Жарқын жобалар жүзеге асады

0
119

Ал биылғы жылды Жас­тар жылы деп жариялауы Мем­­лекет басшысының бола­шақ­тың іргетасын қалап жатқан жас­тар­дың жағдайын жақсартуға бағыт­талған нақты қадам деп білеміз.

Елбасының қатысуы­мен өткен Жастар жылының ашылуын тікелей эфирден тамашалай отырып, Қазақстан жастарының амбициялары зор, талпынысы мықты, ертеңгі күн­ге деген сенімдері мен үміттері орасан екенін аңғарып, шын қуандым. Әсіресе елімізде баламасы жоқ жобалар ұсына келген жаңа буын өкілдерінің талабына тамсандым.

Сол ұсыныстардың ішінде қазақтың саятшылық өнерін жаһан жұртына жария етіп жүрген Айшолпанның жас жүрегінің «Отаным» деп елжірегені ерекше әсер етті. Ал оның «Астана­да және басқа қалаларда қазақ­тың салт-дәстүрін оқып-үйрете­тін ор­та­лықтар, соның ішінде бүр­кіт­шілер мектебі ашылса» деген тілегі көптен бері көкейде жүрген ойды дөп басты.

Егер мұндай мектеп құрылар болса, оның пайдасы мол болар еді. Біріншіден, бұл құстар ұстайтын арнайы питомник ашуға мүмкіндік береді. Өйткені қазір­гі уақытта біздің құсбегілер бүр­кіт, қаршыға, лашын секілді аңшы құстарды даладан аулап алуда. Бірақ оның басым бөлігі Қызыл кітапқа енген. Демек әлем­дік жануарлар құқығын қор­ғау ұйымы қазақ саятшыларын жауапкершілікке тартуы мүмкін. Ал арнайы құс асырайтын орын болса, өзімізде өсіріп, баулуға жол ашылар еді.

Екіншіден, мектеп жанынан жас натуралистер үйірмесін ашуға да болады. Бір мысал айта кетейін, жуырда ғана Тараз қаласындағы Жеңіс паркінде «Үшбұлақ» жаға­лауы пайдалануға берілді. Онда жіберілген аққу-қаздар қала­лық­тардың көз қуанышына айналды.

Үшіншіден, ата-бабамыздың салт-дәстүрін оқытып, үйрететін мектептерде қазақтың атбегі­лік, құсбегілік, күйшілік пен әнші­лік сынды құнды өнерлерін бір арнаға тоғыстырған сал-сері­лік­ті де жандандыруға мүм­кін­дік туар еді. Былайша айтқан­да, бұл секілді мектепті ашу – Жастар жылындағы жарқын жобалардың бірі болары сөзсіз.

Жалпы, қазақта саятшы қыздар көп болған. Алайда оның бірін білсек, бірін білмейміз. Осы ретте ата өнерді әлемге танытып жүр­ген Айшолпан қызымызға алғы­сым­­ды білдіремін. Ал Жастар жы­лы Айшолпан секілді арманы асқақ, талабы таудай жастардың мақ­сатына жетуіне үлкен мүмкіндік бола­ды деп ойлаймын.

Жапар Сатылғанов, 

құсбегі, ардагер

Жамбыл облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/