Жарылыстан қаза тапқан төрт әскеридің есімі аталды
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Жамбыл облысында жарылыс кезінде қаза тапқан 4 әскери қызметші туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Министрдің айтуынша, Тараз маңындағы жарылыс салдарын жою кезінде төрт әскери қызметші қаза тапқан.
«Бұл полковник Хапезов, келісімшарт бойынша қызмет еткен сержант Мишенбаев, келісімшарт бойынша ефрейтор Жанболатов және әскерилендірілген күзет қызметшісі Далибаев. Әріптестерімнің атынан қаза болғандардың жақындарына көңіл айтамын», — деді министр.
Министрдің айтуынша, бірнеше адам байланысқа шықпай жатыр және оларды іздеу жұмыстары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, өрт Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қойманың жанында 26 тамызда сағат 19.00-де басталған болатын. Біраз уақыттан кейін қызыл жалын жарылысқа ұласты. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, тротил жарылды. Зардап шеккен адамдар саны 66-ға жетті. Қазір жарылыстар тоқтады.