН 15-20 ЖЫЛДА КӨРЕМІЗ»

Азаттық: Биліктің, өзіңіз бірлесе істейтін мемлекеттік комиссия мен ұйымдардың жұмыстары әйелдер құқығына қатысты ахуалды өзгертіп жатыр ма? Қалай ойлайсыз?

Ақмаржан Көшербаева: Иә, өзгертіп жатыр.

Азаттық: Бірақ «зорлық-зомбылық көбейіп жатыр» дедіңіз ғой?

Ақмаржан Көшербаева: Менің ойымша, бұл жұмыстардың жемісін 15-20 жылдан кейін көреміз. «Ертең бәрі өзгереді» деген балаң оймен жүрген жоқпын. Мәселен, бүгіннен бастап оқу бағдарламасына жыныстық білім беру туралы пән енгізсе, бүгін бірінші сыныпқа барған балалар 12 жылдан кейін ғана мектеп бітіреді. Бүгін медициналық орталықтар 16 жастан асқан балаларды қабылдай бастайды десек, дәрігерге ешбір қорқынышсыз бара алатын жасөспірімдер бірнеше жылдан соң ғана қалыптасады. Бір ұрпақ өзгерген соң ғана түсінік өзгереді. Біздің халық «еркек пен әйел тең емес» деп санайды. Ересектердің ойын бұзу қиын. Бірақ жас балалардың ойын өзгертуге мүмкіндік бар. Білім беру, денсаулық сақтау, ақпарат және коммуникациялар министрлігі жағынан үлкен ведомствоаралық жұмыс керек. Оның бәрін қоғамға жеткізу үшін байланыстырушы көпір қажет.

Азаттық: Қазір мұндай «көпір» жоқ па?

Ақмаржан Көшербаева: Өкінішке қарай, ондай байланыс жоқ. Халықтың өзі сенетін, мәселені түсінікті тілмен жеткізетін адам болса, кішкене өзгеріс болар еді.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет!

Отбасыдағы зорлық-зомбылық

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасына сәйкес, әлемде әрбір үшінші әйел тұрмыста зәбір көрген немесе жыныстық зорлыққа ұшыраған. Ұйымның дерегінше, «агрессор» білімінің таяздығы, бала кезінде қатігездік көргені, ішімдікке салынуы, жұбайының көзіне шөп салуы, ер адамның мәртебесін жоғары санайтын қоғамдық нормалар – отбасындағы зорлық-зомбылыққа итермелейтін факторлар. Әлемде күн сайын 137 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады.

Дереккөз: Азаттық