Жары өмірден ерте озып, жесір қалған астаналық азамат коронавирус үшін жұмыссыз қалды — Қазақстан жаңалықтары

0

Нұр-Сұлтан тұрғыны 39 жастағы Қалижан Жөкенұлы – жалғызбасты әке. Карантин жарияланып, жұмыссыз қалғанына бір айға жуық уақыт болған. Жары өмірден ерте қайтқан азамат балаларына жетімдерге арналған атаулы жәрдемақы алады. Алайда алатын 45 000 теңге азық-түлік, дәрі-дәрмектен бөлек, пәтердің ақшасын шығаруға да жетпейді. Stan.kz редакциясы халықтан көмек сұраған екі баланың әкесімен сөйлесті.

«Біз сияқты қарапайым адамдардың басына түскен нәубет қой, кім сұрап алады дейсің мұндайды. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, барлығы жан-жақтан қысымға ұшыратып жатыр ғой. Пәтеріміз бар, коммуналды қызмет бар, дәрі-дәрмек, ішіп-жейтініміз бар. Қазір жұмыссыз қалдық, карантин уақытына үйде отырмын», — дейді Қалижан Жөкенұлы.

Айтуынша, пәтерді 95 мың теңгеге жалдап тұрады. 180 мыңдық табысынан айырылған ол, асып-таспаса да, жалақысы азық-түлікке, басқа да шығындарға жеткенін айтады.

«Екі ұлым бар: бірі — студент, екіншісі мектеп оқушысы. Қазір онлайн форматта оқып жатыр үлкен ұлым, сабақтарын телефон арқылы істейді. Кіші ұлымың сабағы 6 сәуірден басталады. Бүгін байқау сабағы болды. Үлкен ұлдікі таңертең 8-ден басталады, Қарағандыда оқиды, карантин болғандықтан үйге жіберген», — дейді азамат. 

Қалижан Жөкенұлы кафеде аспаз болып жұмыс істегенін айтады.

«Наурыздың 12-нен бастап жұмыстан шықтық, ескерту жасалды, ақысы төленбейтін демалысқа шықтық. Карантинге дейін асып-төгіп жүрген ақшамыз болмаса да, пәтердің ақшасы, ішіп-жемге жететін. Ол кезде ешкімге алақан жаймайтынбыз», — дейді ол.

Айтуынша, бұ,ан дейін көмек сұраған соң адамдар азын-аулақ ақша салып, жәрдемдескен. 

«Ешқандай көмек болмады деп айта алмаймын, азын-аулақ көмек болды. 500, 1000-теңгеден әйтеуір салып жатыр. Рахмет, көп түкірсе көл ғой. Бірнеше кісі ақша жіберді. Екі мың теңге жіберген кісілер болды. 200-100 теңгеге дейін жіберген кісілер болды, нанға болса да… Қазір енді ешкім ештеңе дей алмайды ғой, карантин қашан бітетіні белгісіз. Сондықтан басшылықтан жұмыс қашан басталатыны да белгісіз. Шынымды айтсам, алақан жайғым келмейді, менен де жағдайлары нашар көпбалалы отбасылар бар екенін түсінемін. Оған қарағанда деніміз сау, басымыз аман ғой, бірақ әркімнің қиыншылығы өз басында. Ешкімге нақты мынаны беріңдер деп айтпаймын. Жомарт кісілер болса, бір сауап жасағандарға, жеті есе етіп қайтуын тілеймін», — дейді ол.

Азаматтың айтуынша, жұмысы бейресми болғандықтан, мұқтаж жандарға деп бөлінген 42 300 теңгені ала алмайды.

Қалижан Жөкенұлының балаларына атаулы жәрдемақы алатындықтан, жұмыссыз қалғанына мемлекет көмек беретініне күмәні бар.

«Аналары қайтыс болғаннан кейін жетім балаларға арналған атаулы әлеуметтік көмек аламын, екі балаға 45 000 теңге. Сондықтан маған үкімет беріп жатыр деген сияқты, көмек бере қоймайды-ау. Өздеріңіз білетіндей, 45 000 теңге ештеңеге жетпейді. Он бес күнге үнемдеп жеткізуге болатын шығар. 

Күніне екі рет дүкенге бару, қоқыс төгуге шықсақ:150 теңгеге қолғап аламыз, 150 теңгеге маска аламыз, тек соның өзінен 300 теңге шығын шығады. 

Одан бөлек, нанымыз бар, сүтіміз бар, күніне жалпы алғанда 2000 теңге жұмсаймыз.

«Тамақ жағында жұмыс істейтіндіктен, басқа да барып келетін жұмысқа шақырды. Алайда туыстарым, балаларым үйде отыра берсейші деген соң, шынымды айтсам, қазір шығуға қорықтым», — дейді Қалижан Жөкенұлы. 

 

Stan.kz редакциясы Қалижан Жөкенұлы отбасына көмек қолын созамын деуші жаны жомарт жандарға байланыс нөмірін ұсынады: 

8 702 410 01 12 (Каспий Голд) 

stan.kz